Ел Тынысы Тұрмысынан танылады
Жаңақорған кентінің келбеті көптің көз алдында жылдан жылға көркейіп келеді. Кент тұрғындарымен аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетовтың кезекті кездесуінде бүгінге дейін атқарылған жұмыстар мен тұрғындар көкейіндегі сауалдар салмақты сараланып, ортақ міндеттерді күн тәртібіне қойды. Бірлесе кіріскенде бітпейтін мәселе болмайды. Ашық-жарқын диалогта өткен жиыннан әркім осындай міндетті арқаланып шықты.
Жаңақорған кенті халқымен аудан басшысының бұған дейінгі кездесулерінде барлығы 46 ұсыныс түскен екен, соның 20-сы шешімін тапқан. Ауданға басшылыққа келген бір жыл төрт айда ішкі бюджетімізді ұлғайтуда берген тапсырмаларын тыңғылықты орындап, табысқа қол жеткізген аудандағы салық және кәсіпкерлік бөлімдеріне ризашылығын жеткізген Мұрат Жолкелдіұлы одан әрі ауданның әлеуметтік-экономикалық бағытындағы көрсеткіштеріне тоқталды.
Жаңақорған кентінде 12 көшені жөндеуге «Ауыл – ел бесігі» аясында облыстық бюджеттен 246 млн теңге, басым жобалар есебінен екі көшеге 202 млн теңге бөлінсе, аудандық бюджеттен тас төсеу жұмыстарына 22 млн, көшеаралық қиылыстарды орташа жөндеу жұмыстарына 27,9 млн теңге бөлінгенін айтты. Аудандық бюджеттен 252,2 млн теңге бөлініп, 8 көшеге тротуар салынуда. Кент, ауылдық елдімекендерде бірінші кезекте мектеп, балабақшаға барар жолдар жөнделіп, тротуарлар салынып, кент көшелерінде 12 аялдаманың құрылысы басталды.
Санатория жақтағы басталғанына 40 жыл болған, кейін аяқсыз қалған темір жол үстінен өтетін көпірдің жарамдылығын сараптауға кірісіп кеткен республикалық деңгейдегі 4 мекеменің кепілдік беруімен құрылысты жалғастырудың заңды тетіктері қаланды. Жоба құны 20 млн теңге қаржы демеуші есебінен шешіліп, іске серпін беріп отыр. Енді құрылысы жылдамдатылса орталық көшелердегі тым тығыз көлік қозғалысы реттеліп, өндіріс орындарына, шаруашылықтарға қатынатын жүк көліктері айналма жолға бағыт түзейтін болады.
Аудан әкімі одан әрі білім саласына тоқталып, ауданымыздың еншісіне тиген жаңа құрылыстарды қолдан кешеуілдетіп жатқан мердігердің кінәсінен мазасы қашқан МАИ бекетіндеггі мектепке аймақ басшысы 348 млн қаржы бөліп, екінші адамның қолына көшсе де істің мандымай жатқанын сынға алды. «Жайлы мектеп ұлттық жобасы аясында республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлініп, екі мектеп салынып жатыр. Үй кезегін шешу мәселесіне келсек, Саяжайдан тұрғындарға 300 га жер дайындалып, оның инфрақұрылымына қажет 5 млрд теңге шешімін тапса 1,5 мың адамға жер беріледі.
Тұрғылықты қоныстың аумағы ұлғайған сайын кент те етегін кеңге жайып келеді, соның ішінде әлеуметтік нысандар – білім және медициналық кешендерге, аллея мен ойын алаңқайларына орын белгілеудің өзектілігін де айтты әкім.
Кент көшелері жарығына келсек 181 млн теңге ақша бөлініп, 4 көшеге жарық жүргізілуде екен. 17 кешенді бейнебақылау үшін 45 млн теңге бөлініпті.
Газдандыру бойынша жаңадан қосылған мөлтек аудандарда жүргізілетін газ құбырының құрылысын салуға облыстық бюджеттен 20 млн теңге қаржы бөлінгенін айтты.
Орталықтағы жаңадан пайдалануға берілген №169 мектептің айналасына жаңбырлы күндері лай балшықта көлік жүру қиын болатын, сондықтан көлік тұрағын салуға қаржы бөлініп, жұмыс жақын арада басталуы тиіс.
Кент келбетін сәулеттендіруде қолға алынған жұмыстар көп. Әсіресе әрі-бері жолаушы өтетін вокзал айналасы атамекеннің айнасы саналады. Сондықтан оның алдына қойылып жатқан субұрқақ құрылысы бітуге таяу. Оның айналасын жұртшылық демалатын сәнді алаңға айналдыру көзделіп отыр. Кент ішін ластамау үшін 70 контейнерге тапсырыс беріліпті. Кент көшелерін таза ұстауда бұқараның тазалыққа жете мән беруі өзекті екеніне де тоқталды. Сол секілді көп жылдан бері жете мән берілмей келген Жеңіс паркі күрделі жөндеуден өткізіліп жатқанын айтты. Ол да жақын уақытта аяқталады. Сол сияқты бас көше саналатын Тәуелсіздік даңғылын абаттандыруға айрықша назар аударылатынын айттты.
Бүлдіршіндерді қуанту – басты мақсат. Бұл бағытта мақсат бііріктірген «Жаңарған Жаңақорған жастарының» демеуімен МАИ бекетіне балалар ойын алаңқайы салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ осындай ынталы азаматтардың көмегімен Жаңақорған кентіне кеіреберіс алаңқайда ірге көтерген «Шаңы¬рақ» үлгісінде аққанатты ғимарат ұлттық дәстүр-салтымыздың тынысын айшықтайтын қонақжай қонысымыз болмақ. Қазақта «Өлі риза болмай тірі береке таппайды» деген бар, бұл ретте киелі орын саналатын Хорасан ата кесенесінің айналасы демеушілер есебінен абаттандырылып жатқанына да тоқталды.
Кездесуде Ордакент көшесінің комитет төрағасы Әбдіғаппар Еркебұлан өздерінің аумағында соғылған балалар алаңқайының талапқа сай еместігін, осыны қабылдап алған құзырлы мекемелерге жауапкершілікті арттыру талаптарын қойды. Сұраққа жауап берген кент әкімі кемшілікке жол берген мердігер сот арқылы мойнына алып, жұмысты оңдауға кіріскенін айтты.Саяжай көшесінің тұрғыны Серік Мұсабай жаңадан ірге көтерген мөлтекауданда бірінші кезектегі әлеуметтік нысан құрылыстарының қарқын алғанына рахметін жеткізіп, енді алдағы уақытта 1,2,3 көшелер асфальттанса деген тілегін айтты. Кенттің тазалығын, абаттануын жолға қойған кент әкімдігі қызметіне алғыс айтты. Жаңақорған кентінің тұрғыны Айгерім Әбілтаеваның «Дипломман ауылға» бағдарламасына тізімде тұрғандар неге жеңілдікпен қамтылмай отыр?» деген сауалына жауап берген аудан әкімі бағдарлама шарты бойынша жеңілдікті ауылға зәру маман ғана ала алады, сондықтан әзірге 9-ақ адамның иеленіп отырғанын, мұның заңдық негізін әлі де зерделеудің маңызына тоқталды. Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Төребай б Ысқақов: «Бүгінгі күні он тоғыз әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы күн сайын өсіп бара жатқанын бәріміз көріп отырмыз.. Осыны қалай тұрақтандырамыз? Жағдайы төмен отбасыларға бұл әсіресе ауыр тиюде» деді. Бұл жөнінде жауап берген аудан әкімі кентте әлеуметтік бұрыш ашылған дүкендер барын, онда сапалы азық-түлік субсидия бөлу арқылы арзандатылған бағамен сатылымға шығарылып отырғанын айтты.
Жиында бұдан әрі көмір қоймалары, тас зауытының айнала қоршаған ортаға зиян, санитарлық нормаларға сәйкес келмейтін жағдайлары туралы да мәселе көтерілді.
Жаңақорған кенті халқымен аудан басшысының бұған дейінгі кездесулерінде барлығы 46 ұсыныс түскен екен, соның 20-сы шешімін тапқан. Ауданға басшылыққа келген бір жыл төрт айда ішкі бюджетімізді ұлғайтуда берген тапсырмаларын тыңғылықты орындап, табысқа қол жеткізген аудандағы салық және кәсіпкерлік бөлімдеріне ризашылығын жеткізген Мұрат Жолкелдіұлы одан әрі ауданның әлеуметтік-экономикалық бағытындағы көрсеткіштеріне тоқталды.
Аудан әкімі одан әрі білім саласына тоқталып, ауданымыздың еншісіне тиген жаңа құрылыстарды қолдан кешеуілдетіп жатқан мердігердің кінәсінен мазасы қашқан МАИ бекетіндеггі мектепке аймақ басшысы 348 млн қаржы бөліп, екінші адамның қолына көшсе де істің мандымай жатқанын сынға алды. «Жайлы мектеп ұлттық жобасы аясында республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлініп, екі мектеп салынып жатыр. Үй кезегін шешу мәселесіне келсек, Саяжайдан тұрғындарға 300 га жер дайындалып, оның инфрақұрылымына қажет 5 млрд теңге шешімін тапса 1,5 мың адамға жер беріледі.
Баян Үсейінова