Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ҚАУҚАРЫ ҚАНДАЙ?

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ҚАУҚАРЫ ҚАНДАЙ?

Бүгінгі таңда еліміз бойынша жергілікті жерде Қоғамдық кеңес құрылып, қарқынды жұмыс атқаруда. Елбасы Н.Назарбаевтың 2015 жылы 2 қарашада қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сай құрылған бұл кеңес мақсаты  – жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жетілдіру және халық пен билік арасын жақындастыра түсу. Ел бірлігі жолында татулық пен тыныштықты ту ету. Осы орайда, жақында Қызылорда облыстық Қоғамдық кеңес өкілдері аудан әкімдігінде қабылдау өткізді. Үкіметтік емес ұйым мүшелері мен қоғамдық бірлестік өкілдері, ардагерлер, сала басшылары және қоғамдық кеңес мүшелері қатысқан тыңдалымды аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Сәулебек Ысқақов жүргізді.
Бірінші кезекте, облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі Болат Нұрқожаев бақылаушы органның басты міндеттері мен мақсатына тоқталды. Ашықтық пен жариялылыққа негізделген бұл кеңестің негізгі жұмысын атап көрсетті.
– Жалпы Қоғамдық Кеңестің жұмысын жандандыру арқылы жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру, ауыл-аймақта тұрақтылық пен ауызбіршілікті сақтау. Қарапайым халыққа қызмет көрсетудің сапасын арттыру. Нақты «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңында негізгі үш міндет жүктелген. Бірінші, азаматтық қоғамның мүдделері мен жергілікті деңгейде шешімдерді талқылау мен қабылдау барысында жұртшылықтың пікірін есепке алуды білдіру. Екінші, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының азаматтық қоғаммен өзара қарым-қатынасын дамыту. Соңғысы, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету. Яғни, бұқараның билікке деген сенімін нығайтып, ашықтықты басым бағытқа алу болып табылады, – деді Болат Жолтайұлы.
Яғни, Қоғамдық кеңес жариялылық, ашықтық ұстанымы аясында жұмыс жасап, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналатынын мәлімдеді. Өз кезегінде тұрғындардың талап-тілегін тыңдауға келген кеңес мүшелері сөз кезегін қатысушыларға берді.
Ә-дегеннен кент тұрғыны, Қазақстанның құрметті құрылысшысы Алшынбай Тұртанов кент орталығындағы ауыз су құбырының жүргізілуіне бұқараның көңілі толмайтынын жеткізді. Себебі, 100 жыл күткен ауыз су мәселесінің әлегі әлі де тиісті деңгейде орындалмай жатқанын ашық айтты.
– «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобаға жалпы көлемі 4 млрд теңге қаралған. Өткен жылы915 млн. теңге бөлініп, тендер жеңімпазы «Темір Строй Сервис и ко» ЖШС-гі танылды. Мердігер компанияның есебіншеөткен жылы кентішілік 45 шақырым жерге су құбырларын жүргізген. Алайда, осы су құбырының бірде-біреуінде су жоқ. Құрылыс саласының ардагері ретінде айтарым бір жыл бойы су ақпаған трубаның ішіне шөп шығып кетеді. Яғни, ертеңгі бұл жұмыстың бәрі бекер болады. Оған қоса, бас мердігер тоғыз қосалқы мердігерді жалдап, жұмыс жүргізуде. Қоғамдық рейд жүргізсек, жауапты адамдардан прораб, шебер ешкімді таппаймыз. Қазылып жатқан траншейлері талапқа сай емес. Мұның бәрін дәлелдейтін айғақты заттарым жетерлік – деген Алшынбай Тұртанов ауыз құбырларының жүргізілуіне қатаң бақылау жасауды не құрылыс жұмысын тоқтатып, мемлекеттік тексеруді ұйымдастыруды сұрады.
Бұл мәселеге орай аудан әкімі Ғалым Әміреев аймақ басшысына ұсыныс бергенін айта келе, бұл бағытта жұмыс жасалынып жатқанын жеткізді.
Ал, зейнеткер Тасболат Төреқожаев кент күннен-күнге ажарланып, аумағы кеңейіп келе жатқанын тілге тиек етіп, бас көше бойындағы жүк көліктерінің жүгенсіздігін сауал етті. Қиыршақ тас таситын ауыр жүк көліктерін кент сыртымен жүргізу үшін Жаңа ауыл мөлтек ауданына кіре-берісіндегі айналмалы көпір жолды іске қосуды сұрады. Және де кенттегі Садықбек Сапарбеков көшесіне жарықтандыру жұмысын жүргізуді ел атынан аманат етті.
Сондай-ақ, «Желтоқсан ақиқаты» Республикалық қоғамдық бірлестігінің аудандық филиал төрайымы Дина Ахметова аудан әкімі Ғалым Әміреевтің тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында атқарып жатқан жұмысына алғысын білдірді. Әрі  «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойынан ашылған агро-аймақтың әлеуетін таразылап, Жаңақорғанда жұмыс жасаймын деген жандарға жұмыс көзі бар екенін сөз етті. Өзі де осы агро-аймаққа көкөніс түрлерін егіп, мол өнім алғанын мақтанышпен айтты. Десе де, Дина Ахметова аудандағы кейбір орын алып жатқан жершілдік бағытындағы берекесіз істерге базынасын жеткізді. Мәселенің мәнін ашып айтпаса да, астарлы сөзбен ел ағаларын ауызбіршілікке шақыруға үндеді.
Еңбек ардагері Айдар Әуезбеков пен ардагер ұстаз Серік Мұсабай әлеуметтік мәселелердің дер кезінде шешім табуына жауапкершілікпен қарауды сұрады. Себебі, «Саяжай» мөлтек ауданындағы қазылған ордың қауіптілігін және балаларды білім ордасына тасымалдайтын қоғамдық көліктің тым шағын екеніне шағымданды. «Газельден» гөрі, автобус шығаруды ұсынған Серік Мұсабайдың сөзіне кент әкімінің уақытша міндетін атқарушы Баянбай Доспанбетов жауап берді. Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алу конкурсының заңдылығына сай, тендер жеңімпазы құжаттарын рәсімдеу үстінде екен. Бұл мәселеге уақыт керектігін тілге тиек еткен Баянбай Доспанбетов алдағы уақытта оң шешімін табатынын сөз етті.
Ал, Айдар Әуезбеков «Абай» көшесі тым тарылып бара жатқанына байланысты балалар ойнайтын алаңқай не спорт кешенін «ДРЭУ» мекемесі ауласынан салуға өтініш білдірді.
Өз кезегінде облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері Болат Нұрқожаев пен Қаршыға Есімсейітова көтерілген мәселенің барлығы да хаттамаға енгізіліп, тиісті органдарға жазбаша жіберілетінін және алдағы қоғамдық кеңес отырысында жауапты сала басшыларын шақырып, жұмыс жүргізілетініне сендірді.
Қоғамдық қабылдауды түйіндеген аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Сәулебек Ысқақов ауданда қандайда болмасын орын алған мәселені шартарапқа яғни, медиа-ресурстарға жарияламас бұрын, әуелі осындай алқалы кеңесте ортаға салып, ақылмен шешуге шақырды. Өйткені, Қоғамдық кеңестің о-бастағы құрылған мақсаты да – халық пен билік арасында алтын көпірге айналу екені мәлім.
Әбдісамат ӘБДІШ.
06 мамыр 2018 ж. 1 200 0