№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ғаламтордағы алаяқтық ...

Ғаламтордағы алаяқтық ...


Ғаламтор желісінде алаяқтардың саны жыл сайын артып келеді. Ұялы телефоныңызға бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, алаяқтар өте сенімді әрекет етіп, тіпті өте талғампаз азаматтарды да алдап кету дерегі жиі орын алуда. Оңай олжаға кенеліп, тер төгіп тапқан тиын-тебенін еселеп көбейтемін деген дәмемен жолбикеге алданып қалу ауылдағы ағайынды да әбіржітіп отыр. Алаяқтар сiзге қоңырау шалып, өздерін банктердің, құқық қорғау органдарының қызметкерлері етіп таныстырып, біреу сіздің шотыңыздан ақша алуға немесе несие алуға тырысып жатқанын хабарлайды. Шын мәнінде бұл сізді жаңылыстыру. Алаяқтар жалған жолмен сiзден құпия сөздерді, банк карталарының нөмірлерін біліп алып, сіздің ақша қаражаттарыңызды ұрлайды.


Күнделікті өмірде ұялы телефо­нымызға әртүрлі хабарламалар мен нөмірлерден қоңырау шалып жатады. Қарапайым халықтың кейбір бөлігі бұл әдістердің алаяқтардың іс-әрекеті екенін бірден аңғарса, кейбіреуі тұзаққа түсіп, шығынға батып жатады. Жыл сайын алаяқтық әрекеттерден жеке тұлға­лар, мемлекеттік ұйымдар шамадан тыс көп қаржы жоғалтады. Алтынмен аптаймыз, күміспен күптейміз, бірден мол ақшаға қарық қыламыз деген жалған уәдемен адамдардың санасын жаулап, жарға жығып кету жағдайлары жиілеп кетті. Алдаудың тәсілдері сан алуан болғанымен, түпкі мақсаты аңқау адамдардан көбірек ақша жымқыру.

Жақында осындай оқиғаға куә болдық. Жыларман болып келген келіншек кө­мек сұрады. Картасындағы бар ақшаны алдырып алған. Оқиға белгісіз нөмірдің телефон шалуынан басталған. Әлгі келіншекке 200 мың теңге аударсаңыз, бірер сағатта 2 миллион теңге алаты­ны жайлы айтылған. Көп ойланбастан банк картасының нөмірін, сосын келген смс хабарламадағы кодты әлгі қоңы­рау шалған кісіге айтқан. Сосынғысы белгілі. Бүкіл ақшасынан айрылып қалған. Балаларына мектепке киім-кешек аламын деп отырған ақшасын оңай алдырған келіншек әрі-сәрі күйде амалсыздан бізден көмек сұрай келіпті.

Сайып келгенде, сіз телефоныңызға келген кодты ешкімге айтпауға тиіс­сіз. Алаяқтар деректемелерді көрсет­кен кезде, клиенттің нөміріне жіберіл­ген SMS-хабардағы кодты айтып беруді сұрайды. Алаяқтар кодты алғаннан кейін, клиенттің интернет банкингтегі теле­фон нөмірін ауыстырады және шоттан ақшаны оңай алып алады.
Бәлкiм, бiрiңiзге таныс, ендi бiрiңiзге таңсық болар. Бiрақ, жұмыс iздеген кез келген адам бұл жүйенi жақсы бi­леді. Өйткенi, ғаламторда «жұмыс» де­ген хабарландырудың басым көпшiлiгi осы тектес. Осыдан бiраз уақыт бұрын жақын құрбымның бiрi менi желiлiк маркетингтiң бiрiне кiруiмдi өтiндi. Күн сайын келіп: «Шынымды айтсам, мен бұны өзiмнiң жаным ашитын жақын адамдарыма ғана айтамын. Мен Құдай қаласа, екi айдан кейiн көлiк алғалы жатырмын. Ал, жазда ата-анама шетелге жолдама алып қойдым» деп, менiң де қызығушылығымды оятуға тырысты. Құрбымның көңілін қимай, менде оның басшысымен сөйлесуге келістім. Құдай-ау, айналдырған екi-үш айдың iшiнде ауқатты адамдар қатарына қосылып кететiнiме кепiлдiк бердi. Әрине, ол үшiн еңбек етiп, «қаржылық пирамида» құру қажет. Аталмыш кәсiпке мойынсұнған адамдардың айтатын ортақ тақырыбы – тек ақша және бонус. Бонустық ұпайды неғұрлым көп жинаған сайын, пайыздық көрсеткiшiң де артады. Пайыздан-пайызға жеткен сайын келесi сатыға жетуге ұмтылуың қажет.
Алайда, бұл iстердi бастамас бұрын алдымен өздерiнiң тауарларын, яғни эксклюзивтi швейцар сағаттары, әртүрлi қымбат тастардан жасалған әшекей бұйымдар мен шетелге саяхат карталары сынды заттарды сатып алуың қажет. Ал, олардың ең арзаны кем дегенде 150 мың теңгеден төмен емес. Егер, сiздiң қалтаңызда ондай қаржы жоқ болса, еш қиналмаңыз. Өйткенi, керектi қаражатты қалай табу керектiгiн өздерi егжей-тегжейлi түсiндiредi. Мысалы, ақшаң болса қай туысыңа көмектесер едiң, солардың тiзiмiн жазасың (10 кiсiден кем болмауы керек). Әлгi кiсi байыған жағдайда өзiнiң көмектескiсi келген кiсiлерiнiң аттарын тiзiп отырып жазып бередi. Мұны күтiп тұрған әлгi адам ендi оған былай дейдi: «Ал ендi сен қиын жағдайға тап болсаң, осы кiсiлер саған қанша теңгеге дейiн көмектесе алады, соны жаз», – дейдi. Жазып болғаннан кейiн: «Ендi, сен қазiр осы кiсiлерден барып қарыз ал. Себебi, сен қазiр қиын жағдайда тұрсың. Тағдырыңды шешетiн бизнеске кiре алмай қиналып тұрсың. Егер туған-туыстарың көмектеспесе, кез келген банктен несие алуыңа болады», – деп қарыз алудың жолын көрсетеді.
Қаржылық алаяқтар күн сайын адамдарды алдау арқылы ақша табудың жаңа тәсілдерін шығаруда. Кейде банктік кредиттер мен қарызды өтеу бойынша да хабарласуы мүмкін. Олар сізден ақша алған бойда бірден жоқ болып кететінін білгеніңіз жөн. Кепілсіз кредит бере­мін деп сізден сыйақы сұрап жүретін делдалдар да ақшаны алған бойда қарасын батырып үлгіретінін білгеніңіз жөн. Бүгінде кем ақшасын көбейтіп, қайтсем мол ақшаға кенелемін деп жүргендерге құқық қорғау саласының айтары бар – айла таптырмас алаяққа алданып қалмаңыз. Оңай ақша ойынмен келмейді, әрбір нәрсенің өтеуі бар. Ал, алаяқтық арсыздардың арам ниеті.

Әсел Рзаева
23 қыркүйек 2023 ж. 331 0