№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Білім бәсекесі

Білім бәсекесі


Бесарық бекетіндегі №247 мектептің 2-ші сынып оқушысы Мирас Төлегенжақында қазақ тілі пәнінен өткен «Ұлы дала баласы» атты облыстық олимпиадада топ жарды. Бүлдіршіннің білім сайысында оза шауып, жеңіспен оралғанына бүкіл мектеп ұжымы қуанулы.

  Егеменді еліміздің келешегін айқындайтын әрбір адам ұрпақ тәрбиесіне айрықша ден қояды. Өйткені бүгінгі бала ертеңгі өмірді жалғастырушы, ертеңгі жарқын болашақтың, елі мен жерінің иесі. Сондықтан жас ұрпақтың санасына даналық пен парасаттылық ұғымын сіңіруде үйде ата-ана, білім ордасында мұғалім жауапты. Өйткені бала кезден берілген білім оның жақсылық пен жамандықты, ақ пен қараны айыра білуге тәрбиелейді. Осындай тәлім-тәрбиенің ошағында ер жетіп келе жатқан бүгінгі кейіпкеріміз небәрі 2-сыныпта оқыса да озық дарынымен танылды.

Сонымен облыстың түкпір-түкпірінен бақ сынаған білімділер сайысына бір айдан аса дайындалған Мирасты ұстазы Ғалия Әбсадықова бастауыш сыныпқа арналған әдістемелік және көрнекі құралдарды, дидактикалық материалдарды қолдана отырып, білім нәрімен сусындатқан. Нәтижесінде шәкірті облыстық деңгейде үш кезеңнен тұратын білім бәйгесінде бабында екенін көрсетіп, берілген 100 сұрақтың 95-не дұрыс жауап беріп, білімін дәлелдеп шықты.

Бұл республикалық деңгейде ұйымдастырылған олимпиада болғандықтан сайыстың негізгі мақсаты оқушылардың білікті, білімді болуын қалыптастыру. Сонымен қатар қай пәнге бала бейім, сол бағытқа дарындылығын шыңдау болып табылады.

Мирастың ұстазы Ғалия Мәуленқызының айтуынша, бір сыныптан 5 оқушы қатысқан. Олардың 3-еуі жоғары деңгейде танылып, білімін дәлелдеп, қатарластарын шаң қаптырған. Осылайша білім ордасының мерейін үстем етіп, ұстаздарының алғысы мен қуанышына бөленді.

– Мен үшін әсіресе әкем қатты қуанды. Ол менің тек биік белестерді бағындырып, тәртіпті де тәрбиелі бала болып өсіп-жетілгенімді тілейді. Күнделікті дастархан басында үлкенді сыйлау мен кішіге құрмет көрсету жайында айтып отырады. Сонымен қатар білімді болсам ғана бәріне жете алатынымды, алға қойған арманмақсаттарымның орындалатынын, өзім қалаған шет елге саяхаттап, сол елде оқуға болатынын айтудан жалыққан емес, – дейді кішкентай талапкер Мирас.

Негізі алақандай ауылдағы білім ошағында үлгілі оқушылар өте көп. Барлығы дерлік сабақтан қалмай, берілген тапсырманы тыңғылықты орындағанының арқасында жетістіктерге жетіп жүр. Олардың бойындағы ерекше қабілетін байқаған ұстаздары сол қасиетін одан әрі дамыту үшін бағытбағдар беріп келеді. Тіпті шәкірттерінің тұлға болып қалыптасуы үшін бүгінгі заман ағымына бейімдеп, олардың жан-жақты дамуына жол ашудан бір жалыққан емес. Қарап тұрсаңыз, атақты, білімді, ғалым кісілердің көбі ауылдан шығады. Сондықтан бүгін топ жарған Мирастай жас өрендеріміз келешекте танымал тұлға болып шығарына сеніміміз мол.

Лаура БИБАСАРОВА
18 ақпан 2023 ж. 250 0