№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жол белгілері талапқа сай ма?

Жол белгілері талапқа сай ма?


Апта басында редакциямызға аталмыш мәселемен арнайы келген алпысты алқымдаған ағамыз кенттегі кейбір жол белгілерін, бұрылыстар мен көшелердегі жол сызықтарын сынға алды.

 «Стандартқа сай емес, жол ережесінің заңына қайшы келетін белгілер адам өміріне қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Әсіресе, Тәуелсіздік пен Құрманғазы көшесінің қиылысына бір бағдаршам керек. Сол қиылыста жүргізушілер жиі тәртіп бұзады. Сондай-ақ, кент ішінде жасанды жол кедергісінің шамадан тыс болғаны да көлік тізгіндегендерге көп кедергі», – деп көңіліндегі кірбіңді жеткізді.

Кәсіби міндетімізге орай істің анық-қанығын зерттеуге кірістік. Алдымен жол ережелерінің жиі бұзылуының себебін бағамдап алайық. Көшедегі көліктер саны көбейген сайын жол апаттары жиілей түскені рас. Жол-көлік оқиғалары жөніндегі деректерге зер салсақ, көбінде жаяу жүргіншілердің жөнсіздігінен болатын оқыс оқиғалар саны едәуір артқан. Бұл жаяу жүргіншілердің басым көпшілігі жол ережесін толыққанды сақтамайды деген сөз. Басқа көшелерді айтпағанда орталық базар маңында, яғни Амангелді Иманов көшесінде іскес-тіркес қаптаған көлік арасынан арнайы жолдан өту белгісіне мән бермей, кез келген тұстан өте салатындар көп. Оның ішінде балалардың қауіпсіздігі қатты алаңдатады. Сондықтан, бірінші кезекте, бала қауіпсіздігін ойлауымыз керек. Бұл алдымен ата-ананың жауапкершілігіне байланысты.

Екіншіден, қазір жол белгілеріне, тіпті бағдаршамның тәртібіне бағынбайтын жүргізушілер тым көп. Әсіресе Хорасан ата көшесінен полиция бөліміне барар жолдағы бағдаршам тұсында көлік апаты жиі орын алады. Түнге қарай жастардың жүгенсіздігі жиілей түседі. Әйтеуір, бір-бірімен жарысып жүрген көліктер қара жолдың қақ ортасында жол ережесін оңды-солды бұзатынын көзімізбен күнде көріп те жүрміз.

Жауапты мекеме не дейді?

Аудандық тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне бас сұқтық. Жауапты мамандардың мәліметінше, қауіпті аймақтарға жылдамдықты тежегіш жол белгілерін, жасанды жол кедергілерін орнатуды қамтамасыз ету мақсатында атқарған жұмыстар аз емес. Мәселен, жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесі қызметкерлерімен бірлесіп, жол белгілері және жағдайына байланысты тексеру актілері жасалған. Нәтижесінде анықталған кемшіліктер жойылған.

– Жаңақорған кенті бойынша жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған10 көше қиылысында бағдаршам, 28 жерде жасанды жол кедергісі, 600-ге жуық жол белгілері бар. Кент аумағында 2020 жылға дейін 13 жерге жол кедергісі орнатылса, 2021-2022 жылдары 15 жерге жасанды жол кедергілері қойылды. Себебі, 2020-21 жылдары кент аумағында 53 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Алайда, барлық жөнделген жолдарда жол кедергілерін орнату заңнамаға сай емес. Өйткені, ҚР СТ 1538-2007 ұлттық стандартына сай жол кедергілері білім беру мекемелерінің маңына, жолкөлік оқиғасы орын алуы мүмкін аймақтарда және халық көп шоғырланатын қоғамдық жерлерге орнатылуы тиіс, – дейді мекеменің бас маманы Д.Өмірәлиев.

– 2022 жылы 4 жерге жол кедергісін орнатуға 1200,0 мың теңге қаралып, Қ.Сағырбаев пен Алдамжар көшесі қиылысына, Б.Дүйсенбаев көшесі «Ж.Өткелбай» мектебінің тұсына, Жеңіс көшесінің бойындағы балалар ойын алаңы маңына, К.Бакирова көшесі «Мархабат» балабақшасы тұсына жол кедергілері орнатылыпты. Биылғы жылдың сәуір айында Хорасан ата, А.Иманов көшелерінің жол үсті таңбасы мен білім беру мекемелерінің айналысындағы жаяу жүргінші өткелдерін сызуға 567,0 мың теңге қаралып, жұмыстар мерзімінде аяқталған. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Жаңақорған кентіндегі көлік ағыны жоғары көшелердің жол үсті таңбаларын сызуға 5571,4 мың теңге аудандық бюджеттен қаралды. Мемлекеттік сатып алу жұмыстары нәтижесінде «БАМТТ» ЖШС жеңімпаз деп танылып, сызу жұмыстары толық жүргізілді.

Мекеменің мәліметінен кейін көлік тұрақтарының жай-күйін зерделеп көрдік. Өзім күнделікті «Sinoil» май құю бекетінің тұсынан таксиге отырамын. Ол жерде көлік қоятын немесе көлік тоқтайтын ешқандай белгі жоқ. Әйтеуір, оңды-солды тоқтап-жүріп жатқан көліктер. Ал, орталық базар, Қазпошта, автовокзал, аудандық емхана және т.б жерде көліктің көптігінің салдарынан кептеліс, тіпті жол-көлік оқиғасы орын алады. Меніңше бізде жол белгілерін назарға алып, ереже сақтайтын жүргізушілер саусақпен санарлық. Неге десеңіз, рұқсат етілмеген жерлерге темір тұлпарларын қойып кетеді немесе кез келген жерге тоқтап, адам түсіруді әдетке айналдырған. Әрине барлық кінәні жүргізушілерге де арта беруге болмайды. Өйткені, кент ішінде көлік тұрағы жетіспейді. Бір ғана Амангелді Иманов көшесі мен Қорасан ата көшесінің бойындағы дүкендер мен мейрамхана сынды кәсіптік нысандарда көлік қоюға арналған арнайы тұрақ пен белгілер жоқтың қасы. Бұл да шешімін табуы керек мәселе.

Айта кететіні, жол ережесін бұзғандарға қолданатын жаза жеңіл емес. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде ең төменгі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 126 теңгеге көтеріліп, 2 651 теңгені құрады. Соның нәтижесінде барлық төлемдер өсті. Көлік тұрағы үшін төленетін салықтан жалтарғаны үшін 3 АЕК, яғни 7 953 теңге төлейді. Тротуар, гүлзарлар мен көгалдарға, балалар алаңы мен спорт алаңына тоқтағаны немесе сол жерге тұраққа қойғаны үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Жалған нөмірлі көлікпен жүрген жүргізушілер 20 АЕК (53,020 теңге) айыппұл төлейді немесе бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылады. Осылай жалғаса береді. Онсызда қымбатшылық қамытын киген заманда, қалтаңыздан артық шығын шықпасын десеңіз, жол белгілеріне мән беріп, жол ережелерін сақтағаныңыз абзал.

Міне, біз жол белгілерінен туындаған мәселенің мән-жайын зерделегенде, көп жағдайға қанықтық. Ең бастысы, жол белгілері жөнге келіп, жүргізушілер жүгенсіз кетпесе болғаны...

Әсел Рзаева
03 қазан 2022 ж. 813 0