Жастар «Жасыл ел» жобасында
Қазақстанда «Жасыл ел» жалпыұлттық жобасының жаңа еңбек маусымы қайта басталды. Жобаның мақсаты – жастарды еңбекке баулу, табиғатты аялауға, өзгеге өнеге болуға шақыруды көздейді. Биылғы жоспар мен меже қандай? Қанша жас жұмысқа тартылады, кімдер қызметке қабылдана алады? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
«Жасыл ел» жалпыұлттық жобасы 2005 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бұл жастар арасындағы ең танымал бағдарламалардың бірі десек, қате емес. Бағдарлама аясында жас қазақстандықтар қалаларды көгалдандыруға қатысып, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлесін қосады. Сонымен қатар жоба еңбекке баулып қана қоймай, жастарды ортақ идеялар төңірегінде топтастырады. Жалпы «Жасыл ел» жасақтарының қызметіне 16-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Айта кетейік, 2021 жылы жасаққа 30 000-нан астам жастар жұмысқа орналастырылды. Осы жылы да Қазақстан бойынша 30 мыңнан астам жасты жұмысқа тарту жоспарлануда. Аудандағы жағдайды білу мақсатында жастар ресурстық орталығының директоры Наурызбай Ерікұлына хабарласып, мән-жайды сұрадық.
– «Жасыл ел» еңбек жасағы Жаңақорған ауданы бойынша алғашқы легі 16 мамыр күнінен бастау алды. Қазіргі уақытта «Жасыл ел» сапында 40-тан аса жас еңбектенуде. Жоспар бойынша Жаңақорған ауданында 200 жасты жұмыспен қамтуымыз керек. Былтыр 110 жас қамтылған еді. Бірақ биыл арнайы киім берілмейді. Жасыл ел қатарына шілде, тамыз айларына жұмыс жасағысы келгендерді тіркеу жүруде. Жұмыс жастар үшін керек құжаттар қатарында жеке куәлік, жұмыссыздығы жөнінде анықтамасы болуы тиіс. Ал, оқушылар мен студенттер үшін жеке куәлік, 18 толмағандарға ата-анасының келісімі және студент немесе оқушы екендігін растайтын анықтамасы тапсырылады. – Жалақысы қанша?
– «Жасыл елге» 16 жастан асқан 29 жасқа дейінгі барлық жастар қатыса алады. Айлық жалақысы общий 60000 теңге, салықтық алымдар алынғаннан кейін қолына тиетін 48000 теңге. Шыны керек, жұмыс ауыр деуге келмейді, еңбек болған соң жұмыла көтерген жүк жеңіл ғой. Бұл жобаға көбіне студенттер мен жоғары сынып оқушылары қатысатыны рас. Өйткені, оқушыларды қара жұмысқа жегіп қойған да қиын, сондықтан осындай бағдарламаларға жиі тартылып, қоғамдық жұмыстарға белсенділік танытқаны құба-құп.
– Былтыр немерем осы жобамен жұмыс жасаған болатын. Оқушы болса да қарсы болмадық, қиындығы болмағанымен, қоғамға қызмет жасау үлкен жауапкершілікті жүктейтінін сезінді. Бұл әрине дұрыс, өйткені келешек осы жастардың қолында, сондықтан осы бастан оларды еңбекке, тазалыққа, адалдыққа үйреткен абзал, – деді Аманкүл апамыз. Қорыта айтқанда, «Жасыл ел» сарбаздары ауданды көгалдандырып қана қоймай, тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыруға еңбек ететін болады.
Әли ТЕМІРБЕК