№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Пәндік олимпиада үздіктерді іріктейді

Пәндік олимпиада үздіктерді іріктейді

Алғаш рет ауыл мектептерінің оқушылары үшін республикалық пәндік олимпиада өтуде. Оның басты мақсаты – еліміздің шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балалардың қабілеттерін анықтап, дамыту, халықаралық олимпиадаға қатысуға есік ашады.

Олимпиадаға еліміздің түкпір-түкпірінен жалпы 85401 оқушы бақ сынап жатса, оның 1070-і жаңақорғандық. Тұңғыш рет дүбірлі додаға қатысып жатқан шәкірттердің рухын асқақтатып, сәттілік тілеуге аудан әкімінің орынбасары Бектас Нуридинов пен білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекжан Есенбаев бастаған бір топ делегаттар №56 орта мектебінде басқосқан еді.

Бұл олимпиада онлайн платформада осы жылы 22 қараша мен 29 қараша аралығында «бір парта - бір қатысушы-бір камера» қағидасын сақтай отырып өткізіледі. Олимпиада 13 пән бойынша өтетін болады. Аудан бойынша 43 мемлекеттік және 1 жеке мектептен барлығы 1070 оқушы қатысады. Олимпиада өтетін сыныптарда бейнебақылау жүйесі орнатылып, олимпиаданың өткізілуі барысын тікелей ютуб каналында бейнетрансляция жүргізілетін болады. Олимпиада кезінде ашықтық пен академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін ата-аналар комитетінің мүшелері мен қоғамдық емес ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдер, «Адалдық алаңы» кеңесінің мүшелері қатысады. Барлық білім беру ұйымдары оқушы санына қарай компьютермен жабдықталып және жарық өшкен жағдайда, қосымша генератор қасақдай сай тұруы тиіс. Олимпиада өтетін сыныптарда санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау да басты назарда.

Олимпиада 3 кезеңнен тұрады. Аудандық, облыстық және республикалық кезеңдерден сүрінбей өткен талапкерге шәкіртақы тағайындалады. Нақтырақ айтсақ, олимпиада сұрақтары мен қағидалары әлемнің ең беделді IMO, IPhO, IChO, IBO, IGeO, IOI және IOL ережелеріне сүйеніп жасақталған. Бұл сынақтан сүрінбей, жеңімпаз болған оқушыларға 500-1500 АЕК-ке дейінқаржылық қолдау көрсетіледі. Бұл ауыл балаларына үлкен мотивация беріп, білім көкжиегін кеңейте түсуіне жол ашпақ.
Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов:
– Елімізде дарынды тұлғалардың ауыл төңірегінен шығуының өзі ауыл мектептерінің білім сапасын байқататындай. Сондықтан болар бүгін елімізде тұңғыш рет ауыл балаларының дарыны сынға түсуде.Оқушыларымыз осы межеде биік белестерді бағындырып, ауыл ұстаздарының үмітін ақтап, жақсы нәтиже көрсетсек, ортақ мақтаныш болмақ.Жүректері үмітке толып, сынақ тапсырғалы тұрған түлектерімізге сәттілік серік болсын, –деді.

Олимпиаданың ашылу салтанатына қатысқан Жаңақорған аудандық мәслихат депутаты Ақмарал Маликова мен Жасатар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Орынбасаров та өз тілегін жеткізді.

Мектептің көрермен залында олимпиадашыларға арналған М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен мектеп оқушылары ұйымдастырған патриоттық бағыттағы шағын концертте жасөрендерге жігер сыйлағаны анық. Қазақтың рухын асқақтатар қазақ күйлері мен жергілікті сазгерлердің туған жерге арналған әндері шырқалды.

Пәндік олимпиада өтетін аудиторияларды аралап, оқушылардың талапқа сай сынақ тапсырудағы мүмкіндіктерін саралаған аудандық білім бөлімінің міндетін атқарушы Бекжан Шахизатұлы шәкірттерге жылы лебізін білдірді.

– Бұл олимпиада ауыл балаларының деңгейін көтеруге, шалғайдағы дарынды балалардың елге танылуына, әрі қала мен ауыл мектептерінің білім сапасының теңелуіне ықпал ететін болады. Білім саласындағы ауқымды реформаның ізімен тұңғыш рет өтіп жатқан сынаққа жаңақорғаннан қатысулар қатары көптігінен-ақ, ауыл балаларының білім мен ғылымға деген ынтасын аңғардым. Бұйырса, биік белестерді бағындырып, жоғары нәтиже көрсетеміз деп ойлаймыз. Әр кезеңнен жоғары нәтиже көрсеткен шәкірттерге қолдау көмегімізді көрсететін боламын, –деді ол.

Жалпы түйіндей айтқанда, біз үшін әрбір бала – тұлға. Сол баланың тұлғалық бейнесі білім деңгейінде екені даусыз. Шалғай ауылда қабілетін көрсете алмай, ауылдың төңірегінде қалып қойған дарындар осы олимпиадада танылып, есімі елге танылатыны анық. Ауыл мектептерінің білім жолындағы бәсекесі мен абыройы сынға түскен шақта әр баланың жұлдызы жанып, жарқырайтыны сөзсіз.

Мақпал МАРҚАБАЙ
20 желтоқсан 2023 ж. 289 0