№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жұрт көңіліне қонған жәрмеңке

Жұрт көңіліне қонған жәрмеңке


Жасыратыны жоқ, екі адамның басы қосыла қалса, базардағы бағаны базына қылып, қымбатшылыққа қынжылады. Өйткені, «үйдегі есепті базардағы баға бұзып» тұр. Қысқасы, арқаны мұздатып, қалтаны қаққан нарық бағасы биліктің де, халықтың да ырқына бағынар емес. Осындай сәтте нарық бағасын жәрмеңке тежейтіні мәлім. Өткен жұма күні орталық алаңда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің өтуі соған дәлел.

  Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында орталық алаңда елді мекендерден жеткізілген өнімдер әдеттегідей нарықтағы бағадан анағұрлым төмен бағамен саудаланды.

 Мойындауымыз керек, алушылардың қарасы әдеттегіден аз емес. Таңғы 09.00-ден бастап ашылған жәрмеңке түскі уақытқа дейін түгесіліп бітті. Өйткені жаңақорғандықтардың қаптап ұн алып, картоп пен сәбізді, пиязды, көлікке тиеп жатқанын көргенде баға арзан екен деген ойға келдік.

 Сонымен жәрмеңкедегі азық-түліктің қатарында сиыр еті, күріш, картоп, сәбіз, асқабақ, қызанақ, күнбағыс майы мен ұн, құмшекер, қауын, қарбыз бар. Бағасына тоқталсақ, сиыр етінің 1 келісі – 1700, балық – 1100, күріш – 220, картоптың келісі 80, сәбіздің келісі 70 теңгеден сатылды. Пияз келісі – 170, болгар бұрышы – 200 теңгеден саудаланса, күнбағыс майы – 730 ал құмшекер – 500 теңгеден бағаланды. Жалпы аудан орталығына елдімекендерден барлығы 120 тоннаға жуық 10 млн теңгенің өнімі жеткізілген.

 Нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен бағада сатылған жәрмеңкеге келіп, тауарын арзан бағада сатып алғандар да, өз өнімін өткізіп оны қаражат қылғандар да бұл күні риза екендіктерін жеткізді. Қорап-қорап қызанақ пен болгар бұрышын, сәбіз, картобын арқалаған ағамызды сөзге тартып едік, қыстың қамын жаз ойла мақсатында үйдегі жеңгеміз салат қайнату үшін жәрмеңкеге жібергенін, бағаның да айтарлықтай арзан екенін айтты.

 – Осы жәрмеңкені арнайы күттік. Мұнда барлық қажетті өнімдер ұсынылған. Жәрмеңке көңілімізден шығып отыр. Тауар бағасы күннен-күнге қымбаттап жатқан шақта бұл жәрмеңкенің қарапайым халық үшін пайдасы үлкен. Себебі мұндағы кейбір тауар бағасы қара базардан әлдеқайда арзан екен. Қысқа азық дайындау керек қой, банкі жабу үшін жемісжидек, көкөністерді жәрмеңкеден алмасаң, дүкендердегі баға удай. Осындай жәрмеңкелер жиі өтіп, жалғасын таба берсе қуанышты болар едік, – деді кент тұрғыны.

 Бүгінгі базар бағасына көптің көңілі толмайды. Өйткені қалаған кезінде қымбаттайды, қалаған кезде орнына келеді. Алайда соңғы уақытта қымбаттамаса арзандаған нәрсе көргеніміз жоқ. Осы мәселе бойынша Үкіметтің цифрлық кеңсесінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеуді тапсырды. Міне, осы мақсатта ұйымдастырылған жәрмеңке халықты әлеуметтік тұрғыда қысылудан алып шығады. Ал, жәрмеңкелер өз кезегінде сәл де болса көптің күдігін сейілтеді.

 – Бүгінгідей жәрмеңкелердің өткізілуі тауар өндірушіге де, тұтынушығы да өте тиімді. Бастысы өзімізде өндірілген сапалы өнімді өткізудің ұтымды жолы. Мәселен, қосүйеңкілік шаруалар ала жаздай еккен картоп 70, ал жайылмалық егіншілердің өнімі сәбіз 80 теңгеден сатылуда. Жәрмеңкенің басты артықшылығы бағаның төмендігінде. Сондықтан нарықтық құннан 15-20 пайызға төмен саудаланған азықтүлік бағалары көңілге қонымды. Біздің мақсатымыз да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруда жұмыс жасау, – деді аудан әкімінің орынбасары Дархан Есалыұлы.

 Бала күнімізде әр отбасы азықтүлікті қаптап сатып алатын да, көңілі жайланып жүретін. Қазір ондай тұтынушылар қатары мүлдем сиреп кеткенге ұқсайды. Өйткені екінің бірінің әлеуметтік, қаржылық жағдайы көтере бермейді. Содан барып азықтүлікті там-тұмдап алуға тура келеді. Себебі қымбатшылық жағадан алып тұр. Десе де «тәубесі» аузында, «қанағаты» көңілінде жүретін жұртшылық болашақтан үмітін үзбей, ертеңгі күннен жақсылық күтіп елеңдеумен келеді. Әне-міне өмір жақсарады, баға тұрақтанады деумен өздерін сабырға шақырып, басып қояды. Сондықтан баға мәселесіне үлкен назар аудармаса болмайды. Ал әзірге бағаның тоқтамай өсіп қарқын алуы қарапайым халықты ат тепкендей есеңгіретіп-ақ келеді.

Лаура Бибасарова

16 тамыз 2022 ж. 295 0