Арда туған азамат еді-ау Әбекең
Аманкелді Мұбаракұлы жайлы ой-толғау.
Әбекеңнің көзілдірігі мен қойын кітапшасы күнтізбе мен қаламсаптар және үлкен сувенир сағат, қазақы қойдың мүсіні (өзі қойшының баласы ғой) стол үстінде сақталған. Бірақ Әбекеңнің жүрегінің тоқтағанына біраз уақыт өткенін білдіргендей, уақыт-сағат та тоқтап қалған екен. Иә, бәрі де кітаптар, естеліктер, құжаттар, тұтынған заттар, сувенирлер орындарында сол күйі тұр. Бірақ, дүниеге бір-ақ келген менің қимас дос-інім, арқа сүйер бауырым, өзі де, орны да бөлек, елдің атпал азаматы – Әбекең – Аманкелді Мүбаракұлы Абдуллаев қана орнында жоқ.
Әбекеңнің өмір, еңбек жолынан естелік болатын істері, өзіміз сыйласып бірге өткізген күндер, жылдар және бірге қыдырған жолсапарлар, өткізген демалыстар, қатысқан мерейтойлар, араласқан-сыйласқан дос-жарандар т.б елдегі біздер қатысқан неше бір шаралар – бәрі де енді өткен шақпен жазылатыны өкінішті.
Қанша жылдар бойы елдің қызықшылықтарында сөйлеген сөздерімізді жинақтаса, бір кітап болар еді. Тек өзіміздің бір реті бар, жақын жандарға, олардың қызықшылықтарына арнап газетке жазылған мақалалар, арнау өлеңдер, құттықтаулар ғана естелік, өмірбаяндық кітаптарға енетін материалдар болып қалады екен. Ал Әбекең «жазуға жоқпын ғой» дейтін.
Жалпы бұрындары жазбаша құттықтау жазу деген үрдіс те емес еді. Ол әдет-дәстүр сол беріректе 80- 90 жылдардан басталды деуге болады. Мысалы, мен өзімнің алғашқы арнау өлеңімді ұстазым – Тақаңның 60 жылдығына, Манап Көкеновке «халық ақыны» атағын алғанда жазған екенмін.
Ал Әбекеңнің 50 жасын ол «Бірлікте» директор болып жүргенде 1996 жылы қағазға жазып құттықтаппын. Сондай-ақ оның 60-қа толған тойында «Қыраштың тарлан түлегі» деген өлеңімді тарту етіппін. Ал жетпіс жылдық мерейтойын ол ата-бабаларын еске алу шарасымен қосақабат мазмұнда өткізген бірінші адам. Сондағы арнауымда Әбекеңнің елге, шаруашылықтарға, шипажайға жасаған қыруар еңбегін, қайырымдылық, жомарттық істерін, ағайынға басшылығын, перзенттеріне қамқорлығын, Алты Ата мешіті мен бабалары Көкен батырға жасаған қызметін, өзінің ел арасындағы беделін, абыройын дәріптегенмін. Сондайақ тілші Нұрмахан Елтай екеуміздің облыстық «Сыр бойы» газетінде (24.09.06ж) «Абыройы асқақ азамат» атты мақаламыз жарияланды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, ел жақсы істі де, оны жасаған адамды да көріп отырады. Ол істі журналистер де, былайша көзі қарақты адамдар да елге үлгі есебінде жазып жатады. Соңғы жылдары Әбекеңнің жұрттан озық үлгі істерін, қайырымдылық-жомарттық жолдары баспасөзде көп жазылды. Мысалы, Әбекең «Жаңақорған» шипажайының жұмысын жолға қойған 2000 жылдары журналист Н.Елтайдың «Сыр бойы» газетінде «Тән қуатын, жан шуағын сыйлаған» атты жазбасы, Әбекеңнің жомарттығы жайлы «Биік төбеге – биік өре шығады» атты мақаласы жарық көрді. «Мәрттік – мейірімнің межесі», «Азаматқа кең жүрек жарасады» атты мақалаларды да оқыдық. (авторлары Н.Байкенже, С.Әбіш). Белгілі журналист – Қ.Әбдуов 2016 жылы сол Әбекеңнің 70 жылдығы қарсаңында онымен сұхбат жүргізіп, «Адам өмірге бір күнде және бір түнге келмейді» деген тақырыппен аудандық газетке сұхбатын жариялады. Бұл ғибратты әңгіме – сұхбатқа оқырмандар риза болып еді.
Әрине, мемлекетке, елге еңбегі сіңген, сол арқылы абыройлы, беделді болған жанның өмір, еңбек жолын, азаматтың мерейін тасытып ауық-ауық жоғарыдай жазып тұратынына ел де, біз де куә болып келдік.
Мына тосыннан елге келген індет көп азаматтарды, Амангелді секілді аяулы жандарды аяқастынан алып кетіп жатты ғой. Әсіресе, бұл қаза оның отбасына, ұл-қыздарына, бауырларына, біздерге өте ауыр тиді. Бәріміз де абдырап қалдық, түс көргендей болдық. Бір-бірімізге көңіл айтудан басқа қолдан ештеңе де келмей қалды, Жыладықсықтадық, өкіндік-өксідік. «Алланың ісіне не шара бар», дедік те қала бердік, соңғы сапарға шығарып салдық.
«Тозаққа да үйренесің» демекші, Әбекеңнің енді жоғын, келмеске кеткеніне көзің жеткен соң, ойға Әбекеңнің артын, адами болмыс-қасиетін, шүкіршілік ететін ісін, иман байлығы мен өзі айтатындай «Ұрпақ байлығын» есіңе алып-тоқтамға келеді екенсің. Әбекеңнің артында өсіп-өнген ұрпағы, ұл-қыздары, өмірқосағы – Патимасы бар, қалың елі, ағайыны бар, біздер секілді жанашыр ағалары, інілері бар. Сондай-ақ Әбекеңнің ұмытылмайтын ісі, ізі, сөзі бар, соған шүкіршілік етуден басқа амал да жоқ қой, бұл өткінші тіршілікте! Сонда да пендеміз ғой, көңіліңдегі, ішіңдегі өкінішіңді, қимас көңіліңді, азаматқа деген сағынышыңды тек жазған өлең-жоқтауыңмен, шерлі жазбаларыңмен шығарады екенсің. Сол қазалы күндерде-ақ, кейіндері де күні кеше аралас-құралас жүрген, қыңқ деп ауырғанын көрмеген көпшілік Әбекеңді дені сау, мықты азамат деп есептейтін, сенерін де, сенбесін де білмей, оны өлімге қимай абдырап қалғанын көрдік.
Менің «Бақ қонған, абыройы асқақ азамат еді» атты мақалам «Сыр бойы» газетінде басылып шықты. Біздің өңірде өз қатарларының ішінде азаматтығымен, ісімен, қайырымдылығымен елдің есінде ұзақ уақыт ұмытылмай сақталатын, елдің есінде жүретін біртуар азаматтың бірі де бірегейі осы Аманкелді Мүбаракұлы болып қалатынына менің күмәнім жоқ.
Биыл Әбекең дүниеден қайтқан 25 маусым күні балалары ас беріп, Құран бағыштамақ. Естелік бейнежазба түсіріліп, кітап шығарылып жатыр. Ұрпағы барда, іздейтін елі барда, азаматтың өзі де, ісі де, аты да, хаты да өшпейді, ұмытылмайды деген осы емес пе?!
Зинабдин Шермұхаммедұлы, ардагер ұстаз, ауданның
Құрметті азаматы, облыстың Құрметті ардагері
Құрметті азаматы, облыстың Құрметті ардагері