«Ей, жолаушы, екпініңді бәсеңдет...»
Дамыған жаңа технологияның арқасында жаңарған тақтайдай жолдармен зулап кетіп бара жатқан жолаушы жол бойында осы жазуларды көргенде сана түйсігін тарихқа бұрып, аз-кем болса да ойға қалатыны анық. Бұл төбенің астында жағалай аштық құрбандарының денесі жатқаны туралы өткен күн шындығы жүректі сыздатпай қоймайды.
Қызылорда облысы және Түркістан облысы тарихшы ғалым зерттеушілерінен құралған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жұмысшы тобының аудандарға экспедициясының мазмұны осы бағытта өрбіді.
Жұмысшы топ алдымен аудан орталықтарында көшпелі семинарлар ұйымдастырды. Ең алдымен Жаңақорған ауданында кездесіп, тарихи орындарға біріккен экспедиция жүргізді.
20 ғасырдың басында қазақ даласында орын алған екі бірдей ашаршылық ұлтқа қасіретті тағдыр арқалатты. Жаңақорған ауданында жергілікті тұрғындардың айтуы бойынша Бесарық ауылы маңайындағы Байғабыл бауы, Қосымсарай деген жерде аштықтан қайтыс болған адамдар көмілген. Бұл туралы 72 жастағы Бесарық ауылының тұрғыны Медеу есімді ақсақалдың көрсетуі бойынша жұмысшы тобы барып көзбен көрді. Ақсақалдың айтуы бойынша атасы Байғабыл егін егіп, мал ұстаған, диірмен тартқан, Арқадан ауып келген көп кісілердің амандығына септігін тигізген. Арқадан ауып келгендердің арып-ашып жете алғанының да көбі өліп кеткен, өйткені аш өзегіне түсіп кетеді, сондықтан атамыз ас қайнаттырып, бір сағат сайын қасықтап тамақ беріп, аман алып қалған.Көбі елдің етегіне іліенгенде әлі құрып, қырылып қалған. Кейін «СЕкретарь төбе» деп аталған бұл төбеде ғасырлар сыры сайрап жатыр.
Мұндай жерлер көнекөздердің айтуынша аймағымыздың көптеген жерлерінде кездеседі. Шиелі ауданы төңірегінде Ақмая, Гигант, Ортақшыл ауданының Ақтөбе деген жерінде ашаршылықтан қайтыс болған адамдар жерленген жерлер бар. Сол Сияқты Жалағаш, Сырдария ауданының 8 және 9 бекеттері мен 14,15 разьезд аралығында мидай дала осындай құрбандар жерленген орын болып табылады.