Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сезімді сергіткен қойылым

Сезімді сергіткен қойылым

Кейден ауылдық клуб үйі ұжымы «АНА» премьерасымен қорытындылады. Балмұхаммед Әбжаппаровтың I актлi «Ана» драмасын тамашалаған көрермен қойылым барысында адамның ниетін бұзып қана қоймай, оны адамдық келбетінен айырып, хайуанға айналдыратын, жүрегін қарайтып, көңілін бұзып, абыройдан айыратын бүкіл бәленің көзіне айналған ішімдіктің кесірінен шаңырағы шайқалған отбасының өмірімен танысты.


 Сонымен ауыл тұрғындары асыға күткен қойылым басы әкесін пана тұтып, ана мейіріміне қанып өскен отбасындағы алты қыздың ортаншысының туылған күнін тойлау сәтімен өрнектеледі. Дастархан басында тойланған мерекелі кеште әр перзент асқақ арманымен бөлісіп, әкеге деген құрметін, анаға деген ілтипаттарын білдіріп жатады. Осы мезетте үйге шақырусыз келген қонақ досы Шәйменнің «ізіңді жалғар бір ұлға зар болдың-ау» деген сөзі отағасының намысына тиіп, осы күннен бастап отбасының шырқы бұзылады. Қыздарының асқар тау санаған әкесі ішкілікке салынып, қу арақтың құлына айналады. Осылайша перзенттерінің көз алдында жеккөрінішті, сүйкімсіз жанға айналған әкенің бұл әрекеті шаңырақты ортасына бір-ақ күнде түсіреді. Дәл осы сәттен бастап қыздарының асқақ арманы құрдымға кетіп, берекесі кетеді. Өмірлік жұбайы мен алты қызын бәрінен биік қойып, солардың жолында өзін құрбан етуге дайын әке бір сәтте «құбыжыққа» айналады. Осындай ауыр айыптауды туған перзенттерінен де естіген әке ашуға бел алдырады. Араша түсем деген ана байғұс соққының астында қалып, салдарынан жансақтау бөліміне жеткізіледі. Есін жимастан аурухана төсегінде жан тапсырған ананың соңғы аманаты перзенттеріне арналған хаты болатын.

Оқуға жүрегі дауаламаған қыздар хатты әкесіне ұстатады. Бір бума қағазда: «Қыздарым, алтындарым! Сендер менің және әкеңнің маңдайына біткен бағысыңдар. Мен сендерге қыз балаға тән нәзіктік қандай болатынын айтумен қатар әкені сыйлауды, ренжітпеуді, бастысы «әкелеріңнің қарғысына ұшырап қалмауды айтып тәрбиеледім. Қыздарым осы хатым сендердің қолыңа тигенде менің бұл өмірде болмасым анық. Мен сендерге ризамын. Ал әкелерің риза болсын десеңдер оны ренжітпеңдар, ол сендердің әкелерің» деп жазылады.

Өкінішке толы болмыспен қыздарына жазып кеткен хатын оқыған әкенiң, қыздардың өксіп жылағанына куә болған көрермен де көз жасына ерік берді. «Анасыз қалған алты қызым – бip ұлым» деген жұбайының хатын оқыған әке шығармадағы ойды осылай түйіндеді.
Қойылым соңында көрермен қауым шығармашылық ұжымға ұзақ уақыт қол соғып, қошеметін көрсетті. Қысқасы, ауылдық клуб сахнасындағы қойылым осылайша өз көрерменін тапты. Өйткені спектакльдегі әр сәтті мектеп жасындағы оқушы қыздар атап айтқанда Мұханқызы Мөлдір, Пернебай Айымжан, Асылхан Әсем, Ізбасар Гүлмарал, Манап Айнұр, Дүйсенбек Назгүл ойнаса, мейірімді ананың рөлінде Кейден ауылдық клуб үйінің қызметкері Беделбек Гүлзира сомдап өздерінің жастық жалынымен, сахнадағы көркем де қабілетті іс-қимылдарымен көпшілік қауымға жаңаша серпіліс сыйлады.

Шынайы өмірде ара-тұра болып тұратын мұндай сәттердің періште көңіл перзенттерге обалы тиетінін көрерменге жеткізген актерлер көптің көңілінен шығып, үлкендердің алғысын арқалады. Спектакль соңында сөз алған аудандық мәдениет үйінің қызметкері Талап Тотаев кішкентай ғана ауылдық сахнада алғаш тұсауы кесілген қойылымның үлкен сахнаға шығуына қол ұшын созатынын жеткізді.

Расымен қандай қиын жағдайға қарамастан шаңырақты шайқалтпай, балаға жақсы тәлімтәрбие бере білудің өзі мына заманда үлкен жауапкершілікті талап етеді. Соған қарамастан шаңырақ шаттығын ойлаған драмадағы әке-мен шеше отбасындағы балаларын сүйеді, оларды айналасындағы адамдарды, туған-туыстарын жақсы көруге, бауыр тартуға тәрбиелейді. Алайда алты қызы болғанына шүкіршілік етіп отырған отанасы болғанымен, ұрпағын жалғар бір ұлдың болмағанына күйінген әкенің арманының соңы осылай боларын ешкім білген жоқ.

Лаура БИБАСАРОВА
23 шілде 2023 ж. 284 0