№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қант қызылшасын табысқа айналдыра аламыз ба?

Қант қызылшасын табысқа айналдыра аламыз ба?


Өткен жылы өңірімізде әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие қант қызылшасы көш бастаған болатын. Биыл да бұл өнімге деген сұраныс кеміген жоқ. Өйткені, бұл өнімнің тамақ өндірісі болсын, ауылшаруашылығы саласы болсын қолданыс аясы өте кең. Қызылша өсіру біздің елде де берекелі кәсіпке айналды. Оның игілігін тек Алматы және Жамбыл облысы шаруалары көруде. Сыр өңірінің бұл өнімді өсіруге әлеуеті жететіні ақиқат. Тек бізде өнімді өткізетін зауыт жоқтығы талапқа тұсау болып тұр. Бақша дақылдары ішіндегі өтімділігі мен шығымы жоғары өнімге көшуге кедергілердің басты себебі осы. Әйтпесе біздің шаруалар қанша гектар болса да қызылша егіп, шығымын көбейтуге қауқарлы.


Бүгінде қанттың 60 пайызы сырт­тан импортталады. Үкіметтің жуырдағы кеңейтілген отырысында Мемлекет бас­шысы бұрын іске қосылған жеті қант зауытының төртеуі ғана жұмыс істеп тұрғанын алға тартты. Оның үстіне жүктемесі де 30 пайыздан зорға асады. Қант қызылшасы тұқымы нарығы да 95 пайыз импортқа тәуелді, мұнда отандық өнімнің үлесі бар болғаны – 5-ақ пайыз.
“Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылға қарай қант қызылшасының үлесін 6 есеге (7 пайыздан 43 пайызға дейін) арттыруды жоспарлап отыр. Алайда соңғы төрт жылда қант қызылшасының егілу ауданы үштен бірге азайды. Біз импорттық қантқа 90 пайызға тәуелдіміз. Бұл жерде ЕАЭО аясындағы шешімдерді алға тартуға болады. Бірақ кез келген жағдайда бұл Үкіметтің кемшілігі бо­лып қалмақ. Демек, мемлекет ұста­ны­мын қорғай алмады”, – деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаеве қант саласын дамыту жөніндегі жеке салалық жоба әзірлену керек екенін жеткізді. Ондағы мақсат – импортқа тәуелділікті барынша қысқарту, өзін-өзі қамтамасыз етуге біртіндеп көшу.

Ғалымдар не дейді?

Қант қызылшасы жайында өткен аптада «КМF» қаржы ұйымының 25 жылдығы аясында өткен агрофорумға арнайы келіп, аудан шаруаларымен кездесу өткізген Бекзат Төрегелдиев терең түсіндірме жұмысын жүргізді. РһD докторы, канадалық Альберта университетінің түлегі Бекзат мырзаның талдау-таразылауынан бұл дақылдың пайдасы туралы құнды мағлұмат ала алдық. Ғалым қант қызылшасының қазіргі таңдағы жағдайы және өсіру агротехнологиясы тақырыбында әңгіме өрбітті.
– Қант қызылшасы – біздің елде қант алуға арналған негізгі шикізат, оның өндірілу деңгейі елдің азық-түліктік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Бұл – қайта өңдеу тұрғысынан барынша сұранысқа ие дақылдың бірі. Қазақстанда бұл өнімнің 3 түрі өсіріле­ді. Әлемдегі қант нарығына үңілер болсақ, қант негізінен қант құрағынан және қант қызылшасынан алынады. Қант құрағының өндірісі 1,4 млрд тоннаны құрайды. Оның ішінде қант қызылшасының үлесі – 270 млн тонна болып отыр. Ал, бізде бар өндірілетіні 200 мың тонна, жалпы тұтыну көр­сеткішіміз 500 мың тоннаны құрайды. Сондықтан экспорттап, экономикаға үлес қосудан бұрын ішкі нарығымызды реттеп алуымыз керек, – деді ол.
Рас, біз елде бір оңды ахуалға, қолұшын созудың орнына, оны талан-таражға салуға ынтықпыз. Енді ішкі ахуалды реттейтін уақыт келді. Өйткені, қанттың бағасы аспандап кетті. Қазір ел бойынша Алматыда «Ақсу» және «Көк­су», сондай-ақ, Жамбылда «Меркі» қант зауыты бар. Біз жетісулық шаруалардың биылғы тыныс-тіршілігімен танысып көрдік. Жалпы облыс бойынша осы жылы 370 мың тонна өнім жинау жоспарланып, 2 қант зауыты 71 мың тонна қант өндіруге ниетті. Қазір барлық ауданда тәтті түбір егіледі. Биыл бұл қатарға алакөлдік диқандар да қосылды. Бүгінде Алакөл ауданындағы 20 шаруа қожалығы 500 гектарға еккен қант қызылшасын жинауға кіріскенін білдік.
Бұған дейін қызылша өсіруді тиімсіз және қиын жұмыс деп санаған шаруа­лар тек майбұршақ өсірумен айналыс­қан. Дегенмен биылдан бастап қант қызылшасына төлем зауыттан берілетін сома мен мемлекеттік субсидияны қоса алғанда 40 мың теңгеге өскендіктен тәтті түбір өсірудің табыстылығы артқан.
– Биыл Көксу қант зауыты америкалық элиталық сорт тұқымымен қамтамасыз етті. 8 гектардан 320 тонна өнім жина­дық. Алқаптың бірінші бөлігінде бір тәтті түбірдің орташа салмағы 6 килограм­ға жетсе, ең ірісі 8 килограмнан асып отыр. Өнімдерімізді Ақсу қант зауыты­на өңдеуге тапсырдық. Келесі жылы тәтті түбірдің егіс алқабын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Мұндай өнімділікке қол жеткізу үшін тұқымның сорты да, агротехникалық талаптарды сақтау да, баптап өсіру мен суғару да – бәрі маңызды, – дейді шаруа қожалығының басшысы Жасұлан Сүлейменов.
– Субсидия қалай бөлінеді?
– 2021 жылы қант зауыттары мен мемлекет берген демеуқаржы есебінен бір келі қызылшаның құны 20 теңгеге жеткен. Ал былтырдан бастап Үкімет шаруаларды қолдау мақсатында қант зауыттарының сатып алу бағасын ұлғайтты. Зауыт 15 теңге, ал мемлекет субсидия ретінде 15 теңге төлейді. Осылайша, бір тонна қант қызылшасы үшін шаруалар енді 30 мың теңге алатын болады. Мұндай қолдау басқа мемлекеттерде жоқ. Мәселен, қазір Алматы шаруалары 1 гектарға 70 мың дән тастаса, жамбылдық диқандар 80 мың тұқымға дейін себуде. Бұл дегені­міз, гектарына 70-80 тонна өнім алуға болады деген сөз. Шаруасы шатқаяқтап тұрған сала үшін бұл да болса үлкен демеу екені анық.
Ғалымның айтуынша әлемдік на­рықта қант қызылшасының экспорты азайған, бұл біздің шаруаларға мүмкіндік дейді. Ал, Қызылорда облысында қант қызылшасын өсіру қаншалықты тиімді?
– Негізінен бұл дақыл өте баяу өседі, біздің өңірдегі шығымы басқа аймақтарға қарағанда жоғары болады. Ең басты себебі, климаттың ысты­ғы мен топырақтың құнарлығы. Қант қызылшасын жинаудың ең оңтайлы уақыты 20 қыркүйектен 1 қарашаға дейінгі кезең. Тамыржемістерін жи­нау тұрақты ауа температурасы 5°C-тан төмен және топырақ қатып қал­ғанға дейін аяқталуы керек, ерте кезең­дерде жинауды өнімділігі жоғары, тамыр жемістеріндегі қант мөлшері кемінде 14% болатын жерлерден бастау керек. Негізгі және ең үнемді әдіс – бұл жи­наудың ағынды әдісі, онда ком­байн бункерінен тамыржемістер көлік құ­ралына тиеліп, қызылша қабылдау пунктіне жіберіледі.
Қызылша дақылы көп суды да қажет етпейді екен. Соның өзінде биыл су жетіспеушілікке ұрыныпты. Өйт­кені плотинаның суына сеніп еккен­мен, ол су ертерек түгесіліп, соңғы кезегінде суғарылудан да қағылыпты. Бір әттегенайы, егіндік мерзімінен бір ай кеш, яғни сәуірдің 5-інде емес, мамырдың 5-не қондырылған. Сондай-ақ, топырақ құрамын да анықтап үл­гірмедік, – дейді маман. Тыңайтқышты бергенде де өлшем бірліктері қағидасы сақталуы керек екен.

Аудандағы ахуал

Сыр елінде қызылша дәнін себу дәстүрі әлі қалыптаса қоймады. Тек біздің ауданда ғана тәжірибе алаңы орын алғаны белгілі. Жалпы бұл дақылды егу жаңақорғандық шаруаларға таң­сық емес. Өйткені, бұған дейін өсіріп, шығынға батқан дала еңбеккерлері беттеуге жүрексініп отыр. Оған басты себеп, бірінші, өнім піскенде жинауы, екінші, шикізатты өткізуі шаруаларға қиындық туғызады. Ал, үшінші техни­каның тапшылығы тұсау болып тұр. Бұл жөнінде Бекзат Төрегелдиев: «Техниканы аймақ, аудан басшылығы шешуі тиіс. Ал, өткізу бойынша қазір зауыттарға Президент қатаң тапсырма беріп, ісін ілгерілетуді тапсырды. Сон­дықтан қорықпай егуге болады. Тіпті болмаса бізбен байланысуға болады» – деді.
Биыл тұралап қалған егін шаруасын қолға алып, небәрі 1 гектарына дән тастады. Егер шығымы мен өтімділігі жақсы болса, келер жылдан бас­тап жаппай қолға алуға ниетті. Су тапшылығы да ретке келеді. Өйткені, күріш суды ең көп қажет ететін дақыл.
– Нақ осы дақыл біздің өңірге тіленіп тұр. Оның жердің бетіндегі егіз тұқымдасы қауын мен қарбызды өсіргенде қант қызылшасын ескермегеніміз кемшілігіміз болмақ. Маман ретінде айтарым, әр аймақта күн спектрі әртүрлі болады, дақыл күннен де, жерден де нәр алады. Біздің аймақта күннен күлгін сәуле бөлінеді, бұл айрықша тәтті дақылдар клеткаларын белсенді түзеді. Ал солтүстік аймақтарда күннен бөлінетін сарғыш-қызыл сәуле белок, май, крахмалға бай дақылдарға тиімді.
Кезінде Келінтөбе кеңшарына басшылық еткен жылдары 20-30 гектар жерге егіп көрдім. Сонда әр гектардан 45-60 тонна өнім алдық. Егу тәсілі жерді жүйектеп, ұрық шашып жүгері еккенмен бірдей. Наурыздың соңын ала егіп, қарашаға дейін емін-еркін жинап алуға болады. Суыққа төзімді, сақтауға да оңай, іріп-ағып кетпейді. Өңірді қантпен қамтамасыз ету бір бөлек, мал азығындық маңызы одан бір де кем емес. Бұған дейін өңір халқын ғасырға жуық күріш асыраса, бұл жаңа дақыл сондай уақыт елді асырауы бек мүмкін, – деді ауылшаруашылығы саласының ардагері Алмас Нәлібаев.
– Биыл да жаңақорғандық шаруалар Жайылма ауылдық округіне қарасты “Айсара Ана” шаруа қожалығында 5гектар қант қызылшасы егіліп, 280 центнерден өнім алынды. Әрине бұл жақсы нәтижес. Тек сәл еңбекті қажет етеді демесеңіз пайдасы көл-көсір, – деді ауданның бас агрономы Даурен Абибуллаев.
Біздің елдегі тағы бір мәселе, дақылдың дәні, оны уақытпен реттейміз. Ең бастысы, биылғы сынақ нәтижелі болып, шаруалар келешегін осы да­қылмен байлап, экспорт әлеуетін арттыруға ниетті. Барлығы уақыттың еншісінде.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
28 қараша 2023 ж. 374 0