№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Мерейлі отбасы :Көп алғысын арқалаған

Мерейлі отбасы :Көп алғысын арқалаған


Кемеңгер халқымыздың салт-дәстүрінен аспаған, қаршадайынан қарапайым еңбекті пір тұтып, содан бақыт тапқан жандар қатарында, бүгінде жетпістің желкеніне шығып отырған ардақты ана Убайдуллақызы Баян апамыздың отбасын бау шарбағын тамыры терең кеткен бәйтерекке теңеуге болады. Жары Жұмабекұлы Жамшит екеуі бүгінде үш ұл, үш қыз тәрбиелеп, жетілдірді, олардан өрген немере мен шөбере қызығын көрген жандар. Қарапайым кәсіп –тігіншілікті меңгеріп, халыққа қызметі сіңген апа өз өмір жолы туралы былай деп әңгімелейді.


– Мен 1953 жылы туылғанмын. Бала кезімнен тігінге жақын болдым. Ол маған анамның бойынан ауысқан қасиет. Жиырма жасымда Жаңақорғанға келін болып түстім. Тігіншілік өнерімді жалғап, көршілеріме орыс-қазақ демей көйлек-көншек, көрпе-жастықтарын тігіп беретінмін. Еңбегімізге ақы алу дегенді білмейтінмін. Бауырмалдық басым кездер еді ол. Жаңақорғанға келген соң Қызылорда техникумы филиалында тігін ісі мамандығын оқып, содан соң аудандық тұтынушылар қоғамына тігін цехы меңгерушісі болып жұмысқа қабылдандым. Жұмысты осылайша бастап кеттім.

Ол кез 1978- ші жыл болатын. Мекеме басшысы Ғалия Шабақова маған қосымша дүкен меңгерушілігін қосып тапсырып, ай сайын есебін беріп отыруға тиіс болдым. Өзіміз тіккен киімдерді де дүкенге қойып, екі жұмысты қатар атқардым. «Швея- моторист және закройщица» мамандығын қатар меңгеріп, кез келген тігін машинасын маркасына қарамай жөндей беретінмін. Жұмысымды ұлғайтып, жұмыс таба алмай отырған қыз- келіншектерге, әрі үйретіп, әрі өзім пішіп, тігуге ұсынып отырдым. Алғашында он екі адамды жұмыспен қамтып, еңбегіне қарай ақы тағайындадым, оған қоса керекжарағын заттай беріп отырдым. 12 дана тігін машинасын алуға қол жетті.
Перделік маталар, көрпе-жастыққа матаны Ташкенттен алдырып тұрдым. Кенттегі киім сататын екі дүкенде өзіміз тіккен жаздық және жылы киімдерімді сатуға қойып, елдің қаншама алғысын алдым. Кәсібімізді одан әрі ұлғайтып, терезе перделерін тігіп, қазіргі «Ақ жол» магазині үстінде екі бөлмесін алып, 12 адаммен екінші жұмыс орнын аштым.

1990 жылдары дағдарыстан жұмыс болмай, заттар қымбаттап, кәсібімді жабуға тура келді. Жұмысшыларыма алып берген тігін машиналарын өздеріне қалдырдым. 1991 жылдан бастап үйде отырып тапсырыс қабылдауға көштім. Өзім көп-балалы анамын. Бәрі ер жетіп жеке үй болып, өз қызметтерін жасап жатыр. Заман талабына орай жеке кәсіп ашып, жаныма үлкен қызымды алып, орталықтан. «Аркен» ғимаратының екі бөлмені жалға алып тігін цехын аштым. Оның қабатында сыртқы киімдерді тазалау жұмысына кірістім. Жан-жақты ізденіп, химчистка жасаудың қырсырын үйреніп, матаның барлық түрі – тері, шұға, плащтық материалдарды тазалауды игердім. Осы кәсібімді ары қарай үлкейтіп, дамытайын деп үкіметтен қаржы сұрадым. Бірақ ала алмадым. Өзім ары қарай талпынып химчистка жасайтын құралдар сатып алдым. Енді осы жұмысты келіндеріме үйретіп жатырмын. Бірнеше қыз-келіншектерді тігіншілікке баулудамын. Үйреніп алып, өздері тігін цехын ашып жұмыс жасап жатқан шәкірттерім бар. Қазіргі таңда келінім Сымбат жанымда әрі оқып, әрі еңбек етуде. Өзім сүйіп, бойыма сіңген қасиетім болғасын қартайдым деп қол үзгім келмейді. Зейнетке шыққан соң да, яғни 2005 жылдан бері жұмыс жасап жатқаныма он жеті жылдың жүзі болыпты, – дейді Баян апа.

Жыл сайын мектеп формаларын тігумен де айналысады. Айтпақшы, осыдан 5 жыл бұрын Мәшбек ауылына жаңа мектеп салынды. Соған жүз елу оқушы қызға бірдей формаға тапсырыс түсіп жиырма жеті күн дегенде күн-түн демей отбасымен және төл шәкірттерімен бірлесіп тапсырысты 1 кыркүйек – Білім күніне дейін түгел даяр етіп берді.

Анасынан үйренген кәсіпті жоға қоя білген Жанат Жамшитқызының жеке кәсіпкерлік ашып, аудан халқына қызмет көрсетіп келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Жаңақорғандықтар Жаннатқа перделік материалдарға жиі тапсырыс береді.

Жасы жетпіске жақындаса да қажыдым, талдым демей, жастарға еңбектің құдіретін танытуға тер төгіп келе жатқан ана тәлімі, шынында да көпке үлгі. Жүзіңіз жадырап, адал еңбек, маңдай теріңіздің жемісін көріңіз, демекпіз асыл жанды ардагер анаға.

Әсел ИБРАГИМОВА

04 маусым 2022 ж. 238 0