«Ата-ана тәрбиесінде – бала мінезінің іргетасы»
Әрбір адам өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны дұрыс. Құқық бұзушылыққа жол бермей, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді. Сондықтан заңды білу – заман талабы. Бүгінгі таңда қоғам алдында тұрған басты міндеттің бірі – балалармен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстылықтың алдын алу, зорлық-зомбылық әрекеттерінің жолын кесу, нашақорлық сынды зиянды әдеттерден сақтандыру.
Жаңарықтағы №167 орта мектепте «Құқық бұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың, суицидалды мінез-құлықтың алдын-алу» мақсатында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ардақ Камакованың ұйымдастыруымен тәрбие саласы, психологиялық қызмет және әлеуметтік педагог мамандарының сала аралық бірлескен «Ата-ана тәрбиесінде – бала мінезінің іргетасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақтоты Аймет, аудандық ішкі саясат бөлімі «Жастар орталығының» меңгерушісі Мақсат Құлмырзаев, Иса Әбубәкір, аудандық емхана медико-психологы Сымбат Қозыбай, аудандық салауатты өмір салтын қалыптастыру бөлімінің маманы Талғат Сақтағанов Жаңарық ауылдық учаскелік инспекторы Наурызбай Палахметұлы және ата-аналар қатысты.
Шарада арнайы шақырылған қонақтар қылмыс пен құқық бұзушылық, зорлық-зомбылық, нашақорлықтан сақтандыру, бала құқығының қорғалуы бағытында ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Баланы еркін және қатаң тәрбиелеу жайында бейне жазбалар көрсетіліп, әр топ өз ой-пікірлерін ортаға салды. Одан әрі мектеп психологы Ақбота Рысбаева ата- ананың өз баласымен қарым-қатынасын байқау мақсатында «Ащы-тұщы» психологиялық жаттығулар жүргізіп, тәжірибелер көрсетілді. Сауалнама алынып, кеңес парақтарын тарқатты. «Білгім келеді» айдарында ата-аналар келген қонақтарға көкейіндегі сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Мектептің әлеуметтік педагогы Тамара Мақұлбекова да ата-аналардың жазған тілектерін алып кемеге жапсырып, кездесуден алған әсерлерімен кері байланыс орнатты.
Шара соңында Ардақ Камакова сөз алып, қорытындылады. Әрбір бала бір ғана отбасының емес, күллі қоғамның келешегі, көктемі, бүршік атқан гүлі екені жадымыздан әсте шықпағаны абзал.
Әсел ИБРАГИМОВА