№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Алғыс арқалаған Алмагүл

Алғыс арқалаған Алмагүл

Өмірде кездесе кететін көп адамдардың ішінде жаныңмен жаны үндесетін, ойыңды айтпай түсінісетін жандар кездесіп жатады. Ол адам кез-келгенді бар болмысымен қабылдап көмектесуге, жанашыр болуға дайын тұрады. Сондай жандардың бірі  – Алмагүл Жұмаділләқызы Мамирова.
Біз білетін Алма Жұмаділләқызы алғаш еңбек жолын өрт сөндіру бөлімінен бастаған. Ер азаматтармен иық тіресе жұмыс жасап, жанұя жарасымын, бала бабын таба жүріп қырық жылды артқа тастаған.
Әйелдің өзіне ғана тән нәзіктігі, сыршыл сезімі болады. Ол сезім сарқылмас бұлақ іспетті. Сол бұлақтың арнасын жақсыға бұру да, жаманға айналдыру да тікелей өзіне байланысты екені белгілі. Қиындыққа қайыспай қайта шыңдала біліп өмірін жақсы арнаға бұрып, бақытын баянды етті.
...Әкесі Жұмаділлә мен анасы Тұрсын 5-6 баланы өмірге әкелсе де шетінеп, шаңыраққа бала тұрмапты. Осылай үміт пен уайым тайталасып жүрген ананың тағы бір перзенті дүниеге келеді. Мамыражай майдың оныншы таңында, жұма күні дүниеге келген қыз баланың есімін Жұмагүл қоймақшы болады. Есіл әкенің тағы бір сәбиін жер қойнына беруін елестетудің өзі қиын еді.  Шарасыз халде қатты қуануды да білмеді. Алладан алмауын сұрап Алмагүл қоюға шешім қабылдайды. Сол қыз майкөтен болып артынан 3 ұл, тағы 2 қыз ереді.
Содан бері қаншама жыл артта қалып өмірдің небір қилы кезеңдерін өткен күннің еншісіне қалдырған.
– Бала үшін ананың орны қашан да бөлек. Анам өмірден өткенде жүрек талмасына ұшырадым. Қайғым бөлек еді. Жансақтау бөлімінен бір-ақ шықтым. Орнымнан тұруым неғайбыл еді. Өң мен түстің ортасында қаншама күндерді өткіздім, – дейді.
Бір қиындықты, екіншісі басып, ауыр күндерді өткізіп, қайғының өзін сауыт қылып жүргенде  Рамазан айында түсіне  аппақ киінген шал кіріп: “Сенерім менің бір Алла, де, қолыңды жай” деп қолына бір уыс гауһарды ұстатып кете барады. Оянып кетіп сағатқа қараса таң намазының уақыты екен. Түсін жақсыға жорыса да, көңілі тыншымай ауылдағы көнекөз Зүкірия апаға барып жайып салады. Ауызы дуалы, көргені көп әжей де қуаныштан көзіне жас алып, қашанда тілеулес қалпымен «Жаным-ау, саған Жаратқанның берер сыйы көп. Құран оқытып жібер. Алла қолдасын» деп ақ батасын берген екен.
Сол күннен бері бар қиыншылық артта қалғандай, өмірі бір арнаға түскендей болады. Кейін де аян беріп, ол түстер жақсылықтың бағдаршамындай болған.
– Мемлекеттік қызметтегі алғашқы жылдарым қоғамдық жұмыстан басталды. Кейін әлеуметтік қызметкер, іс жүргізуші, маман, бас маман, бөлім басшысы болып қызмет баспалдақтарынан сатылап келемін. Әр жұмыстың өзіне тән ерекшелігі, ауыртпашылығы, сондай-ақ алғысы да болады, – дейді бізбен әңгімесінде.
Қайсарлығы мен зерек ақылы отбасының тұтқасын берік етіп, қызметтік  жолда да ортасында беделді етті. Тура айтып әділдікті әрдайым биік қойды. Алдына келген кез-келген жанға тура жол көрсетіп, айнымас адалдығын көрсетті. Бүгінде жары Сейітжанқожамен бір шаңырақ астында қырық жыл отасып, ұл-қызынан өрген немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.
Арманы мен мақсаты айқын жан ғана бір орында тұрақтап қалмайды. Ізденіс пен ілгерілеуді мұрат етеді. Біз білетін Алмагүл  Жұмаділләқызы да қашанда халықтың қамы үшін уақытпен санаспай, тірлігінен үндестік тауып жүреді. Бұл халықтың ыстық ықыласы  мен алғысының арқасында болса керек.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
23 маусым 2020 ж. 1 049 0