№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қант өнімдері өзімізде өндіріледі

Қант өнімдері өзімізде өндіріледі


Соңғы кезде күнделікті ас-ауқатымызға аса қажет қант пен шекердің тапшылығы тұтынушының қалтасына салмақ салып, көпшілікті кәдімгідей сансыратып тастағаны рас. Қарап тұрсаңыз, мемлекеттік деңгейде қараапайым ғана өндірістегі жүйенің дұрыс жоспарланбауынан қатпары қалың қордаланған мәселе туып, қантқа дейін қарадай қат өнімнің қатарына шығып, құны аспандап кеткен. Осы жағдайларды ескерген жергілікті басшылық қойнауы құт мекеннің мүмкіндігіне иек артып, осы бр күрделі ахуалдың қиюын келтіруге білек сыбанып кіріскен сыңайлы. Соның бір бастамасы мынау: биыл жаз қарбызымен аты шыққан Жайылманың топырағына қант қызылшасы егілді. Оның нәтижесі көңіл қуантарлық.


Бұл жөнінде аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиев бізге кең көлемде төмендегідей ақпар берді:
– Биыл наурыз айында қатты белең алған қант тапшылығына байланысты аудан әкімінің нақты тапсырмасымен Жайылма ауылына қарасты «Сенім» шаруа қожалығы тәжірибелік мақсатта қант қызылшасын еккен болатын. Қазіргі уақытта гектарына 270 центнерден өнім алынды. Бұл көрсеткіш өнімді біздің жерімізде егуге толық болады деген сенімді көкейге берік ұялатып отыр. Өйткені өнімнің қанттылығы басқа өңірлерде 16 пайыз болса, бізде 19 пайызға жетті. Егер егіс технологиясы толық дәрежесінде қолданылғанда нәтиже бұдан да жоғары болар еді. Биыл алғаш қолға алып отырғандықтан ғылыми әрекетіміз әлсіз, әлеуетті әдіс-тәсілдерді де толыққанды қамти алмадық . Егерде осы олқылықтардың орнын жойып, тәжірибемізді арттырсақ 400 центнерге дейін өнім алуға болады, – дейді ол.

Қызылша дақылы көп суды да қажет етпейді екен. Соның өзінде биыл су жетіспеушілікке ұрыныпты. Өйткені плотинаның суына сеніп еккенмен, ол су ертерек түгесіліп, соңғы кезегінде суғарылудан да қағылыпты. Бір әттеген-айы, егіндік мерзімінен бір ай кеш, яғни сәуірдің 5-інде емес, мамырдың 5-не қондырылған. Сондаяқ, топырақ құрамын да анықтап үлгірмедік дейді маман. Тыңайтқышты бергенде де өлшем бірліктері қағидасы сақталуы керек екен. Бұл жағы да кемшіндеу болғанын айтты.

Өнімді орналастыруда Алматы ғылыми зерттеу институты арқылы жұмыс жасап, «Ақсу» деп аталатын тұқымды содан сатып алыпты. Бұл институт облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қолға алған 019 бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге ынталылық танытып отыр екен. Алдағы уақытта тағы да 20-30 гектар жерге тәжірибелік алаң ұйымдастырып, тек Жайылма өңірінде ғана емес, ауданның басқа шаруашылықтарының топырақ құнарын зерттеп, қандай органикалық және минералдық тыңайтқыштар қажет, қандай технологияны сақтағанда жоғары көрсеткішке қол жеткізуге болады, осы жағын жан-жақты саралап, егіс көлемі кеңейтілмек. Егер 400-500 центнер өнімге қол жеткізілсе, аймақ басшылығы инвестор тартуға уәде беріп отыр. Ол кезде өңірімізде қант шығаратын шағын зауыт іске қосылатын болады.

Жайылма ауылында 2 гектар жерге егілген қант қызылшасы дақылынан 240 центнер өнім алған шаруалардың еңбек нәтижесін өз көзімен көріп қайтқан аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы алдағы уақытта ынталы азаматтардың жұмысын жан-жақты қолдауға әзір екенін айтты.

Жаңақорған жерінде қант қызылшасын өсіруді қолға алудың артықшылығы жөнінде осыдан көп бұрын, сол кездері ауданның ауыл шаруашылығы саласын басқарған азамат Алмас Нәлібаевтың ұсыныстары да есіімізде. Ол былай деген болатын:
– Бізде бір артықшылық, өнімділігі өте жоғары қант қызылшасын өсіруге мүмкіндік бар. Оның тиіміділігі неде?
Бірінші, жеңіл топырақты жерімізге, жылы ауа-райына осы өнім әбден ыңғайлы.

Екінші, жерге қауын егіп, ол басын байлап көтерілгенде топырақтың астында соның баламасы қант қызылшасы тамыр жіберетіні табиғи заңдылық. Өмірде барлығы жұбымен өркен жаяды.

Сондықтан өңірімізде қант қызылшасын егетін болсақ өніміділігі өте жоғары болады. Қандай құрама жемнен де жұғымдылығы артық. Байлаған малға да құнарлы азық болып табылады.

Келешекте ауданда кіші қант зауыты салынатын болса тіптен жақсы. Бір тонна қант қызылшасынан 170 килограмға дайын қант алынады. Сондықтан келешекте аудан егіншілері қант қызылшасымен айналысу керек деп есептеймін.
Маман ретінде айтарым, әр аймақта күн спектрі әртүрлі болады, дақыл күннен де, жерден де нәр алады. Біздің аймақта күннен күлгін сәуле бөлінеді. Бұл айрықша тәтті дақылдар клеткаларын белсенді түзеді. Ал солтүстік аймақтарда күннен бөлінетін сарғыш-қызыл сәуле белок, май, крахмалға бай дақылдарға тиімді, – деген еді.

Құдайдың біздің табиғатымызға тарту еткен тәтті өнім – қауын-қарбыз дақылдары қатарында қант қызылшасын кезінде Келінтөбе акеңшарына басшылық еткен жылдары 30-40 гектар жерге егіп көріпті. Сонда әр гектардан 45-60 тонна өнім алған. Наурыздың соңын ала егіп, қарашаға дейін емін-еркін жинап алуға болатын суыққа төзімді өнім екеніне әбден көз жеткізгенін, енді ауданда осы өнімге ықылас артса деген арманын бөліскен еді.
Міне, соның сәті бүгін туған тәрізді.

Баян ҮСЕЙІНОВА

18 қазан 2022 ж. 938 0