№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Желкілдек батыр туралы не білеміз?

Желкілдек батыр туралы не білеміз?


Көнекөз данагөй қарттардың айтуымен әкеден балаға, бабалардан мирас болып келе жатқан қолжазба шежірелердің және құйма құлақ әжелеріміздің айтуымен жеткен тарихнамалардың негізімен, орта ғасырлық Сығанақ қаласы төңірегінде өмір сүрген, қазіргі Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылынан шыққан жоңғарлардан қасық қаны қалғанша елін қорғаған «Желкілдек Бөлтекұлы» батыр жайлы материалдарды назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім.

  Желкілдек батыр Бөлтекұлы 1723 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген. Желкілдек Бөлтекұлы осы өңірде Қоңырат деген елдің Құрбан ата ұрпағынан тарайды.

Әкесі – Бөлтек батыр әрі балуан болған. Желкілдекті бес жасынан ұрыс ойынына баулиды. Өзінің «Сарыжа» садағын ұлының беліне байлайды. Желкілдек батыр өте ерекше болған. Желкілдекті ер мінезді нағыз жігітке тән қасиетке тәрбиелеген. Әкелі-бала жаздың мамыражай уақытында тауға барып, тобылғыдан сапты оқ жасайтын.

Желкілдектің жебесі мынадай болды деген болжам бар. Үндістаннан әкелінген қызыл ағаштан десе, кейбіреулер жаңғақ, жиде ағаштарынан жасалған дейді. Мұны Батырдың өзінен жеткен мына сөздер айғақтап береді. «Мен құрма мен жаңғақ ағаштарына құрметпен қараймын. Өйткені құрма Пайғамбар аманатын жеткізген жемісі. Ал Әзірет сұлтан мешітінің ағаш бұйымдары тікелей жаңғақ ағашынан жасалады. Сондықтан осы екі ағаш маған үнемі қымбат», – деген ол.

1723 жылы жоңғардың қалың қолы қазақтың жеріне тұтқиылдан баса-көктеп кіріп, Жетісуды, Қаратау, Талап алқабында көшіп қонып жүрген қазақ ауылдарына ойран салғаны белгілі. Бұл «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның» басы еді. Ел басынан кешкен сонау қайғы қасірет әйгілі «Елімай» әнінен анық білінеді. Осындай ел басына күн туған заманда дүниеге келген. Оның атын бабамыз Бөлтек қазақтың ерте айтылатын «Желкілдек батырдай ер жүрек болсын, ел арқа сүйетін ер болсын» деп азан шақырып, құлағына дауыстаған көрінеді. Көнекөз кісілердің суреттеуі бойынша, ол дене бітімі өте сымбатты, төрт құбыласы тең ауқатты, батыр болған. 1745 жылы Сыр бойында жоңғарлармен үлкен шайқас өтті. Тарихшылар мұны қазіргі Құмсаба төңірегі деп болжайды.

Желкілдек батыр – Абылай ханның қол бастаған батырларының бірі болған. Құмсаба түбіндегі қазақжоңғар шайқасында жекпе-жекке өзі сұранып шығып, Жоңғар батырын жер жастандырғанын Әбілмәмбет өз көзімен көрген. Әбілмәмбет хан Түркістан ордасының бас күзетші қызметіне тағайындап, жиырма бір жасында Желкілдек батыр Түркістан шаһарының, хан ордасының қорғаныс жасағын басқарады.
Тарихи деректер бойынша, 1766 жылдың жазында Қоқан ханы Ердана – Бек Абылай ханға (1735 жылы Орта жүздің ханы Сәмеке өлген соң орнына Сұлтан Абылай хан болып есептелінгенімен, шын мәнінде үш жүзге де Абылай хан билік жүргізген.

Абылай хан: «Ердана – Бек жайына жүрсін!» – деп, жіберген ешілерін қабылдамай кері қайтарып жібереді. Бұған ызаланған Қоқан ханы Ердана – Бек жасырын қарақшылылар тобын жұмсап, Қарашық қаласының Бегі, Абылайдың інісі Іскендірді төрт баласымен қоса бауыздап өлтіріп, әйелін алып кетеді.

Мұндай қорлыққа шыдамаған Абылай хан Қоқан хандығына шабуыл бастайды. Осы жорықтың бас батыры етіп Желкілдек батыр Бөлтекұлын тағайындап, жорыққа аттанады.

1771 жылы қалмақтарға қарсы «Шаңды жорық» басталады. «Шаңды жорық» қалмақтардың басын жұтқан «Қанды жорыққа» айналады. Мұнда да Желкілдек батыр, Көкжал Барақ, Батыр Баян, Бөгенбай батыр, Саурық, Қалғабай (Желкілдек батырдың інісі) батырлармен бірге үлкен ерліктер жасайды.

Ойрат – қазақ арасындағы екі жүз жылдық қырғын соғыстың ең соңғы жаңғырығы – алаш жұртының санасындағы «Шаңды жорық» деген атпен белгілі. Шаңды жорық оқиғалары туралы қаншама тарихи әңгіме сақталған, «Шаңды жорық» деп аталатын күй де болған. Шын мәнісінде бұл –шаң бораған жорық емес, қан судай аққан қалмақтармен соғыс тарихындағы ең аяусыз, ең қатал және құрбандығы да шектен шыққан, аса зор әрі ең ақырғы майдан болды.

1771 жыл. Ұлы оқиға. Түркістан торқалы той құшағында. Жасы жетіп, уақыты келіп Әбілмәмбет хан дүние салды да, ел басқару ісін лайық кісіге беру салтанаты осы жерде өтпек. Қалыптасқан дәстүр бойынша хан тізгіні үлкен ұл Әбілпейізге берілуі керек.Бірақ ол жолы олай болмады. Өмірден өтерінде Әбілмәмбет игі жақсыларды жинаған деседі. Сонда ол: Мен жасарымды жасадым, қыранның да құздан құлайтын кезі келеді. Ұланғайыр  жер мен ұлағатты ел бірлікпен ғана бағы артады, мен оған аз күш жұмсаған жоқпын. Ендігі ел тағдырын кімнің уысы ұстайды, мәселе соған тіреліп тұр. Хан – халықтың бір баласы, ал, сол бір бала халықтың жүгін көтере алатындай бола ма? Әке балаға сыншы ғой, қай баланың қаблеті қандай, маған белгілі. Егер бүйрегім бұрып тізгінді балама бер десем, елдің соры артып, бағы тайғалы тұр. Сондықтан мен тыныш жастсын десеңдер Абылайды қолдаңдар, – деп соңғы аманатын айтты.

Үш жүздің би-болыстары да Абылайға тоқтады. Сөйтіп, Абылайды ақ кигізге отырғызып, Түркістан топырағында қазақ ханын сайлау салтанаты өтті. Бұл салтанатқа байланысты алдын ала сақтық шаралары қарастырылды. Шаһарға сырттан қарулы топ кірмеуі, ел ішінде алауыздық жасауға жол бермеу секілді басты мәселелер Желкілдек Бөлтекұлына жүктелді.

Ел қорғау жолында талай қанды шайқастарды басынан өткізгеп, жасы алпыстардан асқан шағында Желкілдек батыр Түркістаннан туған ауылына би болып оралады. Желкілдек батыр 1796 жылы 73 жасында дүниеден өтеді. Сүйегі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі хандар мен батырлардың, билердің жамбасы тиген жерге жерленген. «Желкілдектің қазасында Түркістанда хандар кеңесін өткізілді. Оған үш жүздің белгілі билері де қатыстырылды. Олардың шешімі бойынша Желкілдектік денесі Ахмет Ясауи кесенесіне жерленеді деп бекітілді. Шешімде Әбілмәмбет пен Абылай хандар тұсында ел мен туған жерді қорғауда асқан ерлігі және Түркістан шаһары қауіпсіздігін сақтаудағы қайраткерлік қызметі үшін осындай мәртебеге ие болды» делінген.

Желкілдек батырдың Түркістан қаласындағы, «Әзірет сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы кесенесінің ішіне жерленген. Батырлар тізімінде 77 санда Желкілдек батырдың есімі жазылған.

Бақдаулет Хайруллаұлы, Жаңақорған аудандық
тарихиөлкетан музейі филиалының экскурсоводы
23 тамыз 2023 ж. 1 234 0