№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Егін даласындағы еңбектің дүбірі

Егін даласындағы еңбектің дүбірі


Ерте көктемнен егіс даласын еншілеп, ала жаздай еңбектің көркін қыздырған диқандар күз басталғалы өнім жинауға білек сыбана крісті. Жаңақорғандық дала еңбеккерлері мал азығы дақылдарын дайындап, қырман басында күрішті қамбаға жинап, өнім шығаруға қажетті шикізатты шашпай-төкпей теруде. Жиын-терімнің түйінделетні уақыты да таяды, оған дейін дала төсіндегі тірлікті бір таразылап алуды жөн көрдік.

 Жалпы, Сыр өңірінде бүгінге дейін 60,5 мың гектардан астам күріш орылды. Орылған егістің 52 мың гектарға жуығы бастырылып біткен. Күріштің әр гектарынан орташа есеппен 53,4 центнер өнім жиналуда. Оның ішінде біздің шаруалар дән тастаған 6072 гектардың 5300-ден астамына орақ салыпты. 4500-ден артық гектары бастырылып, әр гектарынан 54 центнерден өнім жиналуда.

Қызылорда күріштің Отаны, бүгінде сырбойылық диқандардың өнімі әлемнің 20 мемлекетіне экспортталуда. Ауылшаруашылығы басқармасы мәлім еткендей, облыстан 32,2 млн долларды құрайтын 60,0 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері әлемнің 20 мемлекетіне экспортталды. Экспортталған өнімнің 91,4 пайызын құрайтын аймақтың негізгі дақылы – күріш өнімі Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Моңғол мемлекеті, Тәжікстан, Түркмения, Украина, Грузия, Литва, Түркия және Ирак елінің нарығына жол тартты.

Енді мал азығына тоқталайық. Бұл жөнінде аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас аграномы Дәурен Абибуллаев былай дейді.
– 2022-2023 жылғы қысқа түсетін шартты мал басы нақтыланып, 182,5 мың тонна шөп, 36,5 мың тонна сабан және 37,1 мың тонна жем дайындау жоспары бекітілді. Бүгінге шөп жоспарлы түрде жиналды, ал, әзірге сабан мен жемнің 50 пайызы ғана шаруаларды қамтыды. Алдағы уақытта жоспар межелі орындалып, қысқа толық дайын боламыз. Сондай-ақ, бақша өнімдері де биыл жақсы нәтижемен қорытындыланды. Мәселен, 580 гектар картоптан 6 380 тонна өнім жиналды. Әр гектарынан 110 центнер картоп ала алдық. Сол секілді 616 гектар көкөністен 13 617 тонна өнім жиналды. Гектарына 221 центнер өнім ала алдық, – деді бас агроном.

Айта кетейік, биыл жоңышқа бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді. Соңғы орымды аяқтаған шаруалар қазір нарыққа шығаруда. Күзгі бидайдың да шығымы жақсы, оған сұраныс жоғары, – дейді жауапты сала өкілдері.

Техника мен жанаржағар майдың жайы қалай?

– Аудан бойынша күзгі егін жинау және дала жұмыстарына 2 274 тонна дизель отыны бөлінген. Шаруашылықтарға «Жаңақорған Oil» ЖШС арқылы 210 теңгеден арзандатылған жанар-жағар май берілуде, – дейді жауапты мамандар. Әрине, баға былтырғымен салыстыруға келмейді, ең бастысы, диқандардың қажетіне жетіп тұрса болғаны.

– Егін жинау науқанына 201 трактор, 90 комбайн, 41 жатка, 101 трактор тіркемесі толығымен жөндеуден өтіп, қолданылуда. Айта кететіні, ауданға биыл жаңадан 15 дана «Беларус» тракторы, 4 дана жүк тиегіш және 3 дана пресс буатын құрылғы алынды. Ал, техника паркі 42,9 пайызға жаңартылды, – деді Дәурен Серікұлы.

Шыны керек, диқандардың басым бөлігі өнім жинауда қиналып қалатын жайы бар. Техниканың тапшылығы әсер етеді, алайда, қолы ұзын азаматтар ауылдағы ағайынға жәрдемдесуге әзір. Мәселен, қыркеңселік кәсіпкер, меценат Серік Мырзабаев күрішті толық жинап, ауылдағы ағайынға техникасын пайдалануға беруде. Бұл да егіншілер қауымына үлкен көмек, сондықтан, берекелі ауылдың бірлігін танытуға тірек болып жүрген азаматтарға көп дән разы. Міне, күздің алғашқы айындағы егін алқабындағы арпалыстың көрінісі осылай өрбуде. Биыл да диқандар мол өнім жинап, жылды табысты түйіндеуге ниетті.

Әлібек Жарықбаев

03 қазан 2022 ж. 777 0