Кімсін? Борис Исаевичпін!
Ауылдың топырағында туып, таяқты ат қып мінген тұрымтайдай түлекті бойда бар таланттың ұшқыны аяқ-қолын жерге тигізбей, жиырма төрт сағат зырылдатып елге қызмет еттіріпті. Сол еңбек жолыңда көпке пайдаң тиюі өз алдына, жалпыға сүйкімің артып, көпшілік дәйім іздеп тұратын қажетті адамына айналу дегенің, оһо дерсің, бұл енді бөлек әңгіме.
Өзі Қарасопыда дүниеге келген. Аудан орталығындағы №51 мектепті бітірген соң педагогикалық училищені, одан әрі кәсіподақтардың жоғарғы мектебінде мәдени-ағарту саласы мамандығын бітірген. Елге келген соң Жаңақорған шипажайына мәдени көпшілік жұмыстарын жүргізуші болып жұмысқа қабылданыпты.
Ол кезде аты Одаққа белгілі, елдің түкпір-түкпірінен жолдамамен 24 күнге демалушылар келіп-кетіп жататын, әр кезегінде 800-дей кісі қабылдайтын Жаңақорған шипажайында қызмет атқарған ширек ғасыр бұл кісінің де даңқын шығарыпты. Биекеев Бәйден Исаұлы Борис Исаевич атанды. Бәрі де шекара дегенді білмейтін, сезімі бардың жүрегіне қонақтап, туысынан да артық түсіністікке жол ашатын, тіпті қимас жандарға айналдыратын асыл өнердің арқасы.Кейін,тоқырау жылдарында шипажай жұмысы тоқтаңқырап, мазасы кеткен соң басқа жұмысқа ауысып, тірлік бастап жатқан кезі, Мәскеудің аэропортында біреу «Борис Исаевич!» деп тани кетті. Баяғы санаторийде демалушылардың бірі. Қалай таныған? «Біз көппіз, есте қалмауымыз мүмкін. Сен көз алдымызда жалғыз жарқырап жүргендіктен сені ұмытпадық» деп жатыр ол ағасы ағынан жарылып.
Хош. Бүгінде жасы сексенге жақындаған, туған жерден жырақтау өмір сүріп жатқанына отыз жылдан асса да атамекен тынысынан қол үзгісі келмей, төл басылым – «Жаңақорған тынысының» әр нөмірінен тігінді жасап қойып, оқып отырған бұл ағамыз ескі жылдың ең соңғы жұмыс күні – отызыншы желтоқсанда редакциямызға келуді ұйғарыпты. Бұған дейін ауылда тұратын қарындастың мекенжайына газетімізді жаздырып, ағайын-туыстан алдырып оқып келген елжанды тұлға осы жолы жиырма дана «Жаңақорған тынысына» жазылып, Жаңауылда тұратын байырғы көрші-қолаңға демеуші болатын ниетін білдірді. Не деген үлкен жүректілік дедік. Мұны адамдарға ең үлкен сыйлығым деп санайды өзі. Неге? Осы жасқа келгенге дейін небір қиын да, қызықты күндер өтіпті басынан. Кез келен пендесіне бұйырар тағдырдың тартуы солай, бірде тасытады, бірде жасытады. Бірақ бұл кісінің өмірлік қағидасы, руханиятты қандай жағдайда жанынан табылар айнымас серігіне айналдыра біліпті. «Аптасына 3 мың газет-журнал оқимын» деді аға бізбен әңгімесінде. Бүгінде Шымкент қаласында тұрып жатқан ақсақал таңертең қала киоскілерін сүзіп, түскен жаңа газет-журналды түгел сатып алатынын айтты. Телефонмен де, телевизормен де ісі жоқ, соның бәрін қарап шығуы тиіс. Содан алатын жан рахатын дүниеде ешнәрсемен теңгере алмайтынын және қосты. Бұл кісінің сөзіне біз сендік. Шындығына келгенде, қаламгер қауымның көз майын тауысып, бүгінгі күннің бейнесін, өткеннің елесін, келешектің белесін көңіл сүзгісінен өткізген дүниелері тасқа басылып келіп, тұрақты да сырлас меншігіңе айналып жатса бұл үлкен құндылық. Ақпарат айдынында да нақтылыққа жаны құштар аға буынның бәрінен бұрын мерзімді басылымды асыға күтіп отыратыны содан. Қадағалау жоқ, бейберекет кеңістікте кім болсын сол ойына келгенін айтып, жаза беретін әлеуметтік желіге құр уақыт шығындағысы келмейтін ағамыздың ұстанымы да салмақты көрінді.
Енді қонағымыздың Борис Исаевич атанып жүруінің сырына тоқталайық.
«ЖАҢАҚОРҒАНДА ЕҢ АЛҒАШ ЭСТРАДА ТОБЫН ҚҰРҒАНМЫН»
Сонымен, бұл кісінің жиырма бір жасынан бастап Жаңақорған санаториясына культмассовик болып жұмысқа орналасқанын айттық. Өзі жақсы музыкант. Демалушыларға күн сайын концерт беру керек болса да сасатын жайы жоқ. Неге десеңіз, өзінің екі бірдей бауырын тартып, жанұялық ансамбль құрып алыпты. Біз өткенде Жаңақорғанда 1972 жылы ең алғаш эстрадалық топ құрған «Экспрестің» 50 жылдығын тойладық. Ал бұл кісілер 1965 жылы құрыпты эстраданы. Бірақ бұл құрам Жаңақорған шипажайының концерт залында демалушылар алдында ғана өнер көрсеткен. Топтың аты да болмаған. Сондықтан тарихта қалмай тұр. Шындығына келсек, жергілікті жердегі эстрада жанрының алғашқы қарлығаштары осылар болып тұрған жоқ па? Ағалы-інілі Өтеш пен Жамалхан бірі бас гитарада, бірі гитарада, ударникте кейіпкеріміздің өзі, тағы бір орыс жігіті болған құсайды, кейінірек Ямаха сатып алып, оған Гена Қалжанұлы иелік етіпті.
Бұдан өзге өңірімізге гастрольдік сапармен келетін танымал әншілер демалушыларға концерт қоймай кетпейді. Өйткені олардың ас-ауқаты мен жатын орнын мойынға алатын санаториядағы ағайынның «жұлдыздардың» концертін тегін көруге толық құқы бар. Соның бәрін ұйымдастыратын осы пысық жігіт. Ол кезде демалушыларды самолеттен, пойыздан түскен бойда күтіп алу мен шығарып салудың барлығын санатория кәсіродағы мойынға алған, осы жұмыстың барлығын шебер үйлестіру нәтижесінде шипажай жарнамасы жарқырап, танымалдылығы артқан. Жұмыстың бәрі орыс тілінде жүреді. Өйткені демалушылардың көпшілігі өзге ұлт өкілдері ортақ орыс тілінде сөйлейді. Соның бәрінің ортасында бір күні екінші күнге ұқсамайтын қызықты шараларды ойлап тауып, жарқырап жүретін жігітіміз орысшаға судай ағып тұрмаса тағы болмайды. Бар істің оябын табатын жас жігітті сәл төбесі көрінбей қалса «Где наш Борис Исаевич» деп іздеп кететіндер көп. Санаторий басшысы Құлтас Әшірбековтың «Осы мен бастықпын ба, Бәйден бастық па?» деуінің мәнісі сол.
Мәскеуде өтетін Одақтық деңгейде курорттар мәдени қызметін үйлестірушілердің байқауына қатысуға барған жалғыз қазақ Бәйден Исаұлы болыпты. Үстінде қызыл костюм, оған түстес қызыл туфли іздейтіні сол кез. Жетпісінші жылдарға дейін мұндай костюмді райкомың да киіп көрген емес. Ал біздің Бәкең киген. Өйткені санаториялар кәсіподағы тікелей Алматының қарауында, жылына екі рет әдемі формамен қамтамасыз етуді осы мекеме мойнына алған екен.
Тәйірі, кісінің беделін көтеретін үстіндегі киімі ғана ма екен? Бойыңда соның барлығын көтеріп тұратын талантың болмаса бәрі бекер.
Шипажайға жер-жерден келетін қаншама белгілі өнер иелерімен саабақтаса, табақтаса жүріп көп нәрсе үйреніпті. Сол үйренгенін қарапайым ауыл өміріне ендіріп, өмір ағымын жаңаға қарай бұруға да көп еңбектеінпті бұл кісі. Жаңақорғанда жалғыз ресторан бар еді. Кейін өртеніп кетті. Соған ең алғаш алпыс адамдық тойды өткізіп, асабалық қызметті тұңғыш ендіргенін айтты. Оған дейін жым-жырт ауылда той-томалақта ішіп-жегені болмаса ешкім асаба дегенді білмейді. Бұл кісі соны ескеріп, санаторияда өзі құрған эстрадалық бағдарламаны әр үйде өтіп жататын тойға әкеліп, ол тойда немесе құдалықта асабалықты өзі мойнына алып, еңбекақысына 150 сом ақшаны қарауындағыларға қылдай бөліп беретінін де жасырмады. Біздегі той жүргізетін Қалтай, Уәли сынды асабаларымыз сол кездері осы ағасына қызыға қарап отыратын жас өскіндер болғанын айтты қонағымыз.
Бүгінде жеке кәсіпкерлікпен айналысатын ағамыздың Шымкент қаласында жеке баспаханасы бар екен. Туған жердің төл басылымындағы етжеңді материалдарды кітап етіп шығару да ойында бар көрінеді.
Ең жақсысы – сырттай тілектестікте болу дейді. «Қайда жүрсеңіз де аман болыңыз, Борис Исаевич!" дейміз біз де.
Баян ҮСЕЙІНОВА