Құрметке лайық жандар қасымызда
Құрметті деп тану үшін қоғам болып құрметті азамат атағын беріп, айдар тағып, аспандатпай-ақ аспайсаспай тұғырлы тіршіліктің қазығын қалыптастырып, үндемей жүрсе де үлкен іс бітіріп, үлгілі дағдысымен дамуымызға өзіндік үлесін қосып келе жатқан тұлғалар арамызда аз емес. Ел ішінде ерекше болмысымен еленуге лайықты осындай азаматтарға айрықша назар аударып, алға қойған мақсат-мұратының көкжиегін ықыласты көңілдің рәуішімен көріктендіре білсек, жақсылыққа құштар талайдың жүрегіне жарқын үміт ұяламай ма? Жақсы іс жалғасын тапса құт. Осы бағытта көп арасында көзге ілінбей келе жатқан, бірақ құрметтің төріне оздырып, мерейін тасытуға лайықты жандарға қамқорлықтың қайсысы болмасын жарасымды.
– Кеңес үкіметі тұсында әйеланалар арасында өздігіңізше ізденіп, білім алып, осы жолға түпкілікті түсуіңізге не себеп болды?
– Менің әкем ел ішінде ерекше кісі болғанға ұқсайды. Өзі теміржолда жол қараушы болып жұмыс істеген. Бірақ қадаған шыбығы қалың баққа айналар қолы құтты кісі болған екен. Өзі қырық тоғыз жасында өмірден озған. Ол кіісі кеткенде мен бар болғаны үш жаста екенмін. Менің алдымда өңшең қыз балалар туылған, мені туарда анам түс көрген екен: «Қыз бен ұлың дүниеге келеді, қызыңның есімін Қарлығаш қой, онда қасиет бар, ұлдың есімін Амангелді қой, елге белгілі би болады» деген аян келеді. Уақыт сәті туып, мен дүниеге келіппін. Әкем көрген түсің қане, тағы да қыз болды деп ренжіп, есімімді Қыздығой деп қойыпты. Бір жылдан соң ұл бала дүниеге келіпті. Ол үш айға толғанында әкеміз тісі ауырып, соны жұлдырудан зақым келіп, қайтыс болып кетіпті. Көз жұмған күн ертесіне анамның түсіне енген әкем «үйде қыным қалып қойыпты, соны алайын» деп келіпті, ұзамай нәрестесі аяқасты ауырып, шетінеп кетіпті. Шешем осының бәріне сабыр қылмаудан, тағдырға сенім артпаудан күнә жамап алдыққа жорып, өкінішпен өтті.
Осылайша қалғанымыз жесір ана, жетім күй кешіп, тауқыметте жүріп жетілдік. Әлі есімде, талаптықтар болып «Байғабылдың диірменіне» кезекке тұратынбыз. Анамыз қыздардан жанына мені ертіп алушы еді. Қаптың үстіне кезекке мені қойып, сәл көз шырымын алатын. Ауыр қанар қаптарды екеуміз арбаға артып, ауылға жеткізетін едік.
– Үйреткім келеді. Ынта қойып, ықылас қою аз. Оған мәжбүрлік те жоқ, содан келіп еріншектік, бойкүйездік келіп шығады. Негізінде адамды көріктендіретін еңбек қой. Осы асыл қасиетті жанына серік тұтқан қатарының алды болады. Мен бұған жүз пайыз кепілдік беремін.
– Балаңа бір түйір болсын адал ас жегізуді міндеттейді. Ал оны әркім адал еңбектенген кезде ғана табады. Еңбексіз тапқан ас бойға жұқпайды. Қрғамда сыбайлас жемқорлықтың жолын қиюдың да төте жолы осы – адам санасы тазаруы керек. Имани тәрбиеге қанық өскен келешек қолы да, ары да таза ұрпақ болып өседі. Мен осыған сенемін.
– Манап Көкенов ағамызды. Мұның бірнеше себебі бар. Біз бұл кісінің үйімен бала кезімізден көрші отырдық. Әкеммен сыйлас және ағайын болып келетін. Кейін мен тұрмысқа шықтым. Жаңақорғанда ОРС-та бірнеше жыл қызмет атқардым. Адал еңбегіміздің арқасында елде алдыңғы қатарлы отбасының бірі болдық. Алғашқылардың бірі болып жаңа үйге кірдік. Сондай күндердің бірінде біздің шаңырағымызға Манап ағамыз арнайы келді. Қатты қуандым. Маған батасын берді. Өзін Қыдыр атадай қасиет тұтқан бір отбасы бір перзентке зар болып жүргенінде Манап атасынан бата алып, ұрпақ жалғаған жағдайдан хабарым бар, аяғым аяғыма тимей зыр жүгірдім. Төрімізде отырған ақынның біраз өлеңін өз аузынан естідім. Өмірден өтерінен сәл бұрын «арманым –маңдайымды сәждеге тигізіп үлгірмедім» деп қамыққан Манап ақын тегінде әулие кісі-ау, алпыс үш жасында дүниеден озып кете барды. Ақын жырларының әр қатары тайға таңба басқандай жүрегімде сақтаулы. Соның бірі былай деп өрнектеледі:
«Жаңақорған – жәннатым, өз мекенім,
Білемін, бар бақытым сенде екенін.
Өзіңді өз анамдай әрқашанда,
Әлдилеп, әлпештеймін, әндетемін.
Қызықпаймын ақшаға, алтынға да,
Алтыннан қымбат көпке нарқым барда.
Елеусіз боп ешқашан қала алмаймын,
Есімімді бағалар халқым барда!»
Манап ақынның ақ батасын ақтаған ана осылай сыр шертеді.
Баян Үсейінова