» » Шиелі ауданына жаңа әкім тағайындалды

Шиелі ауданына жаңа әкім тағайындалды


Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Шиелі аудандық мәслихатының келісімдері бойынша облыс әкімінің өкімімен Шиелі ауданының әкімі лауазымына Нұржан Ахатов тағайындалды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев актив отырысында жаңа әкімді таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.


«Нұржан Сәбитұлы басшылық қызметтегі ұйымдастырушылық қабілеті мен тәжірибесі мол, өз жұмысын жоғары кәсіби деңгейде атқаратын білікті азамат.
Қызметтік сатылардан сүрінбей, сапалы жұмысымен көзге түсті.
Сондықтан, Мемлекет басшысының саясаты аясында берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындап, Өздеріңізбен бірге туған жері Шиелі ауданын одан әрі дамытуға аянбай жұмыс жасайтынына сенемін,-деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Нұржан Ахатов қызмет жолын Қызылорда облысының статистика жөніндегі есептеу орталығы жабдықтаушы маманынан бастаған. Кейін Шиелі ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің бас маманы, аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімінің орынбасары қызметтеріне дейін көтерілген. Қызылорда облысы әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, Қызылорда облысының кәсіпкерлік басқармасы бастығының орынбасары, Шиелі ауданы әкімі аппаратының жетекшісі, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының жетекшісі, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары ретінде жауапты қызметтер атқарған.
Өндіріс саласында да мол тәжірибе жинақтап, «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС директоры лауазымын абыроймен атқарып, қалалық мәслихат депутаты ретінде де қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосты. Соңғы кездері «Байқоңыр» ӘКК басқарып келді.
Жиында сөз алған ардагерлер қауымы жаңа әкімді ыстық ықыласпен қабылдап, аймақ басшысына алғысын жеткізіп, туған жердің перзентін лайықты қызметке тағайындау туралы оң шешім қабылданғанын айтып, тілеулестік танытты.
Айта кетейік, Ахатов Нұржан 1978 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Бухгалтерлік есеп және аудит», Қазақ гуманитарлық заң университетін «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген.
16 шілде 2022 ж. 379 0