№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ПАРАСАТТЫ ТҰЛҒА «ПАРАҒА» ТӨЗБЕЙДІ

ПАРАСАТТЫ ТҰЛҒА «ПАРАҒА» ТӨЗБЕЙДІ

Халық даналығында «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөздің астарына үңілсек, бұл ұлағаттың әділдікті ту етіп, шындықтың шырайын шығарған билерден қалғанын ұғынамыз. Әрбір адам немесе басшы мен мемлекеттік қызметші бүкіл болмыс-бітімімен адал, әділ, турашыл, таза болып, нақтырақ айтқанда өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқармайынша қоғам түзелмейді, елдің дамуы алға жылжымайды. Әділетті Қазақстанды қалай құрамыз? Парасыз әлемді қалай қалыптастырамыз. Осы туралы өз ойымды айтуды құп көремін.

Әділетті қоғам құрудың негізгі қағидаты – сыбайластық жемқорлыққа мүлдем төбеушілік көзқарасын қалыптастырып, оның ізін жою екені даусыз. Мұны әркім өз отбасынан бастаса, бала санасында сыбайластық жемқорлыққа қарсы имминутет қалыптастырып, сын сағатта өзінің игілік байқатады. Ойлап қарасақ, біз бала күнімізде ата-әжелерімізден «Нағыз ер – ел үшін туады» деген сөзді естіп өстік. Бұл сөздің мағынасын өсе келе ұқтық. Ғұмыр бойы жиған білімі мен тәлім-тәрбиесін елге арнап, туған жерге адал еңбегін сіңіруі керектігін меңзейді. Ақ жаулықта аналарымыз «біреуге пайдаңды тигізе алмасаң, зиянынды да тигізбе» деген мына бір тағылымды сөзі тіптен ерекше. Бұдан біз нені ұғамыз? Әуелі, өзгерісті өзімізден бастауымыз керек. Қай тарапта, қай талапта жүрсек те өзімізге де, өзгеге де зиянымызды тигізбей, ардан аттамай, сенім мен жауапкершілік жүгін келесі буынға адал аманаттау міндетіміз.
Қазақ үшін хәкім Абайдың қара сөздерінен асқан даналық жоқ екені даусыз. Ұлы Абайдың он төртінші қара сөзінде терең ой мен пайымды пікір ұштасқан. Он төртінші қара сөзде: «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады» дейді. Демек, жаманшылыққа бір бой алдырсақ, одан құтылудың жолын табу оңай емес. Тіпті, қиынның қиыны. «Дәніккеннен құныққан жаман» деп айтылатыны да сондықтан. Міне, бүгінгі таңда сізбен біз үшін маңызды мәселеге айналған жемқорлық та осындай түрлі келеңсіздіктерден құралады, соңы өкінішпен аяқталады. Оған қарапайым өмірде нақты дәлелдер көп.
Жалпы, тарихы тереңнен бастау алған сыбайлас жемқорлық бүгінде бүкіл әлем қоғамдастығына қауіп төндіріп отыр. Біздің республикамызда да бұл мәселеге қарсы күрес шаралары Тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекеттің бірінші кезектегі міндетіне айналды. Әрине, сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, тыныс-тіршіліктің барлық саласы мен жүйесін тарылтатын, сөйтіп олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын зерттеп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек.
Негізінен, егемен елімізде мемлекеттік қызметшінің имиджін көтеру, сала жұмысын оңтайландыру, жетілдіру бағытында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі. Оның ішінде сыбайласжемқорлық көріністерінің алдын алу мен болдырмау бағытындағы іс-шаралардың мәні зор, маңызы айрықша. Түптеп келгенде, жемқорлықпен күресу бір ғана мемлекеттік орган атқаратын жұмыс емес, тұтас мемлекеттің саяси басым бағытына айналды. Бұл қоғамның нәтижелі іске бағыт алғанын, тиімділігі мол өзгерістер көшіне ілескенін білдіреді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа жолдауында сыбайластық жемқорлықты жою үшін «сатылмайтын сот» қатарын аттырудың маңыздылығын тәпсірледі. Демек, әділеттілік барлық салада орнауы үшін заң үстемдігі болуы маңызды. Әр адамның құқы мен қауіпсіздігін ойластырған мемлекет басшысы «әркім әділеттілікті өзінен бастауы» қажеттігін астарлады. Жолдауда: «Азаматтарымыздың тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет келіп отырған кезде сіз бен біздің істеп жатқан жұмысымыздың еш тиімділігі болмайды. Ешқандай халықаралық рейтингтің де керегі болмай қалатыны түсінікті. Түрлі тарту-таралғы беру, сыйлық талап ету, диплом сатып алу – келмеске кетуі керек» делінген.
Барлық жұмыстардың, әсіресе мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің ашықтыққа, қолжетімділікке негізделу керектігін айтқан ол жемқорлықты түп-тамырымен жоюға басымдық берді. Осыған орай, бүгінде Жолдау аясында ел Үкіметі мен әкімдіктер нақты жұмыстарды бастап кетті. Тіпті, жемқорлық факторлары көп кездесетін кәсіпкерлік саласындағы азаматтардың өз кәсібімен емін-еркін айналысуына, құқықтарының қорғалуына, қажетті кеңестер мен жеңілдіктерді пайдалануына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де атсалысуда. Бұл агенттіктің басты мақсаты – халыққа сапалы қызмет көрсету және сыбайластық жемқорлықтың жолын кесу.
Бұл бір жағынан қоғамдағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың жолын кесіп, адал, әділ, таза қоғам қалыптастырудың алғышарттарын құрайды. Кәсіпкерлердің құқықтарының қорғалуы – жаңа жұмыс орындарының ашылуына негіз болып, ел дамуына тың серпін бермек. Ал, ол үшін бұл салада жемқорлық, сыбайластық, бармақ басты, көз қысты іс-әрекеттер болмауы тиіс.
Расында да бір саладағы жемқорлықты жою арқылы біз көптеген жетістіктерге жетеміз. Сол себепті, әрбір азамат сыбайластыққа жан-тәнімен қарсы болуы керек. Оның белгілерін білген, көрген жағдайда құзырлы органдарға хабарлаудың да маңызы ерекше. Қорытындылай келе, «қоғамдық дертке» айналған қауіпті кеселмен күресу – әрбір азаматтың парызы болуы қажет. Түйіндей айтқанда, жемқорлықты жұмыла күрескенде ғана жеңеміз, әділетті қоғам құруда әр азамат өз жауапкершілік жүгін көтеріп, парақорлықтан бойын аулақ ұстау міндетті. Өз мамандығыңызға адал, Отаныңызға әділетті, туыс-ағайынға турашыл мінез қалыптастырмайынша, парақорлық дерттің дендей берері сөзсіз. Имандылық пен ынсапшылықты бойға сіңіріп, арымыздың алдында асыл тұлға болу өз қолымызда!
Мақпал МАРҚАБАЙ

Жаңақорған ауданының әкімдігі, Жаңақорған ауданының қоғамдық даму бөлімі, «Қызылорда облыстық Жастар Одақтары» ҚБ-і Жаңақорған ауданы БАҚ-ы өкілдері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында үздік мақала, жарияланымдар бойынша конкурсқа жолданады!
22 қараша 2023 ж. 306 0