№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ең қарапайым мамандық

Ең қарапайым мамандық

Тіршілікте адамсыз адамның күні жоқ. Сау жүрген кезіңде қадірін білмесең де сырқаттанып қолына түскенде жаныңды шүбереке түйіп, тағдырыңды сеніп тапсырар таянышыңдай сезілер шипагерлерді ең қайырымды мамандық иелері деуге әбден болады. Дәрігердің алдына бармайтын пенде жоқ. Тағдыр басқа салса кісі не нәрсеге көнбейді. Мына төмендегі жай да соның бір көрінісі.

 Мен сіздерге бұдан он екі жыл бұрынғы жағдайды баяндайын деп отырмын. Тоқсан үшінші жылдары Ауғанстаннан, Ираннан, Түркиядан елім-жерім деп көшіп келген ағайындар ішінде екі-үш отбасыға үйіміздің нақ іргесіндегі ескі балабақша ғимаратынан жай беріліп, біраз жыл сонда тұрақтады. Осы көршілеріміздің бірі Рәбия атты келіншектің біраздан сырқаттанып жүргенінен хабардар едім. Жағдайын білмекке отбасына бас сұқтым. Қол-аяғы балғадай, сап-сау жүрген келіншек бесінші баласын босанарда тосын тауқыметтерге тап болды. Айы-күні жетіп қалған шаранасы іште өліп қалған деген тұжырыммен операция столына алынды. Айымкөз келіншек айықпас дертті осы сәттен бастап жамап алған тәрізді. Олай дейтініміз, үйге шыққан соң он-онбес күндей күтінсе аяққа тұрып кетуге тиіс тұмса айлап төсек тартып жатып қалды.
Әл-ауқаты құрып нашарлап бара жатқаны өз алдына кіші дәреті тұрмайтын қиын халге тап болды. Болмағасын облыс орталығына барып тексерілген. Ертесіне келіншектің отағасынан жай-жағдайын сұрағанымда «операция кезінде пышақтың жүзі бүйректі зақымдаған» деген қорытындымен ауруханаға жатқызды, емдеп шығаратын болды, деген еді сырқат сыры табылғанына қуанышын жасырмай. Содан ота жасатып, біршама тәуірленіп, есік алдына шығып отыруға жараған келіншектің күн жылына Алматы қаласына тағы қаралуға кеткенін естідім. Келді дегенде үйіне бардым. Қап-қара ұзын шаштары жастықты көміп жатқан замандасымның жанына отырып, халін білмекке асығулымын. Әлі өздеріне түпкілікті жекешелендіріліп берілмеген, есігіне қалың кездеме тұтылған босағасының жылдар бойы жөндеу көрмеген қабырғаларына жаудырай қарап жатқан келіншек пешінің тартпай, азынаған үйде алты ай қыс аурумен алысқан азапты күндерін қинала еске алды.

– Бір денсаулықтың әлегімен балаларымды Аллаға табыстап, Алматыға тартып кеттім, – деді ол. Сонда тұратын сіңілімнің ақылымен урологиялық зерттеу орталығынан бір-ақ шықтым. Көзді жұмып баруын бардым-ау, қолымда жолдамам жоқ, жолататын емес. Ақылы тексеруге әр есікке он бес мың теңге екен. Сіңілім екеуміз салымыз суға кетіп сыртта отырған едік, кіріп-шығып жүрген қазақ әйелі түрімізді көріп: «Екінші қабатта бастықтың орынбасары отыр, жағдайларыңды айтып көрсеңдерші» деп кеңес берді. Барып едік, иманжүзді кісі екен, бір нөмірді теріп, звондады да, «Сегізінші кабинетке менің атымнан барыңдар» деп жіберді. Бірақ, олары басымыз екеу емес деп бізді қабылдамады. Әлгі кісіге жауабын айтып, қайтқаннана басқа амал қалмады-ау деп еңсеміз түсіп кетті. Сөйтіп қайта жоғарыға көтеріліп келе жатып, бар қолымнан келгені, Жаратқанға жалбарынып, «Ясин» сүресін оқып келемін. Бағанағы бастықтың орынбасарының алдына кіріп, жайғаса бере ұзын бойлы, өңді кісі келіп кірді. Өзара жарқын сәлемдескен екеуі назарын бізге аударды. Орынбасары орысша сөйлеп жатыр, бізді «туысқандарың» деп жатқанын ұқтым. Төлқұжатыма қараған әлгі кісі «Ауғанстанда туылған екенсіздер ғой» деп бізге аңтарыла қарады. Ауғанша көп ұмытып қалыппын. Жарытып сөйлей алмадым. Қайта сіңлім тілді әлі де жақсы біледі екен, жағдайымды тәптіштеп тұрып айтып берді. Ол кісі де ауғаныстандық екен. Көп жылдар Мәскеуде оқыпты, осы жердің бастығы көрінеді. Не керек, сол кісінің тапсырмасымен жедел палатаға орналастырылдым. «Бастықтың қарындасы екен» деп жағдай жасап, зыр жүгірген ақхалаттылардың күтіміне кіріп, өзім де аңтаңмын. Екі сағат бұрынғы жағдайым аяқастынан күрт өзгеріп кеткеніне сенбейтін сияқтымын.

Азаннан аяқта тік тұрып қалжыраған басым аппақ төсекке кіріп жан шақырып, аяқастынан туған ағамнан артық қамқорлығын аямаған, сырқат жаныма сая болған мына қайырымды азаматты жолықтырған Жаратқанға, «Ясин» сүресінің шапағатына шын тәубе еткен менің бар көрген тауқыметім ұмыт болғандай қуаныштан аққан көз жасымды ешкімге көрсетпей жылап жатырмын. Көз алдыма елде қалған төрт құлыным келді. Енді аурудан да толық айығарыма толық сенім пайда болып, үмітім оянды. Негізінде ақылы бөлімнің бір күндік емі 30 мың теңге, он күнге 300 мың есептеледі екен. Мен бір тиынсыз он күн емес, жиырма үш күн жатып емделіп шықтым, – деген замандасым жайдарылана күлді. Сөзін әрі қарай жалғаған ол тағы былай деді:
– Жарты жылдан аса көріп жатқан қиындығымның, қарап отырсам Алла жеңілдігін де қатар беріп келеді екен. Бұрын күйеуімнің алатын 30 мың теңге айлығы жетпей жататын, мен ауырғалы қожайыны қамқор болып, қаражат беріп отырды. Дертті де Алла пенделеріне күнәларынан тазарсын деп жібереді дейді. Сондықтан бұл үшін әлдекімдерді кінәлағым келмейді, біреулердің құйтырқы сөзіне еріп арызданайын деп те отырғаным жоқ. Дәрігер де әдейі осылай етейін демеген шығар, кім өзінің ісінің сәтті бітіп, пациентінің артына қарамай кеткенін қаламайды? Тек бір көңілімде қалғаны, кей дәрігерлеріміздің бойында мейірім мен шапағат кеміп бара жатқандай ма, өзің ауырып, жаныңмен алысып жатқанда ашықтан-ашық ақы талап ететіндері түңілдірді. Әрине, күнің түсіп тұрған соң көнесің. Ауруыңнан айықсаң айтқызбай ақ жаның қалғанына өзің де жүрегің жарылып, қолын құр қоймайсың ғой. Кеше, Алматыда ауруханадан шығарда күйеуімнің алып барған қаражатынан өзімді қараған жандардың барлығын риза еткім келді. Бірақ біздің қомақты етіп ұсынбақ болған тартуымызды бас дәрігеріміз азар да безер алмай қойды.

– Айналайын, сенен бір нәрсе пайда қылайын деп көмектескенім жоқ. Бір Алланың разылығы үшін қысылып тұрғаныңда қолымнан келген жәрдеміміді берейін, қатарға қосылып кетсе екен дедім. Мен де он екі мүшем аман, денімді сау етіп, өіме осыншалықты нығмет пен мүмкіндік берген Жаратушы иемнің кеңшілігін бір сауапты іске жұмсасам, қайырымды әрекетімнің бәлежаланы аулақтатып, жұмысымның да берекелі жалғасуына себі тиер деп ниет қылдым. Ешнәрсеңнің де керегі жоқ» деп жақын адамымдай ақтарылды. Қандасың – қазынам, бауырым – байлығым деп білген, бар болғаны бір елде өмірге келгеніміз үшін бүйрегі бұрып, бұрылып кете алмаған, таудай жақсылық жасаған қайырымды жанға тілі құрғырдың қысқалығынан ең болмаса рахметімді де тереңдеп жеткізе алмай қор болдым. Міне, менің басымнан осындай оқиғалар өтті, – деді оралман ана.

Университеттік білім тұрмақ орта білім де алмаған, Ауғанстанда туып, бес-алты жасарында ата-анасы Иранға көшіп келгенінде сол елдің медресесінде 2-3 жыл оқып, арабша хат танығаны болмаса басқа оқығаны жоқ, бірақ ойға тоқығаны көп, ең бастысы имангершілікке бай, ақыл мен парасатқа жүгініп, өзінше ой қорытып, тағдырына тәуекел еткен қайсар ананың басынан өткендерін қағазға түсірудегі мақсатымыз да жоқ емес. Аға буын қатары толқын-толқын жас мамандармен толығып келеді. Солар тоңмойындықтың торына түсіп қалмаса екен, айналасына сергектікпен қарап сырқатпен санаса білсе, кім болсын қолынан келсе көмегін жасап, тым болмаса жылы сөзбен жұбатып, аурудың көңіл айнасын кірлетіп алмаса екен дегенді жеткізуді ғана мұрат тұттық. Бұл қай-қайсымызға да керек қасиет. Шындығында, әрбір күніміз тұнып тұрған сыр мен сынақ екенін ешбіріміз де естен шығармасақ екен.

Баян Үсейінова

23 наурыз 2023 ж. 172 0