№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » 2023 жылдан не күтеміз?

2023 жылдан не күтеміз?

Қоян жылы қазақстандықтар үшін жақсы жаңалығымен келетіні рас. Мәселен, зейнетақы мен жәрдемақының және ең төменгі жалақының артуы, ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуі, «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын жүзеге асыру, 5G байланыс желілерін іске қосу және өзге де оң өзгерістер биыл орын алатын тәрізді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет іске асырып жатқан осы және басқа да бастамалар туралы бүгін қысқаша тоқталатын боламыз.

 Жалақы мен жәрдемақының өсуі

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде ең төменгі жалақы мөлшері 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін ұлғайтылды. Екіншіден, Үкімет дәрігерлердің, мұғалімдердің, бюджет саласының басқа да қызметкерлерінің және өндірістік персоналдың жалақысын кезең-кезеңмен ұлғайтуды көздейтін Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыруды жалғастырады. Үшінші, шағын несиелеуге қолжетімділікті кеңейту есебінен ауыл тұрғындарының табысын ұлғайту жөніндегі жоба белсенді іске асырыла бастайды. Бұл жеке үй шаруашылықтарын ауыл шаруашылығы кооперациясына тартуға және мыңдаған жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Бес жылда жобаға 1 трлн теңге бағытталмақ, бұл 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамтуға мүмкіндік береді.

Осы жылы 4,4 млн адамның барлық зейнетақы және жәрдемақы түрлерінің мөлшері артады. Атап айтсақ, жылдың басынан бастап зейнеткерлер үшін ынтымақты зейнетақы мөлшері 10,5 процентке артты. Сонымен қатар Президенттің тапсырмасына сәйкес ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін (158,7 мың теңгеден 189,8 мың теңгеге дейін) ұлғайтылды. Нәтижесінде зейнетақы төлемдерінің жиынтық мөлшері жыл басынан бері орта есеппен 12 процентке өсті, бұл ретте зейнетақылардың ең төменгі мөлшері 68,2 мың теңгеден 77,4 мың теңгеге дейін артты. Бұл өсім зейнеткерлердің барлығына қатысты.

Жәрдемақылардың мөлшері де өзгерді. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің артуына байланысты мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін төлемдер өсті. Бұдан басқа, республикалық бюджеттен жұмыс істемейтін ата-аналарға бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындалады, оның мөлшері осы жылдан бастап 8,5 пайызға ұлғайды. Жәрдемақы алушылардың көп бөлігін құрайтын жұмыс істейтін ата-аналарға бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалады. Қазақстанда мүгедектігі бар балаларды және олардың отбасыларын қолдау үшін оларға кәмелетке толғанға дейін арнайы жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері 2023 жылы 56 794 теңгені құрайды.

Жаңа жылда көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақылардың мөлшері АЕК мөлшеріне өсті. Тағы бір жаңашылдықтың бірі ретінде «Отбасының цифрлық картасын» бөліп қарауға болады. Соның арқасында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтікеңбек саласындағы негізгі қызметтер проактивті форматта көрсетіледі, яғни азаматтарға тиісті мекемелерге жүгіну қажет болмайды. Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және құжат айналымын цифрландыру толық жүзеге асады.

Осындай өсімге қарай көлік жүргізушілердің де айыппұлы артты, өзге де мәселелер өзгерді.

Жастарға қандай қолдау бар?

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жастарға жеңілдікпен шағын несие берудің жаңа тетігі енгізілді. Ақшалай қаражат 21-ден 35 жасқа дейінгі өз ісін бастағысы келетін не кәсіпкерлікпен, оның ішінде тауарлар өндірумен немесе сатумен, жұмыстарды орындаумен және қызметтер көрсетумен, жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндірумен айналысатын азаматтарға конкурстық негізде берілетін болады.

Шағын несиелер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Сыйақының номиналды мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыздан аспайды, займның ең жоғары сомасы – 5 млн теңгеге дейін, мерзімі – мал шаруашылығын есепке алмағанда, кез келген мақсаттар үшін 5 жылға дейін (7 жылға дейін).

Биыл студенттердің стипендиялары 20 процентке, ал магистранттар мен докторанттардың стипендиялары 15 процентке өседі. Бұдан басқа, мемлекеттік білім беру гранттарының санын 10 процентке ұлғайту жоспарланған. Зерттеу экожүйесін қалыптастыру және инновациялық технологияларды дамыту шеңберінде отандық жоғары оқу орындарын зерттеу жоғары оқу орындарына трансформациялау процесі жалғасады.

Ғалымдарды ынталандыру және көтермелеу үшін 2000 АЕК мөлшерінде 50 «Үздік ғылыми қызметкер» сыйлығын табыстау практикасы жалғасады. Ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарды мемлекеттік ғылыми стипендиялармен және сыйлықтармен көтермелейді.

Тағы бір айта кететіні, биыл бизнес бағытында да көптеген өзгерістер болмақ. Оның негізгі мақсаты – шағын кәсіпкерлікті дамыту. Бұл бағытта қабылданған заңдылықтар қайта жаңғыртылады.

Денсаулық сақтауды саласы

2023 жылы шалғай ауылдарда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін жылжымалы медициналық кешендер кеңінен қолданылады, бұл 1,5 млн ауыл тұрғынын қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар медициналық пойыздар есебінен 300 мыңнан ауыл тұрғынына тиісті қызмет көрсету жоспарлануда. Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар іске асырыла бастайды, оның шеңберінде диагностикалық жабдықтарды жаңғырту қарастырылған.

Биылдан бастап орташа жалақыны дәрігерлерге 30 пайызға, 531 мың теңгеге дейін, орта медицина қызметкерлеріне 20 пайызға 250 мың теңгеге дейін көтеру қарастырылған. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша резидентурадағы гранттар саны 70 пайызға ұлғайтылатын болады. Жалпы, елімізде қабылданып жатқан барлық шаралардың нәтижесінде сұранысқа ие дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар өндірісі ұлғаяды, ал оларды тіркеу, сараптамадан өткізу және баға белгілеу анағұрлым ашық болады.

Ұлттық жобалар жаңғырығы

Биыл жаңа «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылады, оның аясында 842 мың оқушы орнына есептелген қажетті жабдықтармен толықтай «жабдықталған» 400-ге жуық мектеп салу жоспарлануда. Бұл мектептер қала мен ауылдағы білім беру сапасын біртіндеп теңестіре келе, қазақстандық білім беру саласын жаңа деңгейге көтереді. 2023 жылы республика өңірлерінде 220-дан астам мектептің құрылысы басталады. Оның ішінде, Сыр елінде 20-дан аса мектеп болса, соның екеуі біздің ауданға тиесілі. Жаңақорған кенті мен Жаңарық ауылында осы жоба аясында жаңа нысан бой көтереді.

Осы жылы 2023-2027 жылдарға арналған «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы қабылданбақ. Оның аясында қалалар мен ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетке қосу бойынша кең ауқымды жұмыс жүргізу, республикалық және бірінші дәрежедегі облыстық жолдардың бойында талшықты-оптикалық байланыс желілерін монтаждау, сондай-ақ бесінші буындағы мобильді байланыс желілерін енгізу қарастырылған. Бұл тілекей біздің ауданға керекті жоба.

Үйлер мен жолдарды жөндеу

2023 жылы республика бойынша 15,3 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салу көзделген. Өңірлерде 1 500 апатты және тозығы жеткен үйді бұзу бойынша жергілікті жөндеу бағдарламалары қабылданады. Бұдан басқа, халықты сумен жабдықтау қызметтерімен қамтуды 97 пайызға дейін арттыру жоспарлануда. Республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда сарқынды суларды тазарту деңгейі 80 пайызға дейін, ал жылу мен суды есепке алудың үйге ортақ құралдарымен қамтамасыз ету деңгейі 83 пайызға дейін ұлғайтылуы тиіс.

2023 жылы 11,8 мың шақырым автожолдарда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүреді, оның ішінде 4 мың км – құрылыс және реконструкциялау, 3,2 мың км – күрделі және орташа жөндеу, 4,5 мың км – жергілікті жолдарды жөндеу көзделген.

Айта кетейік, ақпараттың негізгі көзі Егемен Қазақстаннан алынған. Бұл қысқаша түйінделгені. Жаңақорған ауданында да өзгерістер көптеп болатыны анық. Газ келеді, жарық жаңартылады, мектептер салынып, ауыз судың мәселесі толық шешіледі. Егін көлемі артып, балық бизнесі байыбына түседі. Жаңа әлеуметтік нысандар ашылып, ауылдардың келбеті қайта түлейді. Ең бастысы, елдің әлеуеті артып, тұрмысы түзелгені керек. Қалғаны уақыттың көшінде ретке келе береді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

06 қаңтар 2023 ж. 212 0