Жаңалық атаулы жанашырлықтан бастау алады
Көшбасшылық – екінің біріне қонатын қасиет емес, Ол үшін алған бетіңнен қайтпайтын табандылық, қайратты мінез керек. Бала жасынан табиғатына тән өр мінезі тал бойына өзгеше сипат дарытып, бүгінгі таңда елге елеулі есімдердің қатарына қосыпты. Бұған дейін төл қызметінен бөлек аудандық мәслихаттың депутаты ретінде де елдік мәселелердің шешілуіне ықпал етіп келе жатқан азаматтың туған жер газетімен де тұрақты байланысын үзбейтін қаламгерлік қыры өз алдына, өзі жетекшілік еткен қай бір салаға болсын тың жаңалықтар енгізіп жүретін ізденісті дағдыларын тақырып өзегіне айналдырып, әңгімелескенді жөн көрдік. Осыдан соң замандастың кісілік болмысы туралы тереңірек ой түйгендейміз.
Біздің кейіпкеріміз - осы отбасының екінші ұлы Әсілбек 1976 жылы мектепті бітірген соң дәрігер боламын деген жүрек қалауымен Алматы медицина институтына емтихан тапсырған екен. Екі «төрт», екі «үштік» бағамен конкурстан өте алмай, институт деканы Ханиса Қанышқызының алдына үш рет барыпты. Сондағысы Қаныш Сәтбаевтың қызы болғандығы үшін. Жас кеуде жаңылыспапты, апайы үлкен жүректі кісі ғой, баланы жетелеп ректорға алып барыпты. Бірақ реті болмаған. Әлі де үмітін үзбей, сол кездегі Білім министрі Төрегелді Шармановты іздеп барып, жолыға алмай, орынбасары Қонақбаевтың алдынан қайтыпты. Екі ай ақылы курста оқуына тура келген. Ақырында көпшіліктің ақылымен дәрігерлікті жылы жауып, Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетіне оқуға түседі. Оны 1986 жылы тәмамдап, ядролық физика институтына жолдама алып, біржола ғылым жолына түсуге талап қылған. Бірақ аспирантурада оқып жатқан өзінен үлкен ағасына жол беріп, әкешеше қолқасын жықпай, ауылға оралуына тура келген. Ауылға келе сала өзі оқыған №168 орта мектебіне мұғалім болып орналасты. Мектепте кәсіподақ комитетін басқарды. Мұғалімдердің алды соғыс ардагері, көбіне солардың сабағын да беруіне тура келіп, тарихтан да, географиядан да, биологиядан да, тіпті сурет, сызудан да дәріс беруге әлеуеті жететін жігіт ұжымда зор беделді иеленіп, айналдырған жеті жылда өзіндік тәжірибесімен көрініп, отыз жасында мектеп директоры болып сайланды.
Бұдан кейінгі жылдары атамекені – Қожакент ауылының әкімі болып тағайындалды.
Ауыл жағдайын жақсы білетін тұлға ретінде ең алдымен ел тұрғындарымен ауызбірлікте жұмвс жасаудың, көппен кеңесе отырып келелі іс тындырудың барлық тетіктеріне ден қойды. Игілікті істің басын ауылды көгалдандырудан бастады. Осы өңірде жатқан әулиелі жер – Қорасан ата баба кесенесінің маңайына тал егу жұмысын қолға алды. Құмға дарақ егіп, еңбегіміз еш кетеді, қу даланы көгерте алмаймыз деген кереғар пікірлер де болды. Бірақ әкім ағайынды жинап барып, судың көзін бұрып, көгалдандыруды қолға алды. 2013 жылдың наурызы еді, облысқа жаңа әкім болып тағайындалған Қырымбек Көшербаев Қорасанның маңайындағы кенішті аралап келе жатып жолы түсіп, осындай бастамаға куә болып, өз қолымен алма көшетін отырғызып еді, ол тақтайшаға жазылып қойылды. Осы үрдіс содан бері жалғасын тауып, осы мекенге арнайы соққан қаншама белгілі азаматтардан саялы ескерткіш қалды.
Ауылды көркейту – көгалдандырумен бітпейді. Тұрғындардың сәнді де, сәулетті тіршілік етуі отбасына кіріп тұрған күнделікті табысына байланысты. Бұрынғыдай өкімет береді екен деп отыратын заман өткен. Осыны ауыл халқына ұғындырып, жұмыс жасауға үгіттеген әкім сол кездері «Елу ауыл» бағдарламасы бойынша 47 отбасының жеңілдікпен кредит алуына жағдай жасап, «отбасылық мал бордақылау алаңдары» жұмысына серпін берді. Ауылдық округтің осы тәжірибесімен танысу үшін сол кездегі Ауыл шаруашылық министрі Асқар Мырзахметов бастаған өкілдер келіп семинар өткізгені есімізде. Қазірде осы кәсіппен айналысушылар саны 100- ге жетті.
Ауыл халқының саны 3357 адамды құраса, соның барлығының жұмыспен қамтылуына ден қойылды. Бұған елді мекенде мүмкіндік мол. Шаруашылықтың екі түріне – диқаншылық пен мал өсіруге жағдай жеткілікті. Ауылда аяқ су шешілген. Дария да, тоғай да, егістік алқаптары да, мал жайылымына ыңғайлы құмды алқап та елді мекеннен арна тартып, шаруаның ыңғайына әбден жарап тұр. Күріш егістігінен бөлек 3500 гектарға жоңышқа егіп, ала жаздай бала-шағасымен жабылып шөп орып, оны көліктерге тиеп, сатумен айналысатын ауыл адамдарына бір тыным жоқ. Осынша аумақтағы ен байлықты игеруде отбасы болып жұмылып жұмыс жасайтын ауыл халқының көпшілігінде жеке КамАз көліктері бар, кәсіпкерлік әлеуеті үлкен елді мекенде тұрғындардың дені жаңа үй салып кіріп, суын ішке кіргізіп, қаладағы жағдайдан кем емес деңгейге жетіп отыр.
Облыс көлемінде алдыңғы қатардан саналатын ауылдық округте шаруашылықтың түрлі санаты бойынша жеңімпаздар шығып, марапатталуы жөнінен соңғы бес жылда , атап айтқанда 2015 жылы «Үздік ауыл» атануы, 2017
жылы облыста 6 чемпионның бесеуі осы ауылдан шығуы, 2019 жылы «Үлгілі ауыл конкурсында жеңімпаз атануы осы көрсеткіштердің дәлелі болса керек. Жан-жақты дамыған өркениетке қарынның тоқтығымен, көйлектің көктігімен қол жеткіземіз деу бекер. Жаңашыл, ізгілікті қоғам құруға ұмтылған әркімнің рухани өресі зор, жандүниесі кемел, жан-жақты білімді азамат болуы кнрек. Осыны ең басты міндетіне алған ауыл әкімі елдік шараларға екпін беріп, әрдайым ауыл тұрғындары арасынан табылуға маңыз беретінін айтты. Ауылда өтетін ас, жиын-той, көпшілік шаралар ауыл әкімінің қатысуынсыз өткен емес. Тіпті қазалы жағдай орын алған отбасына да ауыл әкімі бірінші барып бас-көз болуға тырысады. Мерекелік шараларға ауылдағы бүкіл мекемелердің қатысуын, мәдени-көпшілік шараларда алдыңғы орында солардың отырып, тұрғындарға үлгі болуын назардан тыс қалдырмады. Ауыл кітапханасының халықпен байланысына терең мән берді. Елге бас болу дегеніміз екі шылбыр, бір тізгінді қолға алып, соны соқпақтан сүріндірмей аалып өту деген сөз ғой. Бұл жөнінде Әсілбек Айтжанов былай дейді: – Ауыл көркін сәулеттендіру үшін «Тәуелсіздік аллеясы», «Анаға тағзым», «Бәйтерек», «Рәміздер алаңы», «Биг-бен» сағатын орналастырдық. Бұл жұмыстарда бүгінде түрлі кәсіпте немесе биік лауазымдарда отырған осы ауылдың азаматттарына да өтініш айтып, демеушілікке тартқан жағдайлар да болды. Рәміздер алаңы аллеясында ауылдың үлкен-кішілерінің басын қосып, түрлі шаралар, жас ұрпақты патриоттық бағытта тәрбиелеуге арналған жиындар өткізіп келдік. Мұның барлығында ауылдағы мәдениет саласы қызметкерлері мен ауыл жастары қоямақолтық бірлесіп жұмыс жасауын жолға қойдық, – дейді ол.
Соңғы жылдары орнын жастарға беріп, өзі осы әкімдікте бас маман қызметіне ауысқан Әсілбек Досқожаұлы бүкіл жандүниесімен елдің мұңмүддесіне әлі де ортақ.
«Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», ұлағатты ұстаздықтан әлеуетті әкім дәрежесіне жеткен, қай жерде жүрсе де елге болсын деген жанашыр ниетті жалау етіп, көптің жүрегінен орын ала білген жайдары мінезді азамат марапаттан да кенде емес. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің – 10 жылдығы, 20 жылдығы, 25 жылдығы, 30 жылдығы мерекелік медалінің иегері «Бірінші» атты жалпыұлттық рейтингтік энциклопедиялық кітабына еніп, атаулы төсбелгісін иеленген.
Отбасында жары, медицина саласының қызметкері Жәмила Берденқызы екеуі бес перзент тәрбиелеп отыр екен. Үлкені Мұхамеджан эколог, Саидасы заңгер, Ержан сақшы қызметкер, Нұржан механик, Айда ғылым докторы.
Баян Үсейінова