№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ақ тілек - болашағымызға тірек

Ақ тілек - болашағымызға тірек

Қаңтар – жыл басы. Бұл айда Күнтізбе парағы жаңадан ашылуымен қатар барлық саланың жұмысы қорытындыланып, жаңа күнге тың күш, жаңа тыныспен қадам басады. Адамдар да арғы-бергісіне есеп беріп, ерік-жігері еселеніп, болашағын бекемдесе керек.

 Өткен жылдың қаңтары қырау қатқан қабағымен жанымызды тітіретіп, өзара тіл табысқан қаныпезер пиғылдың өміріміздің тынышын қақыратар қауіпті қатерін көпке айқындап берді. Ақ-адал еңбек, маңдайдың терімен еңсе тіктеген елдің меншігін еңкілдеп келген есерсоқтық әп-сәтте талқанын шығарар қорқынышты көріністі көз алдымызға алып келді. Сөйтсек, халық деген қасиетті атқа кір жұқтырар азғантай тобыр Тәуелсіздіктің талқанын жеп, суын ішіп, бірақ іштей жымысқы пиғылын жасырып келген екен. Сондайлардың соңынан саналы түрде ергендер бір басқа, әлі алды-артын аңдап үлгірмеген сарыауыз балапандарды да жетегіне алып, жетесіз іс-әрекеттеріне пайдаланып кеткені бәрінен де өкінішті болды. Өзекті өртеген осындай өксікті жағдайлардан жанға түскен жара әлі толық жазылып біткен жоқ.

Бірақ біз сан сынақта сыналған, сөйтсе де жарқын келешектен үмітін үзбеген қаҺарман халықтың ұрпағымыз. Бұл туралы халыққа арнаған жаңажылдық құттықтауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тілегін былай жеткізді:
«Миллиондаған азаматтарымыз секілді мен жаңа жыл жарылқасын деп алдағы күнге үмітпен қараймын. Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін оңай болған жоқ. Қаңтар айында тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет сын-қатерге тап болдық. Халқымыздың мызғымас бірлігінің арқасында біз осы қатердің бетін қайтардық. Елдігімізді сақтап қалдық. Жұртымыз көптеген сыннан шыңдалып шықты. Осы жыл Қазақстан үшін түбегейлі бетбұрыс жылына айналды. Ең өзекті мәселелерді ауқымды диалог арқылы шешіп келеміз. Биыл еліміз үшін несібелі жыл болды. 400 мыңға жуық сәби дүние есігін ашты. Біз «Балалар жылында» «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтердік. Бұл өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін қайырлы қадам. Диқандарымыз 23 млн тонна астық жинады. Бос жатқан 5 млн га жер мемлекетке қайтарылды. Мыңдаған жаңа жұмыс орындары іске қосылды. «Қазақстан халқына» қоры ашылды. Соның арқасында көптеген азаматтарға нақты көмек жасалуда. Спортшыларымыз әлемдік жарыстарда көк туымызды желбіретті. Күрделі геосаяси жағдайда Қазақстанның халықаралық беделін арттырдық. Мемлекеттігімізді нығайтып, жаңару және жаңғыру жолына түстік. Біз жалпыхалықтық референдум өткізіп, шын мәнінде жаңа Конституциямызды қабылдадық. Онда нағыз әділдік рухы көрініс тапты Президент жеті жылдық мерзімге бір рет сайланатын болды. Сайлау жүйесіне жаңа ережелер енді.


Негізі мақсат – мемлекеттігімізді нығайту және халқымыздың әл-ауқатын арттыру. Алдағы жылы ұлт рухын көтеретін маңызды іс-шаралар атқарылады. Өткен жылдағы ауыртпалықтарға қарамастан біз болашаққа жарқын үмітпен қараймыз. Алдағы жыл зор мүмкіндіктер жылы болады деп сенеміз».

Міне, газет ұжымы мерекелік күндерге орай берілген демалыстан соң алғашқы жұмыс күні 2023 жылдың №1 санын шығаруға кірістік. Осы сәт есігімізден енген қария кабинетке кіріп, орындыққа жайғасты да екі қолын жайып, батасын берді:

Ақ жүрек болсын жолдасың,
Адалдық әркез қолдасын.
Жақсылық үшін тірлік қып,
Жақындарың қолдасын.
Арынды болсын шабысың,
Алымды болсын табысың.
Найзадай болсын намысың,
Ер жігітке бәрі сын.
Ауырлық көрсең жұқарма,
Қиындық көрсең мұқалма.
Қамқоршы бол кішіге,
Үлкенді үлгі тұтарда.


Бұл батаны беріп отырған Манап Көкенов атамыздың артында бүгінде туған бауырларынан қалған жалғыз тұяқ – Құттықожа Көкенұлы. Әкелері соғыстан 1947 жылы бір-ақ оралған, қырық бес жасында туған ұлдарына осы есімді еншілеткен екен. Ол кезде Әбдіманап, Әбділла, Әбдірахман атты ұлдары біраз ер жетіп қалған кез екен. Әкесінің шын есімі Әбдісадық, жеңгелері өте сөзшең, кез келген кісіге пародия жасай алатын қайныларын Көкен деп атап кеткен. Ал аналарының есімі Алтын. Бұл екі кісі де рабфакта оқып, ол кезде Ворошилов колхозында трактор айдаған. Мемлекет қайраткері болған Әбдікәрімұлы Исатай кезінде осы кісінің жәрдемшісі болыпты. Ата-ана дәстүр бойынша қолдарына кіші баласы Құттықожаны алып қалған екен. Кейін бұл баласына көңілі тллмады ма, «Кап, қолға Манапты алып қалуым керек еді. Ол маған жеті жасында нанын жегізіп еді» деп айтып отыратын көрінеді әкесі. «Жиырмаға келген мен әлі оның жолын таппай жүргенде жеті жасар өскін сізге қалай нан тауып бере алды?» деп айран-асыр болады бұл. Сөйтсе, мәселе былай екен. Манаптың бала кезінен ұйқастырып өлең шығаратын әдеті болған екен. Бес-алты жасар балаға баласын бақтырып қоятын қатынқалаш көп, қырман басында соларды қарап отырып, бір жағынан еңбек адамдарына арнап суырып салма өлең шығаратын бала Манаптың ақындығына бәрі тәнті болыпты.

Бірі мақтағанына сүйініп, бірі ауызбастырыққа қос уыс бидайын ұсынып, бала ақын үйіне бір дорба астық алып қайтады екен. Ол ұнды анасы ашытқанда бес-алты таба нан шығады. Әкесінің айтып тұрғаны сол. Манап осы әдетінен өмірден өткенше жаңылмағанын айтады бауыры. Жалақысын өзі алатын шығар, ал аудандық, облыстық, тіпті республикалық басылымдардан келетін қаламақысын түп-түгел қарашаңырақтағы осы бауырына беріп отырыпты. Алғашқы кітабы – «Мың бір сапарға» 14 мың сом шыққан екен, мұны да бауырына ұсыныпты. Қазір мұндай ақшаны мың жерден бауырың болса да бере қоюымыз қиын-ау. Манап осындай адам болған.

Біздің құтты қонағымыз «Қырықтың бірі – Қыдырдай» болған қайран ағасы туралы тағы біраз сырдың тиегін ағытты. Оның ішінде Манаптың Нартаймен бір жүрген достығы, Адырбек пен Манаптың бес саусақтың саласындай тығыз шығармашылық қарым-қатынасын бейнелейтін түрлі әсерлі оқиғалар туралы әңгімеледі.

Білгеніміз, бұл кісілердің төртінші бабалары Ыбырайым шайх шайыр болған кісі екен. Ол кісі әңгімесін тек ұйқастырып тақпақтап жеткізген. Манапқа қасиет сол кісіден ауған көрінеді. Он төрт-он бес жасында Нартайға ерген. Алғаш Бірлік ауылында Әбжан Құрышжановпен айтысқан.Слдан бастап мәдени үгіт бригадасында тер төккен. Бұл оқиғалар жөнінде ағамыз алдағы уақытта тағы келіп, біраз хиқаяларды айтып беретін болды.
Сөз аяғында бізге мынадай әдемі батасын тағы берді атамыз. Ол мынау:

Ел көңілі шалқысын,
Күн нұрына балқысын.
Перзенттері тік тұрып,
Қызмет етсін халқы үшін
Қара жерге шаншылып,
Орман болсын тал шыбық.
Егінжайлар жайқалсын,
Ақ жауынға малшынып.
Қыдыр Ата қолдасын,
Қой егізден қоздасын.
Жұмыр басты пенделер
Ойламасын өз басын.
Бұзау үзіп бұйдасын,
Сиыр уыз сыйласын.
Көже құйып көршілер.
Бірін-бірі қинасын.
Қыл-құйрықты өсіріп,
Құлын шапсын көсіліп
Жылқышылар құрық сап,
Атқа мінсін төс ұрып
Көк қауласын дүркіреп
Жаңбыр жаусын сіркіреп
Жаңа дүние жаңғырсын,
Ой-сананы сілкілеп.
Әумин!

Баян Үсейінова

05 қаңтар 2023 ж. 203 0