» » Нарықты реттеу қолдан келе ме

Нарықты реттеу қолдан келе ме


Қазір базар бағасы сан құбылды. Бағаға қадағалау болғанымен нақты бақылап, шекті баға қою қолдан келмей тұр. Оған себеп кәсіпкерлікке жасалған мораторийдің салдары дейді жауаптылар. Әсіресе, бақша өнімдерінің нарықтағы құны былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе қымбат. Бұл науқандық кезеңде тұрғындар үшін ауыр баға. Алыпсатардың да, диқанның да еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ, осы өнімдерді өзіміз де өндіре алатынымызды ескермесек кімге өкпелейміз? Апта басында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ауданға жасаған арнайы сапарында ауыл тұрғындарының бақша егу кәсібіне баса назар аударды. Ондағы мақсат – облыстағы азық-түлік қорын көбейту және сырттан алатын өнімдерге деген тәуелділікті азайту екені анық.

Алдымен, аймақтағы тауар қорына иек бұрайық. Бүгінде облыстағы тұрақтандыру қорында 78,9 тонна қант бар екен. «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы 272 тонна қант тұрақтандыру қорына жеткізіліп, 39 әлеуметтік дүкен мен әлеуметтік бұрыштарда төменгі бағада сатылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Тілеулеева мәлімдеді. Оның айтуынша, қант өнімінің қат болуының басты себебі – шет мемлекеттерге тәуелді болуымыздан және көршілес мемлекеттердегі саяси ахуалға байланысты дейді. Бұл мәселені оңтайландыру үшін облыс әкімдігі тарапынан «Көксу қант зауыты» ЖШСмен 612 тонна қант босату жөнінде келісімшарт жасалды.

– Соңғы уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына, оның ішінде қант өніміне байланысты мәселелер жиі көтерілуде. Жалпы біздің өңір қант нарығында импортқа тәуелді екенін айтқым келеді. Сондай-ақ, бұл өнім Жамбыл, Алматы облысы мен көршілес Ресей елінен жеткізіледі. Бүгінде облыс бойынша қанттың орташа бағасы – 455 теңгені құрайды. Ал, әлеуметтік дүкендер мен әлеуметтік бұрыштарда қант – 263 теңгеден, яғни нарық бағасынан екі есе арзан сатылуда, – деді Айнұр Тілеулеева.

Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында – 1167 тонна өнім бар. Бұл жөнінде «Алтын Қамба» Агроөнеркәсіп комбинаты» ЖШС директоры Талғат Бекішов былай жеткізді: – Жыл басынан бері облысқа 500 тоннаға жуық өсімдік майы жеткізіліп, әлеуметтік дүкендерде 630 теңгеден сатылуда. Одан бөлек, тұрақтандыру қорына 272 тонна көлемінде қарақұмық жармасын сатып алдық. Жалпы ірі сауда орталықтары мен әлеуметтік дүкендерде азық-түлікке байланысты тапшылық жоқ. Облыстағы тұрақтандыру қорының өнімдері және «айналым схемасы» шеңберінде қарыз алған кәсіпкерлік субъектілерінің өнімдері 39 әлеуметтік дүкен арқылы және облыс орталығының 13 ірі сауда үйінің әлеуметтік бұрышы арқылы сатылады, – дейді ол. Шыны керек, соңғы бірер күнде ел қант бағасының қайта шарықтауына шағымдануда.

Ал Жаңақорған ауданына сапар барысында өңір басшысы Жайылма ауылдық округіндегі егістік алқабына барды. Шаруалармен кездесіп, пікірлесті. Аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов жаңақорғандықтардың 429 гектар жерге егін егіп жатқанын жеткізді. Дақылдардың 203 гектарын қосалқы шаруашылықтар, ал 226 гектары шаруа қожалықтарының күшімен егіліпті.

– Қазір ауданда 3003 отбасы 429 гектар жерге картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егуде. Бұл қысқы азық-түлік қорын жасақтауда үлкен көмек болары сөзсіз. Біз бұрынғы егілген жердің жанынан қосымша егістік дайындауға тырыстық. Оның өз себебі бар. Өйткені онда тартылған суармалы жүйе, скважина қазу, электрмен қамту сияқты бұрыннан атқарылған жұмыстар бар. Халық бұны жақсы қабылдап, еңбек етіп жатыр. Ауылдықтардан бөлек, Жаңақорған кенті маңынан да жер дайындалып, тұрғындар бақша өсіруде, – дейді аудан әкімі.

Облыс әкімі қазіргі кезде егісті әртараптандырудың маңызды екенін және әр ауылдың өзіндік ерекшелігін ескере келе, өнімділікті көбейту қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, арналарға су жеткізу, насос қондырғыларын уақытылы алу мәселесін жеделдетуді тапсырды.

Демек, енді күріш, мал азықтарымен бірге бақша, оның ішінде, картоп, сәбіз бен жуа және өзге де өнімдердің көлемін кеңейту межесі тұр. Оған біздің диқандардың шама-шарқы жетеді, жеңілдіктер де қарастырылады. Ең бастысы, нарықты реттей алсақ болғаны, ол үшін өзге өңірлерге алақан жаюды азайтуға жұмыс жасау керек. Биылғы аудан межесі көңіл қуантады, әртараптандыруға басымдық беріп, отбасылық кәсіпті қолға алуда. Жалпы шаруалар суды аз қажет ететін, әрі нарықта үлкен сұраныстағы егіске бет бұра бастағаны қуантады. Тек толық іске кірісуге бата алмай тұрғанымыз бар. Әйтпесе, базар бағасы бұлай құбылып, нарық жүйесіз кетпейтін еді. Қалғаны уақыттың еншісінде..

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
11 маусым 2022 ж. 326 0