Йод жетіспесе де қауіпті
Йод – адамның қалыпты өсуі мен дамуына қажетті микроэлемент. Ағзада оның жетіспеушілігі ауру тудырады. Соның ішінде аса қауіптісі – эндемиялық зоб. Мұның салдарынан көптеген аурулар, мәселен, түйінді құрылымдар мен қатерлі ісіктер дамуы мүмкін.
Йод жетіспеушілік ауруларының ең ауыр түрлері – балалардың ақыл-есі мен дене бітімі дамуының кешеуілдеуі, жыныс органдарының жетілмеуі, жүкті әйелдердің түсік тастауы немесе керең, көзі көрмейтін, ақыл-есі кем бала тууы.
Еліміздің көптеген аймақтарында йод жетіспеушілік салдары байқалады. Әсіресе Қазақстанның Оңтүстік және Шығыс бөлігінде көптеп кездеседі. Йодқа аса мұқтаж аудандарға таулы жерлер мен теңізден алыс орналасқан аумақтар кіреді.
Зобтың эндемиялық сипатта дамуы жаппай алдын-алу шараларын жүргізу қажеттілігін тудырып отыр. Ең біріншіден, азық-түлік өнімдері мен су арқылы тұрғындарды йодпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру қажет. Сол себепті йод жетіспеушілік ауруларына алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізу керек. Оның алдын алудың ең бір тиімді жолы – йодпен байытылған теңіздің – ұсақ жәндіктерін, балықтарын, балдырларын тағамға пайдалану. Сонымен қатар тағамға йодталған тұз, байытылған ұнды пайдалану. Йодтың 90 пайызын адам тағамнан, ауа мен судан қалған 10 пайызын ғана алады. Сондықтан йод жетіспеушілігінің алдын алуда дұрыс тамақтану басты рөл атқарады.
Дереккөз: Zamana.kz