№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Болмысы бөлек тұлға

Болмысы бөлек тұлға


Мен 1991 жылдың көктемінде Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы ретінде қызметке кірістім. Жаңақорғанның басқа аудандардан ерекшелігі егіншілік және мал шаруашылығымен қатар айналысады. Жайылымы Қаратау беткейінде, қыстауы Сырда, егіс алқаптары Сырдария өзенінің бойын жайлаған.

Аудан халқының тұрмысы, салт дәстүрінде іргелес жатқан Түркістанның жағдайына бейімділік басым. Табиғи жағдайы қай шаруаға болса да ыңғайлы болғанымен экономикалық, әлеуметтік жағдайымен айналысар шаруа аз емес еді.   Ауданда сол кезге дейін малшы қауымының 90 пайызға жуығы жер кепелерде қыстап, жарықсыз өмір сүріп келеді екен. 
Ал мал басының саны, басқа көрсеткіштері бойынша облыста төртінші орында тұрған ауданның бұл жағдайы шынында көңілге қонымсыз еді.
Одақтың өмір сүріп тұрған кезі. Облыста барлық жүйенің жұмысы жүріп, жоспарлы обьектілерге бөлінген азды-көпті заттардың бар кезі. 
Біз ең алдымен малшылардың жағдайын жасап, табиғат ерекшелігіне сай ауданның ақуалын жақсартуды қолға алуға кірістік. Ол үшін шаруашылық басшыларының қызметтерін қабілет-деңгейлерін, тәжірибелерін зерделеу, алдымызға қойған мақсатымызды орындауға өресі жететіндерді іріктеп, іштегі, сырттағы қызметте абыройлы, іскерлерін елге тартумен айналысуға тура келді. Соның қатарында ауданның ірі шаруашылығының бірі саналатын Талап қой совхозы тұрды. Кеңшардың орналасқан жері тау баурайында. Екі-үш елді мекенді суландыратын Бесарық су қоймасы осында. Іргесінде жеміс жидек өсіретін дербес шағын шаруашылық  бар. Екеуінің де жағдайы жетісіп тұрған жоқ.
Екі ауылдың тұрғындарымен арнайы кездесу өткізіп, кеңесіп, ақылдасып, басын қосып, ірі бір совхоз жасауды жөн деп шешіп, көпшіліктің қолдауымен арнайы жиналыстың қаулысымен аудандық кеңестің сессиясына ұсынып, біріккен Талап совхозын құрған болатынбыз.
Енді оны басқаратын тәжірибелі тұлға ретінде осы ауылдың тумасы,  халқының тұрмыс тіршілігімен жақсы таныс, көрші Түркістан ауданының бірқатар шаруашылығын басқарған Басхожаев Қайып деген азаматқа қолқа салып елге шақырған едім.
Әрине өзінің қалыптасып, үйреніскен, басқарған шаруашылығын алдыңғы қатарлы деңгейге шығарып, елдің құрметінде жүрген азаматтың аяқ­астынан қоныс аударып келе қоюы әрине оңайға соқпасы анық қой. 
Дегенмен өзінің туып өскен ауылы­ның хал-жағдайы, ауылдастарының ықы­ласы, біздің ұсынысымызды ойланып, ел ағасының жасындағы, көрген-түйгені бар Қайып ағамыз тәуекел етіп, ауылының еңсесін көтеріп өркендеуіне қызмет жасауға келісімін берген еді.  Өзім арнайы облыс басшысының келісімімен біріккен екі ауыл тұрғындарының басын қосып таныстырып, табыстырып, елдің тілегін тыңдап, бар күшін, жігерін, тәжірибесін жұмсап, аянбай еңбек ететініне сенім білдірген азаматпен жұмысымызды бастап кеттік.
Қанша дегенмен тәжірибенің, орынды талабының, азаматтық қадір-қасиетінің нәтижесі, ауылда оң өзгерістер бірден байқала бастады. Кадрларын сараптап, іріктеп, әрқайсысының қарым-қабілеті­не қарай ауыс-түйіс жасап, шаруасы оңала бастады.
Малшылардың жағдайын жасау, жер кепелерде күнелткен 152 қыстайтын орынға арнайы жобамен үй салу үшін барлық мекеме қолындағы бар жабдығымен құрылысқа кірісіп, еңбек­керлерді алдағы қысқа кең, жайлы, жарықтанған жаңа үйлерге кіргізу қызу жүріп жатқан кез. Бұл жұмыстарда малшылардың көңілі көтеріліп, қолын­дағы малдың күйі, төлін сақтау арқылы мал басын арттыру бағытына ынта ықыласымен жұмыла түскен.
Солардың ішінде үнемі шаруасы оңбай жүрген Талап шаруашылығы да алдыңғы қатардан көріне бастады.
Осы жылдары өңірге мұнай сау­дасымен келген израйльдық ірі кәсіп­кер Айзенбергпен кездесуде болған келісімге сәйкес облыс басшылығы сол елге сапар шегіп, жетістіктерімен танысты. Облыстағы проблемаларға байланысты келісім жасауға баратын құрамда мен де болып, көп жаңа­лықтарды көріп қайттық. Олар ай­налдырған бір Кинерет деген көлінде жиналған сумен бүкіл бақшалығын тамшылатып суландырып, әлемнің 72 еліне жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін экспортқа шығаруы бізді таң қалдырған болатын. Біздің аудандағы  Қайып аға басқарып отырған шаруашылықтағы 370 гектар жеміс жидек бағына қандай қажетті технология деп ой түйдік.
Оның үстіне облыстық аурухананың, су құбырларының, оннан астам сүт өңдеу цехтарына мұнай өнімдерін бөлу арқылы  келісімге отырып, елге оралғанымыз сол, бір айдан кейін Израильден бір бригада мамандары келіп жобаларын есептеп, барлық қажетті құрал жабдықтарын алдырып, келесі көктемде республикада бірінші болып, тамшылатып суару технологиясы Қайып басқарған ауылда жақсы жаңалық болған еді.
Ауылдың ынталы жастарын келген мамандардың қасына қосып, үйретіп, өзі бақылап, нәтижесінде жүзімнің 3-4 түрі жаңаланып, өнімділігі еселеп артып, ауылдағы қолы бос жастарды, қыз-келіншектерді жүзім жинауға жұмылдырып, тәулігіне 12-15 тонна өнімі теріліп, Қайып ағамыз оны қайда сидырарын білмей, өзінің Оңтүстік Қазақстандағы жүзіммен айналысқан әріптестеріне, базарларға жөнелтіп, Басхожаевтың аты шыға бастады.
Сол кезде облыстық атқару ко­митетінің басшысы В.Брынкиннің кө­­мегімен Днепропетровскіден 50 тон­налық таттанбайтын жүзім шырын­ын сақтайтын бірнеше ыдыс алдырды. Қолындағы ыдыстарға 500 тоннадан астам шарап шикізатын дайындап, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыс­тарындағы винцехтарға жіберіп, ау­ылының экономикасының көтерілуіне Қайып ағаның сіңірген еңбегі бір төбе болды.
«Мың қосшыға бір басшы» – деген осы. Туған ауылының еңсесін көтеріп, маңдай терін төгіп, аянбай еңбек еткен, жерлестерінің ыстық ықыласы­на бөленген, шаруашылық басқару үлгісін көрсеткен, ары да қолы да таза азаматтың еңбегі қандайда болса марапатқа лайық, әрі Басхожаев Қайып ағамызға құрметіміз бөлек!
Ибрагим Әбибуллаев,
Жаңақорған ауданының
Құрметті азаматы
24 сәуір 2022 ж. 404 0