№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Алыпсатарлық ар - ұяттан аттау ма?

Алыпсатарлық ар - ұяттан аттау ма?


Азық-түлік бағасы қымбаттауын тоқтатар емес. Дүкен жағалаған жұртшылық осылай деп дабыл қағуда. Әсіресе күнделікті тұтынатын нан, картоп, сәбіз, күнбағыс майының бағасы мың құбылуда. Қажетті заттардың барлығы елімізде өндірілетінін ескерсек, халықтың алаңдауы заңдылық. Қалтасы жұқа жұртшылықтың көбі азықтүлікті несиеге алуға көшкенін көріп, көңіл құлазыды.

  Азық-түлік бағасын осынша шарықтатып, қымбатшылықты қолдан жасап отырған кәдімгі алыпсатарлар. Бұл – қоғамның пікірі. Қарапайым қызанақ пен қияр бағасын қымбаттатқандар шетел асып, тауар әкелмейді. Жергілікті диқандардың өнімін арзан бағада сатып алып, халыққа екі-үш есе қымбатқа сатады. Күн жылынып, жерге көк шыққаннан кетпендерін арқалап жер анадан ризықтарын теріп отырған дала еңбеккерлерінің бірі Нұржан Қалмырзаев біздің сөзімізді дәлелдей түсті.

– Шынымды айтсам, соңғы он жылдан бері қарбыз егемін. Ала жаздай еңбектенеміз, уақыты келіп, пісіп тұрған өнімді өткізуге келгенде аздап қиналатынымыз бар. Өйткені, ұзақ сақтап отыра алмайсың. Дер кезінде өткізіп жібермесең, еңбектің бәрі бос кетеді. Өз басым еккен қарбызды базарға апарып сатқан емеспін. Бізге саудагерлер өздері келіп алып кетеді. Әлбетте, бізден 80-90 теңгеге алса, оны базарға апарып 400-500 теңгеден сатады. Кейде тіпті жерге ұрып, 50-60 теңгеден сұрайды. Сондай кезде қиын. Қазір өзі адамдардан қанағат кеткен заман болды ғой. Әлгі алыпсатарлар үлкен бір көлікпен келіп, азын-аулақ ақшаға толтырып тиеп кетеді. Оны базарға апарып өздері еккендей қымбат сатып тұрады. Бағаны удай қымбаттатып, халықты қинайтын алыпсатарлар болмаса, жерлестерімізді арзан қарбызқауынға қарқ ететін жағдай бар. Өкінішке қарай, арадағы делдалдардың әрекетінен өндіруші мен тұтынушы зардап шегеді. Адамда қанағат болу керек қой, – деп көңіліндегіні жасырып қалмады.

Жылыжайда өсетін қызанақ, қияр бағасының сауда нүктелерінде 800-1000 теңгеден асып кететінін көріп, жағамды ұстадым. Әлбетте бұқара халық бұған наразы. Билік басындағылар мен тиісті сала мамандары белгілі бір шара қолданбаса болмайды. Делдалдардың «жер төсін емген» ауылдағы ағайынның еңбегін бұлай бұлдағаны жарамайды.

Кент орталығында азық-түлік сататын ірі-ірі сауда орындарының әрбіріне арнайы бас сұғып, азық-түлік бағасын саралап көрдік. Қымбатшылық көзге ұрып тұр. Әсіресе сұйық май, нан өнімдері мен жеміс-жидектердің бағасы күрт өскен. Күзгі жиым-терімнің молшылығына қарар емес. Удай бағаны әлі ұстап тұр. Картоптың келісі 200 теңге, орамжапырақ 220, сәбіз 200 теңгеден сатылып жатыр. Кент тұрғыны Айжан Мансұрованың сөзіне құлақ түрсек:
– Қалтама 20 000 мың теңге салып келіп едім. Бар алғаным төрт мың теңгеге бес литр сұйық май, 7500 теңгеге үш келі ет, шөкімдей қызанақ, картошка мың теңгеге айналды. Әлгі кір жуатын ұнтақты 3800 теңгеге алдым. Не деген сұмдық, барлығы қымбаттап кеткен. Әсіресе, картошканы айтсай. Жұп-жұқа нанның бағасы 180 теңге. Жарайды, мұғалімдердің айлығы өсті, елдің басым көбі жоғары мөлшерде жалақы алады. Мынадай баға жұқа қалтаны жұқ көрер емес. Айлықтан айлыққа әзер жетіп отырмыз, – деп ойын ашық айтты.

Ал, базардағы саудагерлердің пікіріне ден қойсақ, бұл бір-екі күнде сабасына түскені, баға бұдан да жоғары болғанға ұқсайды. Мәселен, алманың келісі бізде 350-400 теңге, басқа қалаларда 600- 800 теңгеден сатылып жатыр. Сонда ынсапсыздық ортадағы делдалдардан келіп тұр ма? Біздегі «үстіне 5-10 теңге қоямыз» деп ант-су ішетін алыпсатарға ай дейтін әже, қой дейтін қожа болмай тұр-ау. Үкімет әлеуметтік маңызды 19 тауар түріне шекті баға бекіткен. Бұған ұн, құмшекер, бөлке нан, қарақұмық, күріш, айран, сүт, шемішке май, сары май, сүзбе, қолдың сары майы, картоп, жуа, сәбіз, қырыққабат, тұз, ет, тауық еті, жұмыртқа, рожки кіреді. Дей тұрғанымен, базар бағасына бақылаудың әлсіздігі көрініп-ақ тұр. Ия, сатушының да, алушының да уәжін тыңдадық.

Осы тұста айта кетейік, ауданға тауардың көбі көрші аймақтардан келеді. Жолақының қымбаттығы, жанар жағармайдың тұрақсыздығы базардағы тауар құнының өсуіне әкеліп соғады. Қымбатшылық етек жайған қоғамда саяси мәселелердің де қордалана берері сөзсіз. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне әр түрлі жағдайлар себеп болып отыр, дейді мамандар. Мысалы, ұнның қымбаттауы азық-түліктік астықтың босату бағасының өсуінен болса, жармалардың қымбаттауы астық өнімінің төмен болуынан туындап отыр және Ресейдегі бағаның көтерілуінен деп топшылайды. Дегенмен, елімізде ұн бағасының көтерілуі ақылға сыймайтын жайт. Себебі, дәл қазір біздегі ұн өндірісінің көлемі ішкі тұтыну мөлшерінен екі есеге жоғары екені баршаға белгілі. Онымен қоса, әлемдік ұн нарығында алдыңғы орында тұрмыз. Жылдағы баға тұрақты екен. Алайда, өзімізден шығатын өнімнің жоқтығы нарықтың тұрақсыздығына алып келуде.

Алыпсатарларды көбінесе базар маңынан кездестіресіз. Таң азанымен өнімін арқалай келген еңбекшінің бірінші тұтынушысы да осы азаматтар. Дихан еңбегін арзан бағалап алғанымен, өздері екі-үш есе қымбат сатады. Бірақ, мұнысын мойындамайды.
Сонымен қатар, әрбір қазақ отбасы етсіз отырмайтынын ескерсек. Бүгінде еттің келісі 2200-2500 теңгенің аралығында.

– Өзім бала күнімнен мал бағамын. Төрт түліктің жайын жақсы білемін. Алайда, өзім мал сойып, базарға шығарып сатпаймын. Өйткені, менің оған уақытым жоқ. Базарда ет сататындар немесе мал алып сататын алыпсатарлар өздері үйден келіп алып кетеді. 150 мың деп тұрған ірі қараны 90 мыңға сұрайды. Жабағыларды 180- ге, ірілерін 200 мыңға әрең алады. Базарға апарып қымбат бағаға сатып тұрады. Көбінде көліктері жоқ ауылдағы малмен отырған ағайынның көрген күні осындай. Барларына бар малды сойып сату машақат. Шалғайдағы қалаға бір апарғанда кемінде 5 мал сойып апару керек. Ал, малдың сұранысы артар уақыт – ол соғым кезі. Қақаған қыстың аязында далада тісің-тісіңе тиместен мал сойып ішек-қарын тазалау оңай іс емес. Сондықтан мал алушы алыпсатарларға еріксіз айтқан бағасына береміз, – дейді Әмірқұлов Аманбай деген азамат.

Түптеп келгенде, алыпсатарлардың жолын кесу мүмкін емес. Нарықтың талабы өз алдына, ынсапты ұмыту өз өмір сүрген ортамызда мәселелердің туындауына әкеліп соқтырып жатыр. Өзі қиналмауын тілейтін әркім өзгенің де жайын дәл өзіндей қабылдаса халкүйіміз де кері кетпесі анық. Базардың бағамын бағамдап осындай ой түйдім.

Әсел РЗАЕВА
16 қараша 2022 ж. 376 0