«Тарих таңдаған Астана» облыстық мүшайра осы тақырыпта өтті
Астананың 20 жылдығы, қазақтың ежелгі астанасы – Ақмешіт, қазіргі Қызылорда қаласына 200 жыл, Жаңақорған ауданының 90 жылдығы құрметіне орайластырған жыр мүшайрасы жүрегінде жалыны бар, елінің, жерінің адал перзенті – арқалы ақындарымызды жайбарақат қалдырмады. Жаңақорған ауданында «Арман» қоныстық Мәдениет үйінде өткен «Тарих таңдаған Астана» атты облыстық жас жазба ақындар мүшайрасына жиырмаға жуық талапкер қатысып, бақ сынады.
Мәдениет үйі фойесіне ел-жер тарихын қамтитын әдебиеттерден кітап көрмесі жасақталып, тарихи өлкетану мұражай қызметкерлері Қорқыт шежіресінен сыр шертетін мұралар мүйісін көп назарына ұсынды. Шараны аудан әкімі орынбасары Б.Әйтпенбет сөз сөйлеп ашып, қатысушыларға сәт-сапар тіледі.
Көркемдік қабілет – кез келген кісіде болады. Мұндай қасиеті жоқ жан өлеңді де, өнерді де түсінбес еді. Қазақта екі ауыз өлең шығармайтын жан кемде-кем. Ал нағыз ақын – сезімнің адамы. Жай адам көріп, сезіне білмегенді ол көкірек көзімен көреді. Сонымен қатар ақынға жіті байқағыштық, қиял, интуиция, сондай-ақ, өмірбаян да қажет. Өмірі мазмұнды жанның шығармасы да мазмұнды. Осы орайда Аралдан келген қос талапкер Айдар Сайлау мен Сәтжанов Биболат жыр додасында жасындай жарқылдап, ерекше танылды. Тағдырлы Аралдың табиғатына тартқан қос тарланның отты сезім, жарқын пафосқа толы толғауы көптің көңілін толқытты деуге болады.
Көркемдіктің хас шебері, асыл сөздің ұстасы – Абай атамыздың «Сылдырап өңкей келісім, тау суындай тасыған» деп керемет көңіл-күйді кестелі сөзбен келістіріп жеткізуді мұрат тұтқанындай жан дүниесінің нәзік иірімін нақышты назымен төгілдірген жауқазын қызылордалық Зайникамал Абдуқалықованың аяқалысы қуантты.
Жаңақорғандық жас Ұланбек Бексоба мазмұнды ой, айтары бар ақындығымен ерекше көзге түсті. Жыр сайысына қатысқан сырдариялық Бақтөре Айтбаев, Алина Мұратова, жалағаштық Нұртөре Айтмағанбеттің поэзиясында мазмұн мен форманың үндесуі талаптарына сәл салғырттық танытуы олардың әлі де өлең техникасын терең меңгеруде тер төгуін қажет ететіндей.
Осы орайда Ел ордасы – Астана туралы айшықты жыр жолдарын термелеген аудандық балалармен мәдени-тәрбиелік жұмыстар орталығы «Көркем сөз» үйірмесінің мүшесі Мөлдір Мұханқызы былай деп толғанады:
Ән дарыған далада шыңға айналған Астанам,
Төбесінде жарқырап, күн байлаған Астанам!
Жұлдыздары жамырап, ай кетпейтін Астанам,
Қыста қиып кете алмай, жай көктейтін Астанам.
Ақтарылып ауасы, ағылатын Астанам,
Ертегімсің сен менің шынға айналған Астанам.
Көкті сүйген көркімен таңдандырған Астанам
Көңілінде көргеннің ән қалдырған Астанам.
Еркелеген Есілдің ағысындай Астанам,
Азаттықтың ақжолтай баласындай Астанам.
Көзін ашып, тұрғанша күн бесіктен Астанам,
Бір жеңе алмай жарығын, түн кешіккен Астанам.
«Ақын бәрінен бұрын адам, содан соң өз дәуірінің перзенті» деп Белинскийдің айтқанындай, шама-шарқынша шабытқа мініп, шеберлік сайысында сынға түскен талапкерлеріміздің әрқайсысы өзіндік үн, азаматтық позиция, айқын ажар-келбетімен көрермен көңілінен жылы орын алды.
Әрине, байқау болған соң бәйгесіз болмайды. Облыстың бас ақыны Әбілқайыр Сыздықовтың төрағалығымен әділ қазылар алқасы Бас жүлдені Арал ауданынан келген Сайлау Айдарға табыс етті.
Бірінші орынды жайылмалық жас ақын Наржан Бижанов, екінші орынды аралдық Сәтжанов Биболат, үшінші орынды шиелілік Ержігіт Бекжан мен қызыордалық қаракөз Абдуқалықова Зайникамал еншіледі.
Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ.