» » Марапатпен мерейленген сәт

Марапатпен мерейленген сәт

Жаңа жыл – әлемнiң көптеген халықтары тойлайтын ортақ мереке. Жыл қорытындыланып, жаңа басталар жылды жаңа үмітпен қарсы аламыз. Әр жылдың өз салмағы болады, жетістігімен, көрсеткіштерімен бағаланады. Халқымыз «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» деп, келер жылдан үлкен үміт күтіп, жақсылықтар тілейді. Әдетте жыл аяқталар уақытта барлық саладағы жұмыстар қорытындыланып, үлгілі еңбек еткен азаматтар марапатталады. Аудан әкімдігі 2022 жылы да сол үрдістен жаңылмай, бірқатар азаматтарға құрмет көрсетті. Салтанатты шараны аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы ашып, көпшілікке ізгі тілегін білдірді.

 – Сіздерді санаулы сәттерден соң ортамызға енгелі тұрған Жаңа 2023 жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Жаңақорған ауданы облыста қарқынды дамып келе жатқан аудандардың бірегейі. 2022 жылдың 11 айында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 40,853-ті құрады. Бұл өткен жылдағыдан 126,5 пайызға артық. Салықтық түсімдер 133,3 пайызға артық орындалып, бюджеттің шығыстары 99,9 пайызды құрайды. Ал, құрылыс жұмыстарының көлемі 7571,0 млн. теңге. Салынған тұрғын үйлердің жалпы ауданы 57 500 шаршы метр болып, өткен жылмен салыстырғанда 279,7 пайызға өсті. Бір сөзбен айтқанда, 2022 жыл біздің ауданымыз үшін ауыз толтырып айтарлықтай табысты, жемісті, мерейлі жыл болды. Әрине, 2023 жылға да жүйелі жоспарлар құрып отырмыз, оларды ел игілігі жолында іске асыруға ерік-жігеріміз бен қажыр-қайратымыз толық жетеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, мұндай абыройлы жұмыстарды атқаруға Сіздердің де қомақты үлес қосатындарыңызға кәміл сенімдімін. Жаңа жылдық басқосуды пайдаланып, әрбіріңізге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықпыз. 2023 жыл еліміз үшін мол табыстар мен жетістіктерге толы жағымды жыл болғай! Жаңа жыл әрбір шаңыраққа бейбіт өмір, тыныштық пен мол жақсылықтар ала келсін, – деп жылы лебізін білдірді.

Иа, тәуелсіздік алған уақыттан бері Жаңақорған ауданының өзіндік биігі қалыптасып, жарқын істерімен, байыпты бастамалар орындалды. Осы жолда өзіндік еңбегі сіңген азаматтар бар. Солар мерекелік медальдармен марапатталды.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен Жаңақорған аудан аралық емханасының басшысы Үсейінов Сәкен Әлеудинұлы марапатталды.
Сонымен қатар, «Жомарт жүрек» номинациясы бойынша «Нұрбол-И» шаруа қожалығының төрағасы Изатулла Ергешұлы, «Денсаулық сақшысы» номинациясы бойынша дәрігер, терапевт Ришад Сайпудинұлы, «Мәдениет саласының үздігі» номинациясы бойынша Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің қызметкері Мұхтар Мұхамеджанұлы, «Үздік кәсіпкер» номинациясымен «Заңғар» сауда орталығының иесі Нұржан Шамсудинұлы, «Жыл спортшысы» номинациясы бойынша парадзюдодан әлем чемпионатының 3 орын иегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Олжас Оразалыұлы, «Үздік сарбаз» номинациясымен Жаңақорған аудандық Полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінің тергеушісі, полиция аға лейтенаты Нұрдәулет Әбжаппарұлы, «Үздік өрт сөндіруші» номинациясы бойынша Жаңақорған аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің №14 Өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі-құтқарушысы азаматтық қорғау сержанты Айдар Ильясұлы, «Үздік әлеуметтік қызметкер» номинациясымен әлеуметтік қызметкер Нағима Әбдіқадырқызы, «Ауыл шарушылығының үздігі» номинациясымен «Арай» шаруа қожалығының төрағасы Мейрамбек Тұрғанбекұлы, «Энергетика саласының үздігі» номинациясы бойынша «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ Жаңақорған аудандық электр торабының жүргізуші электр монтері Жомарт Аралұлы, «Еңбекші жан» номинациясымен Рахия Ахметқызы, «Жыл жанашыры» номинациясы бойынша әлеуметтік желі белсендісі Сандуғаш Шынболатқызы, «Үздік қаламгер» номинациясымен «Жаңақорған» тынысы газетінің тілшісі Балжан Романқызы, «Қызмет» Салалық кәсіподағының еңбек озаты медалімен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылыс бөлімінің бас маманы Шынар Әшірқызы марапатталды.

Жылжабар сәтте марапатпен мерейленген мезетке куә болдық. Яғни ауданның өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға лайықты деңгейде құрмет көрсетілді.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің алғыс хатымен Күкірт қышқылы зауытының бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Дайрбек Қаленұлы, «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Бейбіт Үрімбекұлы, «Сарман Тастақ Жаңақорған» жауапкершілігі шектеулі серіктестінің директоры Темірхан Батырханұлы марапатталса, Облыс әкімінің алғыс хатымен Жаңақорған ауданының прокуроры Аянұлы Дабыл, «ҚазТрансГаз Аймақ» Акционерлік Қоғамы Қызылорда Өндірістік Филиалының Жаңақорған газ шаруашылығының директоры Сұлтан Батырұлы, Жаңақорған ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы Ақәділ Оразбекұлы, Жұмыспен қамту орталығының есепші маманы Данияр Жұмағалиұлы марапатталды.

Ал, аудан әкімінің алғыс хатымен «Бекарыс-С» шаруа қожалық төрағасы Аблайхан Қарақбайұлы, «Сатдин» шаруа қожалық төрағасы Ғабит Сүндетұлы, «Тұрсынбек» шаруа қожалық төрағасы Тұрғали Тұрсынбекұлы, «Жаңажол АЖ» шаруа қожалық төрағасы Жүсіп Алтынбекұлы, «Дамир-С» шаруақожалық төрағасы Санжар Серікбайұлы, «ҚырӨзгент» шаруа қожалық төрағасы Темірхожа Мажитов, «Ойшеңгел» шаруақожалық төрағасы Әбдікерім Сейдуллаұлы, аудан әкімдігінің құжаттама бөлімінің бас маманы Нұргүл Кенбаеваның мерейлері үстем болды.

Жыл бойы еселі еңбек еткен сан саланың мамандары бұл күні ерекше құрметке бөленді. Марапат иелеріне мерейлеріңіз үстем болсын демекпіз. Келер жылы яғни қоян жылы күткеніміз келсін, арман-тілегіміз жүзеге асып, бақ-берекеміз таси берсін. Жаңа жылда Сіздерге игілік пен ізгілік, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық тілейміз! Жаңа жыл жаңарудың жаршысы болсын, ел несібесіне құт келсін!

Әсел РЗАЕВА

01 қаңтар 2023 ж. 158 0