№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Депутат Мархабат Жайымбетов Арал теңізінің жағдайы туралы мәселе көтерді

Депутат Мархабат Жайымбетов Арал теңізінің жағдайы туралы мәселе көтерді

Kyzylorda-news.kz. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында тағдырлы Арал теңізінің жағдайы туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.В.Склярдың атына «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Мархабат Жайымбетов депутаттық сауалын жолдады.


Халық қалаулысы өз сөзінде Арал теңізінің проблемасы Мемлекет Басшысының үнемі бақылауында екенін айтып, құны 4,5 млрд тұратын «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасын іске асыру жұмыстары басталғаны үшін тұрғындардың алғысын жеткізді.
Бірақ, бүгінгі күні Солтүстік Арал теңізінің тартылу жағдайы өңір халқын қатты алаңдатып отыр.
«Тағдырлы теңіздің аянышты жағдайын тағы айтуға мәжбүрмін. Өкінішке қарай, соңғы 12 жыл ішінде теңіз көлемі 8,5 млрд текше метрге азайған. Яғни, үштен бірінен айрылды (27 млрд. – 18 млрд.м3).
Суы қашқан теңіздің орнынан көтерілген тұздар бүкіл Орталық Азия елдеріне зиянын тигізетін экологиялық апатқа айналды. Нәтижесінде, судың тұздылығы 8-ден 13 грамм/литрге көбейген. Ал егер судың тұздылығы 15 грамм/литрге жетсе, балықтар жаппай қырыла бастайды.
Баршаңызға мәлім, 2020-2021 жылдары Арал ауданының аумағында қуаңшылық белең алып, 95 пайыз жайылымға шөп шықпай, жауын-шашын мүлдем болмаған. Оның үстіне, теңізге Сырдария өзені арқылы құятын су көлемі күрт азайып, Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйесі мен Кіші Арал теңізі жағалаудан 1,5 км тартылып кеткен.
Ал, теңіздің тартылуы салдарынан 3000-ға жуық балықшы күнделікті нәпақасынан айырылып, 9 балық өңдеу зауыты және 14 шағын цех уақытша тоқтап қалу қауіпі бар. Бұл жағдай теңізді жағалай қоныстанған аралдықтар үшін үлкен үрей болып тұр.
Сырдария өзені бойындағы мемлекеттердің трансшекаралық су қорларының проблемасына селсоқ қарауы мәселені күрделендіруде. Осы орайда халықаралық келісімдер бойынша теңізге жыл сайын кемінде 3 млрд текше метр су түсуі қажет. Алайда, теңізге судың түсуі, әсіресе вегетациялық кезеңде қалдық принципі бойынша жүзеге асырылып келеді.
Аралдың экологиялық мәселесі өткен ғасырда-ақ әлем назарын бұрғызып, оны қорғау, қалпына келтіру мәселесі бойынша халықаралық және республикалық деңгейде сандаған жиындар өтсе де, айтылған сөз айтылған жерде қалып, өткізілген конференция, форумдардан оңды нәтиже болмай отыр.
Осыған орай, «AMANAT» партиясы Аралды алаңдататын барлық мәселелер бойынша толық шешімін табу үшін нақты іс-шаралар іске асырылу қажет деп санайды!
Қорыта келе, Арал теңізінің су мөлшерін сақтау және тұрақты қамтамасыз ету үшін Сізден келесі ұсыныстарды қарастыруыңызды сұраймын.
Бірінші. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерімен вегетациялық кезеңде теңізге бөлек су лимитін белгілеу жөнінде және Фархад су торабынан төменге санитарлық су жіберу мәселесі бойынша келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастықты ұзақ жылдарға жоспарлау еліміз үшін тиімдірек болары сөзсіз.
Екінші. Мемлекетаралық келісімді «кепілдендірілген келісім» статусын беруіміз қажет. Себебі, Арал теңізіне бөлінген лимиттің сақталуын және орындалуын бақылап отырған ешқандай орган жоқ деуге де болады.
Үшінші. «Қараөзек» арнасының бойындағы көлдер жүйесінде 1 млрд текше метрге жуық қысқы-көктемгі тасқын суды жинақтау мүмкіндігі бар. Ол үшін Қараөзек арнасының бойындағы 3 су тоспаны қалпына келтіру маңызды.
Төртінші. «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасына Дүниежүзілік Банктің қайтарымсыз гранты есебінен (1,5 млн.АҚШ доллары) Солтүстік Арал теңізінің аумағын ұлғайтудың нұсқалары бойынша тиімді шешімдерді жасап, жобаны жалғастыру бойынша уәкілетті органдар тиісті шаралар қабылдаған жөн.
Депутаттық сауалға заңда белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз», - деді депутат Мархабат Жайымбетов.
24 мамыр 2023 ж. 210 0