Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Көз ауруы жасарып барады

Көз ауруы жасарып барады

Әлемде әрбір үшінші адам көз ауруынан зардап шексе, елімізде жыл сайын бір миллионға жуық адам офтальмологтардың көмегіне жүгінеді. Себеп: экологияның бұзылуы, дұрыс тамақтанбау, ұялы телефон, компьютер.Иә, бала күнімізде үлкендер «теледидарға жақын отырма, компьютердің алдында көп жұмыс жасама, кітапты жатып оқыма» деген сын ескертпелерді үнемі айтатын еді. Ол уақытта аса мән беріп, терең үңілмесек те, бүгінде сол көздің қадір-қасиетін енді сезініп жатқанымыз жасырын емес.Өйткені, қазір көз мүкістігінен зардап шегетіндердің қатары көбейді. Олардың басым көпшілігі жастар. Біз бүгін осы тақырып жөнінде терең таразылап, нақты зерделеу жүргізуді жөн көрдік.
Көз – адам баласына ең қажетті деген дене мүшесінің бірі. Егер көз болмаса, осынау жарық әлемінің сан алуан ғажабы мен ғаламатын, қызығы мен қуанышын сезінер ме едік? Сондықтанда көз жанарын әрқашан күтіп ұстау ләзім. Әйтсе де, аудандық емханаға барғанда алыстан және жақыннан көру қабілеті нашар адамдар мен жасөспірімдерді көптеп кездестіруге болады. Содан көңілдегі сан сауалға жауап алу үшін дәрігер офтальмолог Әсел Ермаханбетовамен тілдесіп, мән-жайды білуге тырыстық.
– Жалпы көру мүмкіндігі төмендеген тұрғындар саны жыл сайын артып келеді. Бұл XXI ғасырдың ең үлкен дерті деуге болады. Әсіресе, миапия, глаукома, катаракта аурулары басым. Орта жастан асқандар арасында көз ішілік қан қысымының жоғарылауы жиі кездеседі. Көз де басқа ағзалар сияқты ұзақ қызмет еткеннен талады, бұлдырап, шаншып ауырады да, көбінесе бас ауруына ұласады. Катаракта,бұл көзді шел басқанды айтады. Яғни, көздің ішінде хрусталик болады, адам жасы ұлғайған сайын ол хрусталик жарамсыз болып, адамның көзінің көруі нашарлап кетеді. Ондай жағдайда облысқа жолдамамен жібереміз. Ол жақта білікті мамандар көздегі жарамсыз хрусталикті алып, жасандысын салады. Бұдан қорқудың қажеті жоқ. Қазір медицина әлдеқайда дамыған. Ешқандай залалсыз жасалады, әрі көздің көруі бұрынғы қалпына келеді. Ал, глаукома, яғни көздің ішіндегі қан қысымының жоғары болуы да кең етек ала бастады. Егер осындай белгілер байқалса, дер кезінде алдын алып, жүйелі ем қабылдаса бәрі артта қалады, – дейді білікті маман.
– Ал жасөспірімдер арасында қандай шағымдар жиі түседі?
– Мектеп жасындағы балалардың арасында алыстан көрмеу, миопия айтарлықтай көбейген. Ата-аналар балаларын көбіне осындай жағдаймен әкеледі. Олардың шағымдары тақтадағы, көше маңдайшаларындағы жазуды көрмеуі, яғни қашықтан көру қабілеті нашарлауынан келеді. Бұның басты себебі, гаджеттерді шамадан тыс қолданудың салдары десек болады. Көбіне балалар ұйқысынан тұра салысымен қолына телефон алып, түрлі ойындарды ойнап, ұйқыға жатар кезде де соны қолданады. Бұл, әлбетте баланың көзіне едәуір салмақ түсіріп, көздің көруіне кері әсер етеді. Егер де дер кезінде емдемесе көз сырқаты асқынып, соқырлыққа да әкелуі мүмкін. Сол себепті де, баланың ұялы телефонды пайдалануын шектеу, кешкі уақытта мүлдем ұстатпаған абзал. Сол секілді компьютерде отыру уақытын қадағалау қажет.
Дәрігердің сөзінен түсінгеніміз, туабітті ақауды айтпағанда, көздің көру қабілетінің нашарлауына қоршаған орта факторлары тікелей әсер етеді. Яғни, балақайлардың көз жанарының бұзылуына компьютер, смартфон, теледидар кінәлі. Сонымен қатар сабақ орындау барысында жарықтың дұрыс түспеуі мен кітапты тым жақын, не тым алыс, жатып, еңкейіп, көзге салмақ салып оқығаннан да болады екен.
– Көздің шаршауының басты себеп­терінің бірі жұмыс орнында жарық­тың жеткіліксіздігі, яғни біркелкі жа­рықтың болмауы немесе мөлшерден артық түсуі кері әсер етіп жатады. Жұмыс бары­сында шам адамның сол жағында тұруға тиіс. Қағаз жазғанда, кітап оқығанда тым еңбектеп жатып қарауға, қағазды өте жақын ұстауға болмайды. Көзден қағазға дейінгі аралықтың 35-40 сантиметр болуы шарт. Телехабарларды көргенде экраннан 2,5 метр алысырақ отырған дұрыс. Көлікте кітап, журнал, газет оқымаған абзал. Өйткені оны ұстап отыру ыңғайсыз әрі оқуға жарық жеткіліксіз. Компьютермен жұмыс іс­теген кезде арнайы «компьютерлік» көзәйнекті пайдаланыңыз, алдында отыру уақытын күніне 4 сағаттан асырмаңыз. Әрбір 20-30 минут сайын міндетті түрде үзіліс жасап отырыңыз. Офтальмолог дәрігерге қаралып, кеңес алып тұрудан еш қашпаңыз. Қараңғы бөлмеде жарық монитормен жарықтың тепе-теңсіздігінің болмауын бақылаңыз. Балаларды күніне 30 минуттан артық компьютерге жақындамауға үйретің­із. Соңғы уақыттары ата-аналар бала денсаулығына немқұрайлы қарайтынын жиі байқауға болады, – дейді білікті дәрігер.
Иә, көз ауруына қатысты дәрігер жеткілікті ақпарат берді. Дей тұрғанымен, балалар арасындағы туабітті кеселдерді айтпағанда, балалардың көзі гаджеттерге деген шексіз құмарлықтың салдары деуге болады. Расында, ата-аналар баланың өсу барысында дене бітімінің өзгерісіне қадағалап назар аударуы керек. Егер бала көзін қайта-қайта жыпылықтатып, шамадан тыс уқаласа дәрігерге көрсеткен жөн болар. Дәрігер көп жағдайда ата-ана баласының көзі көруден қалып бара жатқанын байқамайтынын айтады. Ал көз қызметі нашарлаған жағдайда көзілдірік кию міндетті. Сондай-ақ, сабақ тапсырмаларын орындау барысында әр 10-15 минут сайын үзіліс алып, көзге арнайы жаттығулар жасаған жөн.
Кезекті зерделеу барысында ау­дандық емханада баласын жетектеп келген ата-аналардың сауалымызға берген жауабы көңілге қаяу салды. Мәселен, Келінтөбе ауылының тұрғыны, көп балалы ана Айгүл Сарқынбаева:
– Соңғы бір айдан бері қызымның көзі жасаурап, алдында тұрған затын көрмейтін болды. Мектепте тақтаға жазылған жазуды мүлде оқи алмайды. Содан дәрігерге көрсетіп едім, ұялы телефонның әсерінен көзінің көруі нашарлай бастағанын айтты. Жасы небәрі он екіде. Бесіктен белі шықпай жатып көзі көрмесе, ертең жасы ұл­ғайғанда не болады? Өзім таң атқаннан кеш батқанға дейін жұмыстамын. Күні бойы үйде телефон қарап жата беретін болып тұр ғой. Дәл осылай кері әсері болады деп ойламаппын. Енді,белгілі бір уақытпен ғана көрсететін боламын, – деп өзінің қателігін түсініп, қызының болашағына алаңдап тұрғанын жасыра алмады.
Небәрі 5 жасар кішкентай ғана бүлдіршіннің анасы, кент тұрғыны Гүлнұр Қасымова да осы жағдаймен келіпті.
– Күні бойы балалармен өзім қа­ламын, әкесі жұмыста. Шынымды айтсам, құлағымның тыныштығын ойлап үнемі қолдарына телефонымды ұстата саламын. Омыраудағы қызым бар, үйдің тірлігі бар, жолдасыма түскі, кешкі асын уақытылы дайындауым керек. Осы балам бұзықтау әрі тынымсыз. Сосын көбіне қолына телефонды ұстатам, кейде 3-4 сағат үзіліссіз қарайды. Мен тіршіліктің соңында жүріп, баламның денсаулығына салғырт қараған екенмін. Енді міне көзі «-1,5» болыпты. Дәрігер ем тағайындады, көзіне көзілдірік киетін болды. Мектепке барып үлгермеген баламды соқыр ете жаздаппын ғой, – деп көзінен төгілген ыстық жасын сүртіп, қатты өкінетінін жеткізді.
Міне, өмірімізге смартфондардың ересек адамға тигізер зияны қандай көп болса, балаға да дәл солай. Оның үстіне, мектеп оқушылары елге ін­дет келгелі бері екі жылдай онлайн түрде, үйде оқыды. Бұл да балалар арасындағы көз ауруларының көбеюіне ықпал еткенін мамандар тілге тиек етті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 200 млн адамның көру қабілеті бұзылған. Көзінің көруі нашарлап, көзілдірік та­ғатындардың қатары күн санап артып келеді. Әр бес минут сайын бір баланың жанары нашарлайды екен. Бұл мектеп жасындағы әрбір үшінші бала көзілді­рік киеді деген сөз. Осы орайда, кент орталығындағы «Нұрасыл» сауда ор­нында орналасқан оптика дүкеніне арнайы барып, бірнеше жылдан бері тұрғындарға қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Нұрдәулет Үсейіновтен біраз сауалға жауап алуға тырыстық.
– Шыны керек, бізге келушілердің қатары өте көп. Әсіресе, жас жет­кіншектер басым. Күніне кем дегенде 15-16 адамның көзін тексерістен өткізіп, соған сай көзілдіріп жасап беремін. Қажетті аппараттардың барлығын әке­ліп қойғанмын. Алдымен көзін тексеріп, қандай дәрежеде екенін анықтаған­нан кейін көзілдірік беремін. Көпшілігі дәрігердің рұқсатынсыз көз дәрілерін пайдаланып, ауруды басқысы келеді. Бұлай істеу керісінше адам денсаулығына кері әсерін тигізеді. Көз дәрілерінің құрамында шірітуге қарсы зат бар. Осы тектес дәрілерді ұзақ уақыт пайдалан­ған жағдайда көздің тор қабығын зақымдайды. Көру жүйесі нашарлаған сәттен бастап арнайы дәрігердің кеңе­сіне жүгініп, дереу көзілдірік киген дұрыс. Заманына қарай адамы дегендей, баланың телефон көруін мүлде доғарта алмайсыз және қажеті де жоқ. Бірақ уақытты шектеу қажет: 3 жас – 15 минут (күніне), 5-6 жас – 20 минут, 15-16 жас – 60-90 минут. Соның ішінде, ұялы телефонға қарағанда компьютер немесе теледидарды қаратқан дұрыс. Олардың экраны үлкен және көзден алыстап қою мүмкіндігі бар, – деді маман.
Сонымен қатар, тазалыққа мән беру керек дейді кейіпкеріміз. Жұмыс жасағанда жарық бөлмеде отырып, арқа мен басты түзу ұстаған дұрыс. Теледидарды қараңғыда қарауға бол­майды. Көз аурулары тұқым қуалауы немесе сыртқы ортаның жағымсыз әсері нәтижесінде жүре пайда болуы мүмкін. Көздің көруін бір қалыпта ұстау үшін, ең бастысы, еңбек, тұрмыс гигиенасын сақтаған жөн. Газды сусындар мен фасфуд өнімдерін тұтынудан бас тартып, дәруменге бай тағамдарды жеген дұрыс. Көзілдірікті дер кезінде кию, оны дұрыс таңдап алу көздің бірқалыпты көруіне жәрдемдеседі, – дейді білікті маман.
Көз дәрігерінен білгеніміз, әлемдік медицинада көз аурулары мен нашар көретіндерді емдеудің 80 пайызы нәтижелі аяқталатынын алға тартады. Яғни, уақытында емдесе, 100 пайыз сауығуға болады екен. Сондықтан көзіңіздің көруі нашарлауын күтіп отырмай, жылына 1 рет офтальмолог-дәрігердің тексеруінен өткен дұрыс. Ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алудың орынды екені анық. Расымен де, қазір заман жетілген. Соған сай технологиялар жұмысы қарқынды дамып келеді. Енді бір сәтке көзіңізді жұмып, өмір бойы су қараңғыда өмір сүре­мін деп ойланып көріңізші. Шынымен қорқынышты...

Әсел РЗАЕВА
21 қаңтар 2023 ж. 290 0