Мәдениетті ана – Мәдениетті ұлт
Қай ұлттың болмасын қалыптасу жолында әйелдің рөлі басым. Өйткені парасатты, білімді анадан тәрбиелі, мәдениетті ұрпақ қалыптасатыны анық. Қазақстан Халықтары Ассамблеясының Қызылорда облыстық аналар кеңесі мүшелерін біріктірген бәтуалі басқосуының астарында осындай мақсат жатыр. Әйел-аналар тобын алдымен аудан әкімі қабылдап, жұмыстарына сәттілік тіледі. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында үлгілі отбасылардың озат тәжирибесін насихаттау мақсатында өрбіген «Бақытты ана – бақытты отбасы» атты дөңгелек үстелге аудан әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев модераторлық етті.
Одан әрі Қазақстан Халықтары Ассамблеясының Қызылорда облыстық аналар кеңесі төрайымы Рахима Ахметоваға сөз кезегі беріліп, аналардың қоғамдағы орны жайында тұщымды ойын ортаға салып, жас аналарға тәлімді тәрбие жайында пікірін жеткізді.
– Ардақты аналар, қымбатты қызкеліншектер елдің бірлігін сақтайтын – ең алдымен аналар. Бүгінгі басқосуымызға туған жердің түтіннің түзу ұшуына септігін тигізіп жүрген сіз бен біздей аналардың алға қойған мақсаттарын жұмылған жұдырықтай бірге талқылау себеп болып отыр. Ұлттың бар болмысын, тілі мен дінін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, бойына дарытатын әйел адам. Қашанда қазақ отбасы ерекше қасиетті құрылым болып саналған. «Отан – отбасынан басталады», – деген нақыл сөз Отан болып қалыптасуда отбасының маңыздылығын меңзеп тұр. Біз балаға «әке – асқар тауың» деп әкесін сыйлатуды, «Жұмақ ананың табанының астында» деп ананы сыйлатуды үйретіп, «Бала – бауыр етің» деп ұрпаққа айрықша қамқорлықпен қараған халықпыз. Жаугершілік заманның өзінде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз. Дегенмен бүгінгі қоғамда безбүйректердің кездесуі көңілді қынжылтады. Қазіргідей ата-анасын қарттар үйіне өткізетін өгей ұрпақ, баласын жетімдер үйіне өткізетін көкек ана бізде ешқашан болмаған.
Бұл – біздің салтымызға қайшы. Ал, бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда осындай сорақылықтың орын алуы біз үшн үлкен сын. Ар-ожданның мәселесі. Біз аналар ұрпақ тәрбиесінде осыны ескеріп, баламыздың бойына жақсы қасиеттер мен құлағына тәртіпке үйлескен мейірімділікті құйып өсіруіміз керек. Әр қазақты жалғызым деп біліп, шалыс басқан жанға тура жолды нұсқау ең алдымен адамдық парызымыз. Ал, мықты ұрпақ – мықты мемлекет қалыптастырудың алтын діңгегі аналар. Сондықтан аналардың еңбекқор, ақыл-парасатқа бай болуы міндетті, – деді Рахима Қаржаубайқызы.
Сондай-ақ, неміс этно-мәдени кешенінің басшысы Ирина Николайқызы, көп балалы ана, алтын алқа иегері Қуаныш Мырзабаева мен Мәншүк Мәметова атындағы жоғары педагогикалық коледж директоы Жақсыгүл Тоғанова және Жаңақорған аудандық сотының төрайымы Әлия Бердібекқызы сөз алып, отбасы құндылықтары, ана мен әкенің рөлі жайында ойларын ортаға салды.
– Отбасы – біздің ең құнды байлығымыз. Кез-келген азамат қандай жағдай болмасын отбасын сақтап қалу үшін қолынан келгенінше аянбауы керек. Егер әр адам отбасын дәл осылай қадірлесе қоғамда ажырасу, баланың жетім қалуы болмас еді деп ойлаймын. Бүгінде сот процесінде азаматтық іс жөнінде арыз-талаптар өте көп кездеседі. Соның басым бөлігі ажырасу, және балаға алимент өндіру жайында өтеді. Әр әке алименттің қарыз емес, парыз екенін ұғынуы керек. Сонымен қатар соңғы уақытта ауданда отбасылық зорлық-зомбылық фактілерінің кездесіп жатқаны да жасырын емес. Зерттей келе көп жағдайда отбасында жәбір көретін кәмелетке толмаған баланың өгей әкеден немесе өгей туысынан зәбір көретініне куә боламыз. Сондықтан ақыл тоқтатқан ата-ана ажыраспас бұрын баланың тағдырына алаңдауы тиіс. Біз балаға өзіміз үлгі көрсеткенде ғана саламатты ұрпақ қалыптастырамыз, – деді Әлия Бердібекқызы.
Аудандық сот төрайымының мәліметінше, аудан бойынша бүгінге дейін отбаылық мәселелер бойынша қаралып жатқан 130 талап-арыздың 100-і әйел адамдар тарапынан түскен. Соның ішінде 33 отбасын сақтап қалу тұрғысынан жұмыстар жасалуда. Бұл мәліметтен біз соттың мақсаты екі тарапты ажырату емес, қайта қазақ отбасыларының шырқын бұзбай, шырайын келтіріп, мүмкіндік болса қайта татуластыру маңызды екенін аңғардық.
Нәзікжандылар мен ақжаулықты аналардың басын қосқан жиын соңында ауданның ардагер аналары алғысын жаудырып, ұрпақтәрбиесі жөнінде ойларын ортаға салды.
P.S.: Иә, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналардың қоғамдағы рөлі қашанда биік. Әсіресе, ұрпақ тәрбиесі жолында бойындағы бар жақсыны балаға беретін ананың мәдениетті, білімді, ілтипатты болуы өзекті. Өйткені, көрегенді анадан келешегі кемел ұрпақ қалыптасады. Ананың танымындағы тәлімді тәрбиенің өзегі баланың өн бойына ақ сүтімен дарып, тура жолды көрген тал шыбық болашақта мәуелі бәйтерекке айналары даусыз. Міне, бүгінгі жиынның маңыздылығы да осында жатыр.
Айсұлу Алданазар