Жыл сайын Жаңақорған ауданында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруына байланысты кенеден тазару жұмыстары жүргізіледі. Бұл табиғи ошақтық инфекцияның зияны адам өліміне дейін соқтыруы ғажап емес. Мұндай жағдай соңғы жылдары орын алғаны рас. Сондықтан арнайы іс-шара қабылданып, қазір заласыздандыру жұмысы жалғаса бастады.
Табиғи ошақ дейтініміз бұл ауруды тасымалдаушы кенелер біздің аудан территориясында өмір сүреді. Жалпы республикамызда Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облысы мен Шымкент қаласы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының табиғи ошағында орналасқан.
Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сәйкес, Жаңақорған ауданы бойынша 2022 жылға КҚГҚ «қолайсыз» аймақ ретінде 19 елді мекен анықталған. 19 елді мекендегі барлық 189 930 (ірі қара 41 240, бас уақ мал 147 957, түйе 733) мал басына және жалпы көлемі 454 228 шаршы метрді құрайтын 6867 қора, суатшаңлақтарға күзгі залалсыздандыру жұмыстары ағымдағы жылдың 21 қыркүйек 20 қазан күндер аралығында жүргізіледі.
Жұмыс барысымен аудан әкімінің орынбасары Бекболат Шәріпбеков танысып, мердігер мекеме қызметкерлерінің дайындығын пысықтап алды.
– Бұл біздің аудан үшін өте маңызды жұмыс, сондықтан, салғырт қарауға болмайды. Қандай мәселелер бар? – деді әкім орынбасары.
– Жұмыс тобы дайын, тек демалыс күндері тұрғындар үйлерінде болса болғаны. Ауыл әкімдері осыны ескерсе, ол үшін алдын-ала кестені жіберудеміз. Біздің басты мақсат – үй-үйді аралап, қора-қопсыны заласыздандыру. Бұл салада біздің мекеменің тәжрибесі мол, – дейді «Ақтөбе дезинфекция» ЖШС жауапты мамандары.
Биылғы жылғы заласыздандыру бойынша жүргізілетін кестеде Сүттіқұдық, Жайылма, Қожамберді, Қожакент, Талап, Манап, Кейден, Қыркеңсе және Жаңарық ауылдық округтері жоқ. Қалған елді мекендерге келесі айдың соңына дейін тазарту жұмыстары жүргізіледі.
Жасұлан СЕЙДЕМЕТОВ