№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 

Әсемнің әлемі


Жаңақорған аудандық кітапханасына жиі бас сұғамыз.  Сонда байқағаным, кітапханашылардың жылы жүзбен қарсы алатын әдебі жүрекке жылылық ұялатады. Ия, солай. Мұндай мейірімге толы мезіретке іштей марқайып, ризашылығымды білдіруге тырысып бағамын. Әсіресе, Әсем Сағатқызының әдебі ерекше.  Қазақ қыздарына тән ибалық иірімі тұла бойына жарасып тұрады.  Көрікті келбеттің келістілігін жымиып қана жылылық  белгісімен білдіреді. Ата-ана, ене тәрбиесінің жұрнағы  жүрегіне ұялағанын сездіреді

Ол қазір 39 жаста, кемелденген кезеңге келді. Іс-тәжірибесінің толысқанын білім-біліктілігі де байқатады. Жасынан оқуға деген ойы айна-қатесіз орындалды да. Әсем 2002-2004 жылдарда  Рымбек Байсейтов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжден  «Қазынашылық» мамандығын, сосын  оның жоғары білімін Каспий қоғамдық университетінен алды. Ал,  2011-2013 жылдарда  Болашақ университетінің  "Кітапхана ісі" мамандығын бітірді. Өйткені қыз баланың қолы кітапханашы екенін ол ескерді. Оның үстіне енесі Гулзиба Сұлтанбекқызы  Ибрагимова аудандық, кент кітапханасында ұзақ жыл қызмет атқарып,  зейнетке шықты.  Оның үлгілі үлгісі келінге жұғысты болды. Сөйтіп, 2015 жылдың  маусым  айында аудандық кітапхананың Оқырмандарға қызмет көрсету бөліміне кітапханашы болып орналасты. Міне, арадағы жеті жыл уақыт оның талабын өсірді, мамандығын сүюге жетеледі. 
Әсемді көбінше кітап көрмелерінен көреміз. Бұл болмысы бөлек,  тапқырлық, үнемі сауаттылықты сұрайды. Әрбір деталь мен штрихтың ақпараты анық, бояуы қанық болуы шарт. Ол мұны жауапкершілікпен атқара біледі, көрермен көңілін тың мәліметпен сусындатуға, толықтыруға тырысады. Сол үшін оның ойымен бәрі келіседі. Тұйық мінезі де бар, қанша шаруаны қамдаса да мақтануға құштар емес. Үйдің ісін үйде, түздің тірлігін түзде тындыруға машықтанған және өз ісін жетік меңгеруді мақсат еткен межесі Әсемнің әлемін әйгілей түседі.
Өткен 2021 жылы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында  «Бір ел – бір кітап» акциясына көпшіліктен 30 кітап ұсынылған болатын. Сол 30 туындының ішінен жерлесіміз, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Т.Нұрмағанбетовтың  «Періштелердің өлімі» атты кітабы таңдалып, аудан бойынша байқау өтті.  Сол байқауда Әсем Сағатқызының бағы аспандап, Алғыс хатпен марапатталды.
Бабасы Құрбан ата әулие кіндігінен шыққан қыздарына құрметпен қарап, ақ батасын берген екен. Сонда ол: «Есімің еленсін десең, ауыртпалықты аянбай жең, жолдасыңды сыйла,  ұлағатты ұрпақ өсір, кісінің сыртынан ғайбат айтпа, пейілің таза болсын» деген екен. Міне, бабасының батасы Әсемнің әлеміне жұғысты болған.
Қоғам қызметінде қадірі өсіп, отбасы өмірінде өнегесін өрбітіп, төрт перзент сүйді. Жолдасы Роман Жиенбаев мемлекеттік қызметте, олардың бір-біріне деген сыйластығы жарасымды жұптың жүрегіне ұйыған. Ұл-қыздары мектепте үздік, өнерлі, түрлі байқаудың жеңімпаздары.
«Адамды еңбек өсіреді» деген рас сөз, Әсемнің бүгінгі биігінде сол еңбек еленіп тұр.

Қаныбек ӘБДУОВ
24 сәуір 2022 ж. 10 002 0