Соңғы жаңалықтар

№81 (8792) 12

12 қазан 2024 ж.

№80 (8791) 8

08 қазан 2024 ж.

№79 (8790) 5

05 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Шаш бояуы шаштан айырмасын

Шаш бояуы шаштан айырмасын

Қызық. Уақыт өткен сайын көш iлгерi жылжып, күн сайын түрлi жаңалықтардың жаршысы болып жатамыз. Осы бұрындары шаш бояуы турасында әңгiменi ести бермейтiн едiк. Ал, қазiр теледидарды қоссаң болғаны бұрымы ұзын арулар шаштарын қызыл, сары, қараға бояп, әлгi бояулардың жарнамасын шарықтатып жатады. Әлбетте, әдемiлiкке, сұлулыққа ұмтылғанымыз жөн-ақ.
Шыны керек, осы шаш бояуының арқасында көптеген нәзiк жан иелерiнiң арманы жүзеге асып жатыр. Өздерiнiң туа бiттi табиғи шаш түстерiне көңiлi толмағандар, ендi өзi қалағанынша өзгерте алады. Тiптi, осы күнi шашын боямайтындарды кездестiру қиынға соғып бара жатқандай. Мейлi ерi болсын, әйелi болсын, жасы болсын, кәрiсi болсын жапа-тармағай әлекке түсуде. Алайда, сол бояудың соңы кей жағдайда орны толмас өкiнiшiке ұласып, талай жанның өмiрiне қауiп төнiп жатқанын кезiктiргенде, ойланып қалады екенсiң.
Айталық, бала кезiмде ауылда тұратын бiр жеңгем ара-кiдiк ақ түскен шашын бояп, кешкi тойға дайындалады. Әлгi бояудың нұсқаулығында жарты сағаттан артық ұстауға болмайды деген жазу көзi көретiн жанға бадырайып көрiнiп тұр. Бiрақ, әлгi жеңгемiз түсi ұзақ сақталсын деген оймен 4-5 сағат молынан жағып алып жүре берiптi. Ендi басын жуайын деген уақытта аяқ астынан есiнен танып, жерге құлайды. Қырсық шалғанда үйде ересектерден ешкiм болмай, жанында бес жасар қызы мен ендi ғана тәй-тәйлап жүрiп жүрген сәбиi көрiп қалады. Анасының құлап жатқанын көрген қызының айқайлап жылағанынан, айналасындағы көршiлерi естiп, жүгiрiп келедi. Содан дереу ауруханаға жеткiзсе, келiншектiң жағдайы тым нашарлап кеткен екен. Бас құрылысындағы бездерi қабынып, өлiм мен өмiрдiң ортасында жатады. Әйтеуiр, дәрiгерлердiң бiлiктiлiгiнiң арқасында аман-есен жаны қалды. Дей тұрғанымен, денсаулығы бұрынғыдай емес. Үнемi күтiммен, дәрi-дәрмектiң күшiмен жүруiне тура келдi. Онымен қоймай, ендiгi кезекте шашын боямақ түгiлi, оны өсiруге да қатаң тиым салыпды.
Одан бөлек, осыдан бiршама уақыт бұрын Қарағандыда отыз бiр жастағы әйел кенеттен қайтыс болды деген суық хабарды да естiдiк. Тиiстi орындар «оқыс оқиғаға шаш бояуы себеп болды» деп, жариялады. Қарағанды қалалық iшкi iстер басқарма мамандарының хабарлауынша, әйел түнде ауруханаға бара жатқан жолда «Жедел жәрдем» көлiгiнде қайтыс болған. Мұның алдында қала дүкендерiнiң бiрiнен бояу сатып алып, шашын бояған оның дене қызуы көтерiлiп, бет-аузы iсiп кеткен көрiнедi. Тiптi, бояу құрамындағы заттардың әсерiнен бас терiсi күйiп кетiптi.
Жиналған мәлiметтерге сүйенсек, шаш бояуынан әйелде ми iсiгiн шақыратын аллергия туындаған екен. Мiне, бiз көзiмiзбен көрiп, құлағымызбен естiген жайттар осындай болды. Алайда, ел-елдерде, жер-жерлерде осы тектес қайғылы оқиғалардың бiрiн естiсек, ендi бiрiн естiмей де қалып жатқанымыз жасырын емес. Тiптi, әлем ғалымдары да бұл тұрғыда неше түрлi зерттеулер жүргiзiп жатса керек. Айталық, таяуда Британдық ғалымдар шаш бояудың адам ағзасына тигiзер зиянын анықтапты. Бұрындары шаш түсу мәселесiмен маман көмегiне жүгiнетiн әйелдердiң орташа жасы – 21 жас болатын. Алайда, дәл қазiргi кезеңде бұл қиындыққа уылжыған жап-жас аруларымыз тап болып жатқанға ұқсайды. Бұл тұрғыдан Британдық мамандар шаш түсудiң шаш бояу сәнiмен байланысты екендiгiне сенiмдi. Олардың зерттеуiне зер салатын болсақ, әлгi бояулардағы косметикалық рәсiм алопецияға әкелiп соқтырады. Алопеция – шаштардың қатты тығыздалып тартылу нәтижесiнде пайда болады екен.
Осы тұста ауданымыздағы арнайы шаш маманы Ақбөпе Алмасқызынан шаш бояуы жайында пікір алмастық.
– Шашқа зиян келтірмес үшін аммиаксыз шаш бояуын пайдаланған жөн. Аммиаксыз және шашқа еш зияны жоқ бояулар да бар. Бірақ, біз қолданып жүрген  шаш бояуларының  көбінде 75 пайызға дейін аммиак бар. Аммиак шаш бояуының  құрамындағы ең қауіпті зат. Ол өкпенің зақымдануына және жүйке қызметінің бұзылуына әсер етеді. Сосын парафилемин-диафин деген қоспаның да кері әсері басым. Франция, америка, германия сынды елдер шаш бояуына осындай зиянды қоспаларды қлспауға қатаң тыйым салған. Ал, бізде ешқандай шектеу жоқ. Әрбір адам өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарағаны жөн, – дейді арнайы маман.
Сонымен қатар, шаштарын бояйтын көптеген қыз-келiншектер түрлi аллергияға да душар болуы да әбден мүмкiн. Сондықтан да, шаш бояуының сапасына үлкен мән берген абзал.
Әсел РЗАЕВА
02 наурыз 2023 ж. 219 0