№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » 2 млрд теңге тиімсіз жоспарланған

2 млрд теңге тиімсіз жоспарланған

Апта басында Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы Жаңақорған ауданына арнайы келіп, аудандық бюджет қаражатын, мемлекет активтерін пайдалану және аудандық бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен мерзіміне қатысты зерделеу жұмысын жүргізді. Жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша аудан әкімдігінде арнайы жиын өтіп, орын алған олқылықтар мен кеткен кемшіліктер туралы толық баяндалды. Бөлінген тарифтерді тиімді игере алмаған мекемелер нақты аталып, ескертулер жасалды.


  Соңғы жылдары, әсіресе елдегі карантин кезінде қазына қаражатын оңды-солды шашып, тиімсіз пайдаланудың көбейгені рас. Биылдың өзінде ауданда орын алып жатқан жағдайлар көңіл көншіте қоймайды. Барлық істің сұрауы бар, сондықтан халықтың әр тиыны далаға кетпеуін қадағалап отыратын мекемелер де аз емес. Жиында осы мәселелер талқыланып, заң шеңберінде талап-міндеттер қойылды. Аудан әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов модераторлық еткен басқосуға әкімдіктің бөлім басшылары, ауылдық округ және кент әкімдері мен есепшілер арнайы қатысты. Арнайы тексеру мүшелерінің хабарламасы тыңдалып, пікір алмасты. Қаражатты тиімді жоспарлау, пайдалану, қаржылық, рәсімдік бұзушылықтарды болдырмау және әкімшілік, тәртіптік жауаптылық мәселелері жан-жақты талқыланды.

Алдымен тексеру комиссиясының мүшесі Ернұр Әбдірахманов зерделеу жұмысының нәтижесін баяндады. Аудандық бюджет қаражатын, мемлекет активтерін пайдалану және аудандық бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақытылығына тексеріс жүргізген аудит негізінде 2020 жылдың 1 қаңтары мен 2022 жылдың 31 желтоқсаны аралығындағы кезең қамтылғанын айтты.

– Тексеру комиссиясы 11 млрд 356 млн 731,3 мың теңгені қамти отырып, 11 объектіде (10 коммуналдық мемлекеттік мекемесі және 1 коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны) 2023 жылдың 19 шілдесі мен 18 тамыз аралығында мемлекеттік аудит жүргізді. Аудиттің нәтижесінде анықталған басты мәселелерге тоқталамын, – деген ол төмендегі жайттарды айтып өтті.

– 2021-2025 жылдарға арналған Қызылорда облысының Даму жоспарында нысаналы индикаторлар облыстық маңызы бар аудандар мен қалалар бөлінісінде облыстың даму жоспарына қосымша түрінде Жаңақорған ауданы бөлінісінде 2022 жылға көрсетілген 3 индикатор көрсеткіштеріне қол жеткізілмеген. Ішкі туристер санының артуы нысаналы индикаторы, нөмірлік қор санын ұлғайту нысаналы индикаторы және сыртқы туристер санының артуы нысаналы индикаторының жоспары орындалмаған.

Екіншіден, бюджет қаражатын тиімді жоспарлау және пайдалану бөлігінде жекелеген бұзушылықтар мен кемшіліктер белгіленді. Негізгілеріне тоқталсақ, ауданның уәкілетті органдары «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек», «Үкіметтік емес ұйымдарда мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру», «Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз етуге және өмір сүру сапасын жақсарту» бюджеттік бағдарламасы бойынша 2020-2022 жылдары шешімдер қабылдаған кезде 2,6 млрд теңге бюджет қаражатын ұтымды (рационалды) пайдалану жөніндегі тәсілдер ескерілмеген. Аталған қаржы артық жоспарланған. Аудандық мәслихаттың 2020 жылғы 2 қазандағы №495 шешімінде халықтың осал тобы қатарындағы отбасынан шыққан балаларына «Бакалавр» академиялық дәрежесін алуға және медициналық резидентурада оқытуға көмек көрсету нормасы қарастырылмағанын ескермей, 2022 жылы 11 оқушыға 8 млн 984,6 мың теңге қаржы жоспарланған және жұмсалынған, – деді Е.Әбдірахманов.

Мақаланы ары қарай комиссия мүшесінің хабарламасымен жалғастырайық. 2020-2022 жылдары облыста толтырылмаған бос жұмыс орындары 166 болса да, аталған кезеңде халықтың осал тобы қатарындағы отбасынан шыққан облыс әкімінің гранты бойынша Жаңақорғаннан 50 бала жоғарғы оқу орнын тәмамдап, оның 37-сі ғана жұмыспен қамтылмаған. Яғни, бұл бағыттағы жұмыс уәкілетті органдармен жүргізілмеген. Үшінші, мемлекеттік мүлік туралы заңнаманың олқылықтарына байланысты. Облыстық меншіктегі 16 мүлік екі рет қайта тіркеуге және бюджет қаражатын 227,0 мың теңгені қосымша жұмсауға әкелген. Аудан әкімінің аппаратының теңгеріміндегі негізгі қорлар тізіміне алынған 775,5 мың теңгенің заты жергілікті атқарушы органының шешімінсіз облыстық коммуналдық заңды тұлға «Жаңақорған аудандық аграрлы-техникалық колледжі» МКҚК пайдалануға берілген.

Төртінші, құрылыс қызметі, міндетті әлеуметтік сақтандыру, зейнетақы қорына міндетті аударымдар, мекемелерде түгендеу жүргізу, мемлекеттік сатып алу саласындағы негізгі бұзушылықтар мен кемшіліктер туралы түйінделді. 2020-2022 жылдары Міндетті зейнетақы, Әлеуметтік сақтандыру және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары мемлекеттік аудит объектілерімен 2 күннен 646 күнге дейінгі аралықта кешіктіріп аударылған. Бұл осы саланы реттейтін заңнамалардың талаптарын өрескел бұзушылық екені анық. Жүйелік бұзушылық, ол мекеме қызметкерлеріне еңбекақыны нақты жұмыс істемеген келесі айдың есебінен алдын-ала аванс ретінде 2020-2022 жылдарда төлемдер жасаудан көрінді. Мемлекеттік мекемелердің дүние мүліктерін түгендеу кезінде әр түрлі дебиторлар және кредит берушілермен есеп айырысулар бойынша түгендеу мүлдем жүргізбеуі орын алған. Комиссия құрамына материалдық жауапты тұлға кіруі және түгендеу жүргізудің бастау және аяқтау мерзімдері көрсетілмеуі, мекемеде түгендеу жүргізіліп болған соң, түгендеу деректері жазылатын акт және түгендеу тізімдемесі мен хаттамаларды рәсімдемеуі, мекемелердің дүние мүліктерінің жағдай туралы шынайы ақпаратты көрсетпеу тәуекелінің бар екендігін білдіреді.

– Мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұза отырып, келісім-шартты түзетпей, кәсіпкерлерден тауарлар сатып алу немесе түзетілген мемлекеттік сатып алу шартарында міндеттемелерді орындау мерзімін 15 күннен аз күнді белгілеу орын алды. Сондай-ақ, күрделі сипаттағы шығыстарға жататын шығыстардың ағымдағы бюджеттік бағдарлама арқылы жоспарланып сатып алу, шартты орындамаған өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап-арызбен сотқа жүгінбеу фактілері де анықталды. Аудандық маңызы бар ортақ пайдаланылатын 20 дана автомобиль жолдарының паспорты қалыптаспаған, жолаушыларды тұрақты тасымалдау тарифтері мен жол жүру ақысы жергілікті атқарушы органмен бекітілмеген.

Анықталған қаржылық бұзушылықтар еңбекақы төлеу, іс-сапар шығындарын төлеу кезеңіндегі заңнама талаптарының сақталмауынан, бюджет қаражаты есебінен сатып алынған тауарлы-материалды құндылықтардың мекеме теңгеріміне қате кірістелуінен, қаржылық есептілікте көрсетілуі тиіс мәліметтердің жасырылуы, орындалмаған, тиісінше орындалған жұмыс көлемі үшін мердігерге ақы төлеуінен, бюджетке түсетін түсімдерді заңнамамен белгіленген мерзімді талап етпеуден қалыптасқан, – деді жауапты маман.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша 2 млрд 699 млн 670,9 мың теңге бұзушылық анықталған. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар – 19 млн 834,3 мың теңге, бюджет қаражатын, активтерді тиімсіз пайдалану – 31 млн 674,4 мың теңге және бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау – 2 млрд 648 млн 162,2 мың теңге. Міне, әзірге осындай олқылықтар орын алды. Ашықтық пен жариялылықты қолға алған өте дұрыс, өйткені, ел қазынаның қайда кетіп жатқанын көру керек-ақ. Сол секілді жиын барысында аудандық білім бөліміне арнайы тоқталып, кеткен кемшіліктерді, қажет құжаттарды тездетіп дұрыс тапсырылды. Иә, қазір бұл мекеме қызметкерлері, әсіресе, есепші мамандар іске жұмыла кірісті.

Жиында түсінгеніміз, мемлекет қазынасының қандай қаражаты болсын қараусыз қалмайтыны. Әрбір теңгенің сұрауы боларын ұмыт қалдырмаған жөн. Ең бастысы, бөлінген қаржы тиімді жұмсалуы керек.

Әлібек Жарықбаев

27 қараша 2023 ж. 267 0