Әліпби ұлт таңбасының тұғыры
Қазақ халқы кеңестік қызыл империяның пәрменімен ХХ ғасырдың алғашқы 20-30 жылында 3 рет әліпбиін (алфавитін) ауыстырған екен. Мұның астарында халықтың ғасырлар бойғы жинақталған бай рухани тарихын біржолата ұмыттыру, отарлау, орыстандыру, жалған «сауаттандыру», мәңгүрттендіру саясаты жатқандығын бүгінгі ұрпақ жақсы біледі.
Әлемдік тәжірибе бойынша өркениетке, мәдениетке және ғылымға бет алған кез-келген мемлекет ең алдымен тілдің дамуына ерекше көңіл бөледі. Қазақ тілінің жаңа әліпбиге көшу талабы – Тәуелсіз мемлекет пен қазақ қоғамының таңдауы. Бұл туралы қазақ зиялылары ертеден айтып келеді. Латын әліпбиіне көшуге қатысты үлкен мәселенің бірі – әліпби нұсқасын таңдау. Зиялы қауым өкілдері латын әліпбиінің әлемдік ақпарат кеңістігіне шығаратын төте жол екенін, әлем халықтарының 80 пайызы қолданатын әлемдік жазу екенін баса айтып келеді. Латын тіліне көшу заман талабы, бәсекеге қабілетті болу қажеттілігі, оған көшу қазақ тілін жаңғыртып, мемлекеттік тіліміздің мәдениеті мен мәртебесін көтеретіні әлемдік өркениетке жетуге жол ашатыны, бүкіл әлем қазақтарын, түбі бір түркі дүниесін біріктіре түсетін аса зор, өте маңызды фактор екендігі де жан-жақты насихатталуда.
Біздің мұрағаттарда шаң басып жатқан көптеген мұрамыздың дені латын әліпбиінде жазылған. Латын әліпбиіне өту арқылы баға жетпес інжу-маржан, бай мұраларымызды кеңінен зерттеуге мүмкіндік алар едік. Мәселен, алаш арыстарының латын әліпбиімен жазылып жарияланған қаншама еңбегі көпшіліктің кәдесіне асырылмай, іздеушісін күтіп жатқаны жасырын емес.
ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Бүгінгі компьютер заманында әлемдік ғаламтор жүйесіндегі ақпарат кімнің қолында болса, сол өз билігін емін-еркін жүргізе алады. Ал ақпараттың басты құралы – жазу. Яғни ғаламтор жүйесінде үстемдік жасаушы – ол латын графикасы.
Білім, ғылым, өндіріс саласына еніп жатқан жаңа технологияларға латын әліпбиі арқылы қол жеткізудеміз. Сондықтан латын әліпбиіне көшумен халықаралық ақпараттық кеңістікке шығу жеңілдейді, яғни ғаламтор жүйесін халқымызға ана тілінде меңгеруге жол ашылады. Қазір бәріміздің көзіміз ашық, көкірегіміз ояу, бірнеше тілді бес-алты айдың ішінде қорықпай, еркін үйреніп алып жатқанда, ана тіліндегі дыбыстарды басқаша таңбалауды ғана меңгеріп алу бүгінгі жас ұрпаққа көп қиындық келтірмейді. Әрі бүгінде ұялы байланыстағы хабарламалардың көбі осы графикамен жазылуда екені баршамызға мәлім.
Қазірдің өзінде қала және ауылдық елді мекендерде көше бойындағы билборд және тақталарда ел, жер, су атаулары латын тілінде жазылған үлгілерді көптеп кездестіруге болады. Сөйтсе де жазу таңбалары жалпыға ортақ бірыңғай ережеге тиянақталмауы көбімізді тұйыққа тірейді. Бұл ретте нақты үлгі ендірілуі тиіс.
Әлемдік тәжірибе бойынша өркениетке, мәдениетке және ғылымға бет алған кез-келген мемлекет ең алдымен тілдің дамуына ерекше көңіл бөледі. Қазақ тілінің жаңа әліпбиге көшу талабы – Тәуелсіз мемлекет пен қазақ қоғамының таңдауы. Бұл туралы қазақ зиялылары ертеден айтып келеді. Латын әліпбиіне көшуге қатысты үлкен мәселенің бірі – әліпби нұсқасын таңдау. Зиялы қауым өкілдері латын әліпбиінің әлемдік ақпарат кеңістігіне шығаратын төте жол екенін, әлем халықтарының 80 пайызы қолданатын әлемдік жазу екенін баса айтып келеді. Латын тіліне көшу заман талабы, бәсекеге қабілетті болу қажеттілігі, оған көшу қазақ тілін жаңғыртып, мемлекеттік тіліміздің мәдениеті мен мәртебесін көтеретіні әлемдік өркениетке жетуге жол ашатыны, бүкіл әлем қазақтарын, түбі бір түркі дүниесін біріктіре түсетін аса зор, өте маңызды фактор екендігі де жан-жақты насихатталуда.
Ботакөз Бекмахан