Бағдары айқын бірлестік
Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар мен бірлестіктер құрылып, тұрақталық пен татулық жолында қызмет етіп келеді. Сондай бірлестіктердің бірі – аудандық мұсылман әйелдері бірлестігі. Құрылғанына ширек ғасырдан асқан бірлестіктің аудан халқының рухани жаңаруына өзіндік үлесі бар. Қоғамдық ұйымды ұлағатты ұстаз Хадиша Баязитова басқарып келген-ді. Жақында мұсылман әйелдері аудандық бірлестігінің жиыны өтіп, онда бірлестікке жаңа басшы сайланды.
Ширек ғасыр төрайым міндетін атқарған Хадиша Баязитова өзінің жасының сексеннен асқанын, соңғы кездері денсаулығының да сыр беріп жүргендігін айта келіп, өзінің міндетін өзге адамға беру туралы өтініш білдірді. Төрайым өтінішіне түсіністікпен қараған бірлестік мүшелері Хадиша апаға ұзақ жылы қызметіне алғыс білдірді.
Жаңақорған кенті әйелдер кеңесінің төрайымы Қыздаркүл (Сырғакүл) Болғанбаева бірлестік төрайымдығына орталық мешіт жанындағы медресенің ұстазы болған Қыздығой қажы Саруарованың кандидатурасын ұсынды. Жиынға қатысушылар бірауыздан оны мұсылман әйелдері аудандық бірлестігінің төрайымына сайлады.
Жаңалықты ести сала жаңа төрайымға соғып оның алдағы мақсаты мен бағыт-бағдары жөнінде ой-тұжырымын сұраған едік. Қыздығой қажы Сәруарқызы қойылған сауалды байыппен тыңдап, сөзін былайша бастады: «Дана халқымыздың «Жұмақ ананың табанының астында», «Үш жылдығын ойламаған еркектен, үш күндігін ойламаған әйелден без», «Ана мен баланың арасын көзге көрінбейтін тылсым сырлы жіп жалғап тұрады» деген керемет сөзі бар. Яғни тарих айдынында аналарға төрден орын берілген. Ұрпақтың бойына адамгершілік, адалдыққа қасиетін сіңіреді. Бұл тұрғыда Хадиша апайдың еңбегі зор. Мен де осы бағытты ұстанып, жастардың бойына имандық гүлін сіңіруге мән беремін».
Төрайымның айтуынша, жас келін, бойжеткен қыздармен жұмысты жандандыруды жүйелі жолға қою маңызды. Кейінгі толқын арасында жаҺандану кезеңінде ұлттық салт-дәстүрлері ұмытыла бастаған. Нәзік жандылар Еуропаға еліктеп, ғасырлар бойы жалғасқан ұлттық құндылықтарға мән бермейді. Соның салдарынан ажырасу көбейіп, тірі жетімдер саны артты.
– Кеңестік кезенде ауыл-ауылдағы әйелдер кеңесі, мектептердегі қыздар комитетінің жұмысы жүйелі болатын. Жат қылығымен көзге түскен нәзік жандыларды сонда тезге салып, жөнге келтіретін. Меніңше осы қыздар институттарын қайта жолға қояр уақыт жетті. Біздің бірлестік алдағы уақытта жас келіндер мен бойжеткендер арасында белсенді жұмыс атқарып, оларға отбасы құндылығын түсіндіріп, шаңырақ шаттығының мәнін жан-жақты насихаттауды қолға аламыз, – дейді қажы ана.
Ұлт ағартушысы Ахмет Байтұрсыновтың «Ел боламын десең бесігіңді түзе, Ұлт боламын десең ұрпақ саулығын ойла» деген қанатты сөзі өміршеңдігін дәлелдеді. Әрине, бала тәрбиесінде әкенің орны жоғары. Алайда текті жатырда қалыптасқан нәресте ұлттың қорғаны болатыны анық. Яғни бала тәрбиесінде ананың мейірімі мен тәрбиесі маңызды.
– Бірлестік апта сайын аудандық орталық мешітте бойжеткендерге, жас келіншектер мен аналарға арнап ақыл-кеңес беруді қолға алуда. Сондықтан келем деушілерге есігіміз ашық, – дейді ол.
Ұлттық құндылықтарды құнсыздандырған жаһандану заманында «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген аталы сөздің парқын түсіну керек-ақ. Бірлестік осы бағытта ұлттық сал-дәстүрлерді қайта жандандыру тұрғысында жұмыс жүргізуді қолға алады.
Ерубай ҚАЛДЫБЕК
Ерубай ҚАЛДЫБЕК