» » Қызылорда облыстық сот төрағасы тағайындалды

Қызылорда облыстық сот төрағасы тағайындалды


Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен сот органдарында орын алған кадрлық өзгеріске байланысты облыс активі өтті. Актив отырысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов арнайы қатысты.


Аймақ басшысы қай кезде де адам құқықтарының мүлтіксіз сақталуы басты назарда болатынын айтып, сот жүйесі – елімізде адам құқығының қорғалуы мен қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз етудің бірден-бір кепілі екенін тілге тиек етті.

 – Қазақта «Билік айту оңай, біліп айту қиын» деген. Сот жүйесінде қызмет атқаратын әрбір азамат әділдігін айтып, төрелік істе бұра тартпай шешім қабылдауы қажет.  Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы сот жүйесіндегі реформалар әділ сот төрелігін орнықтыруы қажет екенін айтып, нақты міндеттерді айқындап берді. Себебі Жаңа Қазақстан құрудың алғышартының бірі – дұрыс әрі әділ шешім шығаратын сот жүйесін қалыптастыру.Ал, қара қылды қақ жаратын әділ сот төрелігін жолға қоюда білікті де білімді судьяның алар орны ерекше. Сондықтан, заңнамада белгіленген қатаң тәртіппен жұмыс істейтін сот жүйесінің қозғаушы күші, негізгі тұлғасы – судья, – деді облыс әкімі.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов жаңа Қызылорда облыстық сот төрағасын таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.

– Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр елінен талай ел басқарған тұлғалар шыққан. Облыстық сотының төрағасы Әділхади Шиғамбаев тағайындалды. Әділхади Жұмабайұлы – Сыр елінің тумасы, осы уақытқа дейін бірқатар жоғары қызметті абыроймен атқарып келді. 24 жылдан бері сот саласында еңбек етуде, 2 облыстың сот алқаларының төрағасы болған. Алда тұрған міндеттерін тиісті деңгейде атқара білген жауапты азаматтардың бірі. Бұл қызметке тағайындалуыңызды Мемлекет Басшысы мен Жоғарғы Сот басшылығының жоғары сенімі деп білеміз. Ел алдында, қоғам алдында абыройлы болыңыз, – деді Нұрсерік Қасымұлы.

Жаңа сот төрағасын облыстық сот саласының ардагерлері де құттықтады.

Өз кезегінде, Әділхади Шиғамбаев әріптестеріне жауапты лауазымды сеніп тапсырғаны үшін алғыс білдірді.

Шиғамбаев Әділхади Жұмабайұлы  1968 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.Өзінің еңбек жолын 1985 жылы Қызылорда облысының Агроөнеркәсіп кешенінің механикалық-көліктік станциясынан бастаған.

1994-1998 жылдары Алматы қаласы, Әуезов аудандық прокуратурасында аға тергеушінің стажері, аға тергеуші, Алматы қалалық прокуратурасында аса қауіпті қылмысты анықтау бөлімінде аса ауыр істер бойынша тергеушісі, 1998 жылдан бастап Маңғыстау облысы Ақтау қалалық сотының судьясы, төрағасы, Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып қызмет атқарған.



15 шілде 2022 ж. 258 0