Болашағымыздың негізі қаланбақ
Күллі халқымыз көз тігіп, үлкен үміт артып отырған саяси реформаның бірі – бүкілхалықтық референдумның өтуіне аз ғана күндер қалды. Ауқымды өзгерістерден тұратын осынау конституциялық реформа – Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды белес екеніне ешкімнің күмәні болмаса керек.
Еліміздегі соңғы референдум 1995 жылдың 30 тамызында өтіп, Ата Заңымызға өзгерістер енгізілгені белгілі. Содан бергі уақыт аралығында Ата Заңға 4 рет өзгеріс енгізілгенімен, оның барлығы да Парламент қабырғасында қабылданды. Бұрынғы саяси жүйені түбегейлі жаңғыртуды қолға алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны Парламенттің қарауымен емес, халықтың тікелей қатысуымен қабылдауды жөн санап отыр. Себебі халықтың сенімінен, халықтың тілегінен артық ештеңе жоқ. Ал халықтың сенімі – шын мәнінде қоғамның қозғаушы күші.
Осынау саяси оқиғаға аға буын өкілдері де белсенді атсалысуда. Конституциялық реформаның маңызын халыққа кеңінен ұғындыра отырып, 5 маусымда өтетін референдумға ел азаматтарының ұйымдасқан түрде дауыс беруі үшін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Мамыр айында шардаралық ардагерлер Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Әуелхан Тұрғымбековпен кездесулер өткізді. Жуырда ғана Нұр-Сұлтан қаласында Республикалық Ардагерлер кеңесінің ІХ съезі онлайн режімде ұйымдастырылды. Осы алқалы жиынға облыстық Ардагерлер ұйымының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловпен бірге қатыстық. Республикалық Ардагерлер ұйымының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов съезде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саяси реформасына ардагерлер қауымы нақты істерімен қолдау көрсететіндерін мәлімдеді.
Осы орайда Шардара ауданында референдумды қолдау мақсатында арнайы штаб құрылып, жұмыс істеп келе жатқанын айтып өткім келеді. Жұмыс тобы қазірге дейін Қ.Тұрысбеков, Қоссейіт, Көксу, Ұзын ата ауылдық округтерінде болып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Еңбек ардагерлері, білім және денсаулық саласының қызметкерлері, шаруа қожалығы төрағалары, фермерлер мен кәсіпкерлер тартылған жиында халық үшін маңызды саналатын референдумның мән-маңызы жан-жақты талқыланды. Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер егжей-тегжей түсіндірілді. Конституциялық реформаның құқықтық негізін қалыптастыратын суперпрезиденттік басқару үлгісінен алыстау, бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу, Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру сияқты өзгерістер – халықтың сенімінен шығатын процестер болмақ. Ең бастысы – референдум жарқын болашағымыздың негізін қалайтын таңдау боларына ел көз жеткізіп отыр.
Бүгінгі таңда шардаралық ардагерлер қауымы елде болып жатқан оқиғаларды қалт жібермей қадағалап, Мемлекет басшысының оң өзгерістеріне қолдау көрсетіп келеді. Жеті мыңға жуық зейнет жасындағы аға буыннан құралған ардагерлер ұйымы кейінгілерге үлгі-өнеге көрсете отырып, алдағы референдумға белсенді түрде қатысады деп сеніммен айта аламын. Ата Заңға оң өзгеріс енгізу – алдағы Жаңа Қазақстанды құруға негіз болатын жауапты міндет. Бұл міндетті ардагерлер қауымы зор жауапкершілікпен жүзеге асыра бермек.
Тоқсанбай БЕРДІБЕКОВ,
Түркістан облысы Шардара аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы