» » Кенеден сақтанайық, ағайын!

Кенеден сақтанайық, ағайын!


Ауру қоздырғышын алғаш М.И.Чумаков тапқан. Қоздырғыш өз құрамында РНК сақтайтын вирус. Бұл ауруды таратушылар иксод кенелері болып табылады. Ол табиғи ошақ аурулары қатарына жатады. Ауру тасымалдаушы кенелердің кейбір түрлері ағзасында ауру қоздырғыш вирусын өмір бойы сақтап өтеді. Аурушаңдық көп ретте көктем мен жазғы маусымда тіркеледі.

 Қырым-Конго қанды безгегінің жасырын кезеңі орта есеппен 2-7 күнге, кейде 12 күнге дейін созылуы мүмкін. Аурудың басталуы дене қызуының 39- 41 градуске дейін жоғарылап, дененің қалтырауымен, қатты бас ауыру, буындардың, белдің, іштің, балтырдың ауруымен басталады.

 Науқас әлсіреп, бүкіл ағзасы ауырады. Жүрегі айнып, құсуы мүмкін және бұл тамақ жеумен байланысты болмауы керек. Бетінің, мойны және көкірегінің жоғарғы бөліктерінің қызылқошқыл түске боялып, қызарады, көзі қанталайды, тамағы қызарады, көз қабығының қабынуы байқалады. 2-5 күндері қан-тамырлық белгілер басталады: ине шаншыған орындада көгеру пайда болады, науқастың көкірегі мен ішінде майда қан тамырлық бөртпелер пайда болады, мұрнынан, тісінің қызыл етінен, ішектерінен, асқазаннан, жатырдан кейде асқазаннан қан кету басталып, адамды қазаға ұшыратуы мүмкін.

 Бұл дерттің қауіптілігі сол, осы аурумен сырқаттанған адамның қаны сау адамның денесіне тисе, осы дерттің жұғуына себепші болады. Осы кезге дейін бұл ауруды емдейтін арнайы емі жоқ. Сондықтан аурудың алдын-алу жолдарына зор мән беріледі.

 Індетті болдырмас үшін басты жағдайлардың бірі адам тұратын жерлерде кенелерді жою шараларын жүргізу ауру тарататын кенелердің көбі үй жануарларының қанмен қоректенеді. Сондықтан малға кене жабыспау үшін малды дәрілеп, тоғыту керек. Осы жерде айтатын басты мәселе, малға жабысқан кенені еш уақытта қайшымен қырқып, қолмен жұлып алуға болмайды.

 Кенесі көп жерде сақтану үшін арнайы киім (комбинизон ) киіп жүру керек. Егер ол болмаса шалбардың балағын етіктің ішіне салып, белбеумен байлаған жөн. Үйге қайтқанда басты басты, мойынды, қолтықтың астын мұқият қараған дұрыс. Денеге жабысқан кенені ақырын еппен алу керек.

 Ол үшін кененің үстіне сұйық май немесе керосин тамызса, кененің тыныс мүшелері бітеліп, тез шығуына себепкер болады. Ал жұлып алғанда, оның аяғының тікенектері адамның терісінің астында қалып қояды да жара пайда болады.

 Кенені алып тастаған соң орнына иод немесе спирт жағу керек. Ешқашанда кенені сығып өлтіруге болмайды, өйткені оның вирусы тері арқылы адам денесіне өтіп кетуі мүмкін. Кене шаққан адамдар міндетті түрде емдеу мекемелеріне қаралып, екі апта дәрігерлік бақылауда болғаны жөн.

 Кене шаққанда ол өзінің сілекейімен арнайы фермент бөледі, сондықтан кененің шаққанын білмей қалуымыз мүмкін. Денеге жабысқан кенені байқасаңыз, сұйық май тамызып, пинцетпен немесе жіңішке жіпті кененің тұмсығына орап алып, ырғап-ырғап алу керек. Кенені бірден жұлып алуға болмайды.

 Кенелер көктем айларында қысқы ұйқыдан соң аш болғандықтан, кез келген жылы қанға ағзаға шабуыл жасайды. Кенелерде жылы қандылардан бөлінетін инфрақызыл сәулелерді дәл анықтайтын сезім мүшелері жақсы жетілген. Қанға тойған әрбір кене 10 мыңға дейін жұмыртқа тастап, өз денесіндегі вирусты ұрпағына трансовариалды жолмен береді яғни вирус тасымалдаушы кенеден тараған ұрпақ түгелімен қырым-конго қанды безгегінің вирусын жұқтырады.

 Алдын-алу жұмыстары медициналық, ветеринарлық, шаруашылық және атқарушы органдардың қатысуымен кешенді түрде жүргізіледі. Оның ішінде науқастарды ерте анықтау, оларды оқшаулап, емдік шараларын көру, ауру ошағында залалсыздандыру жұмысын жүргізіледі.

 Сонымен қатар зоологиялық-паразитарлық топ жұмыс жасайды. Далалық материалдар жинақталып, зертханаларда зерттеледі. Қолайсыз деп саналатын аймақтарды кенеге қарсы улау шаралар елді мекендердің айналасында 300 метр радиуста санитарлық-қорғаныс белдіктері құрылады.
«Сақтансаң сақтаймын» деген қағиданы ұстана отырып, әркімнің денсаулығы өз қолында екенін ұмытпасаңыздар!

Нысанкүл Әмірханқызы, аудандық СЭББ бас маманы
09 тамыз 2022 ж. 428 0