№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ерекше жандарға ерекше қамқорлық

Ерекше жандарға ерекше қамқорлық


Ия, пендесіне берілер сынақ әрқилы. Бірі жазатайым оқиғадан жапа шексе, енді бірі туа бітті кемістікке тап болып, қазіргі қоғам тілімен айтқанда «мүмкіндігі шектеулі» деген топқа жіктеліп жатады. Басқа түссе пенде тағдырдың кез келген сынағына төзеді. Бұл бағытта мемлекет оларға өзгелермен тең дәрежеде жүріп-тұрып, кедергісіз өмір сүрулеріне қажетті жағдайлармен қамтуды басты назарда ұстауда.

 Иә, қазір мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәселелерін шешу және әлеуметтік жағдайын жақсарту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Әрбірі қоғамның толыққанды мүшесі. 1992 жылдан бастап БҰҰ ұйғарымымен халықаралық мүгедектер күні аталып келеді. Мұндағы басты мақсат – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік жағдайын жақсартуға айрықша назар аудару. Оларға болмашы жерде кедергі көп. Осының алдын алуда олардың ғимаратқа кіріп-шығуына ыңғайлы пандус мәселесі қозғалып, соңғы жылдары аудандағы мемлекеттік мекемелерде стандартқа сай тәртіппен арнайы белгілер қойылуда.

Енді ерекше жандармен жұмыс қай деңгейде жүргізілуде? Қандай қолдау шаралары жүзеге асуда? Бұл жөнінде бізге аудандық мүгедектер қоғамының және «Жебеуші» қоғамдық қорының төрағасы Нурдин Исмайлов саралап берді. Оның айтуынша, қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарға көзқарас өзгерген. Қашанда көмек қолын созуға даяр тұратын демеушілер де бар.

– Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тұлға ретінде қалыптасуына, қоғамдық сананың ашықтығына, мемлекеттің дамуына үлес қосуына қолайлы жағдай жасалған. Аудан бойынша 2300 мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. 2014 жылдан бастап «әлеуметтік такси» қызметін іске қостық. Яғни, бірінші топтағы мүгедек жандардың ауылдан ауданға, қалаға немесе ауруханаға баруына еш кедергісіз жетуін қарастырдық. Арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталған көліктер мүгедек арбаларындағы адамдарға көп күш жұмсамай және орын ауыстыру қажеттілігінсіз автокөлік салонына кіруге мүмкіндік береді. Облыста алғашқылардың бірі болып, біздің ауданда бұл жоба іске асырылды. Сондықтан шалғай ауылдарда болсын, аудан орталығында болсын бізге хабарласса болды, баратын жерлеріне жеткізіп отырамыз, – дейді ол.

Қоғамдық ұйым төрағасы әңгімесін төмендегіше толықтыра түсті:
– «Талсуат» сауықтыру орталығында бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар ем алып отырады. Бұрын такси жалдап, ақша төлейтін. Кейбірінің көлік жалдауға қалтасы көтермей, уақытылы ем ала алмай жататын. Енді, ол жерге баратындардың барлығы да бізге хабарласып, дер кезінде емін алып келіп жатыр. Одан бөлек, жеке көмекшіні де бізге жүктеді. Ауданда 180 бірінші топтағы мүгедек бар, демек 180 көмекші бар деген сөз. Оның әрқайсысы айына 90 мың теңгеден айлық алады. Осы тұста айта кетейін, былтырғы жылдан бастап 8 сағаттан төленетін болды. Бұрын 2-3 сағаттан ғана төленетін еді. Бұл үлкен көмек деп есептеймін. Одан бөлек қорға өздерінің жағдайын айтып, көмек сұрап келген әрбір жанға қолымыздан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз. Бізге демеушілік жасап отыратын кәсіпкерлер де бар. Олардың берген қаражаттарының әрбір тиынына дейін шын мұқтаждар мен мүгедек жандарға қаржылай қолдау көрсетілуде.
Көбінесе ескерусіз қалған мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген құлшынысы өзгеше. Егерде мемлекеттен бөлінетін көмек өз дәрежесінде толық жетіп, тұрғын үй және басқа да мәселелерде заңды белден басу көріністері орын алмаса арбаға танылған жандардың өкпеназы да азаяр еді. Міне, осы мақсатта құрылған атаулы қордың жұмысы көз қуантады. Кез келген жанның ойына келе бермейтін, батылдық танытып, тәуекел етіп осындай игі істі алып жүру оңай емес. Сол себепті де, Нурдин Өтеуұлынан қорды ашудағы мақсатын білуді жөн көрдік.

– Қоғамдық қор ашуды бірнеше жылдан бері ойластырып жүргенмін. Біз күнделікті өмірімізде, көшеде мүмкіндігі шектеулі, мүгедектер арбаларындағы адамдарды өте сирек көреміз. Бұл арамызда мүмкіндігі шектеулі адамдардың аз екенін білдірмейді. Өз үйінің төрт қабырғасында қамалып отырған, қарапайым ғана дүкенге, ауруханаға шыға алмай, өзге жанның көмегіне мұқтаж болғандар көп. Міне, осындай ойлар көңілімнен кетпей, қор ашуға түрткі болды. 2012 жылы «Жебеуші» қоғамдық қорын ашып, жан-жақты мүмкіндіктерді қарастыра бастадық. Алғашында көмек сұрай келген адамға, мекемелерді аралап, кәсіпкерлерге кіріп, барынша көмек көрсетіп жүрдік.
Осылай күннен күнге, жылдан жылға қордың жұмысы жолға қойыла бастады. Бүгінде аудан жұртшылығы жақсы танымал болып қалдық. Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында қандай да бір көмек немесе кеңес керек болса, бізге келеді. Оларға лайықты өмірлік жағдайлар жасау, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына кедергісіз қолжетімдіктерін ұйымдастыру, мүгедектерді қоғамға ықпалдастыру және оңалту үшін жағдай жасауды азаматтық парызым деп ұғындым.

Расында қоғамдық қор төрағасы тілдесу барысында жаңақорғандық меценаттардан көп көмек күтетінін тілге тиек етті. Себебі қандай шара болмасын қаржыға келіп тірелетіні бар. Осындайда қайырымды жандар демеп жіберсе, ерекше жандардың өмірге деген ұмтылысы мен құлшынысы арта түсері анық. Сондайақ Нурдин Өтеуұлы жеке кәсіпкерлер мен мекеме басшыларына көкейінде жүрген бұйымтайын жеткізді. ІІІ топ мүгедектерін, яғни жұмыс істеуге қауқарлы жандарды жеке балабақша, мектеп, кәсіпкерлік нысандарға күзетші, бағбан, компьютер терушісі сынды жұмыстарға қабылдаса деген ұсынысы бар. Бәлкім қоғаммен араласқан соң ерекше жандардың екінші бір қабілеті ашылып, өмірге құштарлығы одан әрі арта түсер ме еді? Айтқандай, аталмыш қор бірнеше жылдан бері мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спорт ойындарынан түрлі жарыстар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Соның арқасында қол күрестен облыс, Қазақстан, Азия чемпиондары да бар. Жақында ғана Әбусейіт Реметов әлем чемпионатына жолдама алып, үлкен қуанышқа бөлеуде.

Міне, сұхбатымыздың сөзінен атаулы қордың көмек пен қолдауға зәру адамдардың өміріне бей-жай қарамайтындардың барлығын, олардың ерлігіне, табандылығына, таланты мен ерекше қабілеттеріне бас иетіндерді бір арнаға біріктіретінін ұғындық. Жалпы қоғамда мүгедектерге қатысты адамгершілік атмосферасын қолдай отырып, күнделікті өзекті мәселелерін шешуге тиісінше назар аударып, осылайша мейірімділік пен қамқорлық сезімін көрсету игі дәстүрге айналады деген сенімдеміз.

Әсел РЗАЕВА

04 мамыр 2023 ж. 891 0