№34 (8745) 30

30 сәуір 2024 ж.

№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Аллергия: маусымдық ауру әлегі

Аллергия: маусымдық ауру әлегі


Бүгінде екінің бірі аллергендік аурудың азабын тартып, одан құтылудың амалымен бас қатырып жүргенін жиі байқаймыз. Содан ба, аудандық орталық ауруханада аллергиялық шағымдармен қаралатындардың қарасы көп. Тіпті қолына қос баладан жетектеген ата-анамен де жиі ұшырасасыз. Осыдан аллергияның ауданда өршіп тұрғанын түсіндік.


Аллергия – «ХХІ ғасырдың дерті» деген атқа ие болған. Бұлай ата­луына себеп те жоқ емес. Өйткені бүгінде Қазақстанда осы сырқатқа шалдыққандар көп. Мәліметтерге сүй­енсек, қазір көптеген мемлекетте әр үшінші не төртінші адам осы аурудан зардап шегуде. Осыған байланысты Еуропа ғалымдары аллергияны жұқпалы індет ретінде таралып жатыр деп жорамалдауда. Бұл аурудың адамдар арасында тарағанына біраз уақыт өткенімен, медицина әлі одан толықтай айығу жолдарын таппаған.
Аллергия – адам организмінің белгілі бір антигенге кері реакциясы. Яғни, адамның өсімдікке немесе жануарға, шаң мен тозаңға т.б. заттарға жоғары сезімталдығынан туындайтын ауру түрі. Аллергия көп жағдайда жүре пайда болады. Ол кез-келген жаста туындауы мүмкін.
– Бүгінде ересектермен қатар бала­лар арасында да аллергия асқынып тұр. Негізінен, сырқат балаға анадан берілмейді. Тек ата-анасы, туысқандары қандай аллергиямен ауырса, соған бейім болып келеді. Сондықтан ата-ана баланың белгілі бір затқа немесе жеміске аллергиясы болса, сол тағамды тыюы керек. Аллергияның ең бірінші емі – диета. Әсіресе, аллергияны шақыратын цитрусты жемістерден аулақ болған жөн, – дейді дейді аудандық орталық аурухананың жалпы тәжірибелік дәрі­герлер бөлімінің меңгерушісі Татьяна Акулова.
Жалпы, аллергияның түрі өте көп. Қазіргі уақытта оның 60-тан астам түрі кездеседі. Соның ішінде ең көп кездесетін түрі – шаң-тозаңнан болатын аллергия. Яғни, «Полиноз». Бүгінгі таңда поллинозбен екінің бірі ауырады. Әсіресе, көктем айларында жер көгеріп, шаң көтерілгенде ауру қозып, өршіп кетеді. Ал, оның ең жақсы емі – аллергияның себебін анықтау.
– Аллергияның неден туындағанын анықтау үшін екі әдіс пайдаланылады. Бірінші, терінің астына сынама жасау арқылы. Бұл – ең сенімді әдіс. Бірақ, жыл бойы аллергиядан зардап шегетіндерге бұл сынақты жасай алмаймыз. Ал, екіншісі – аурудан қан сараптамасын алу. Сол арқылы «IgЕ-антителаны» яғни, себебін анықтаймыз, – дейді Татьяна Валериқызы.
Мәселен, көктемде көп адамдардың терісі қышып, қызарып, бөртіп жатады. Бұл – поллиноздың бір түрі. Ол теріге қонып, қышытып, бөртіп жібереді. Айта кетейік, аллергия өсімдік және тағамдық болып бөлінеді.
Ескеретіні, егер адам аллергияны уақытында емдемей, немқұрайлылық танытатын болса оның соңы аллергиялық астмаға соқтыруы мүмкін.
– Бұл ауруды емдегенде алдымен аллергия беретін заттар мен фак­торларды жою керек. Одан кейін дертті аллергендермен емдейміз. Мұн­­дай ем түрі аллергияның имму­ноте­рапиясы деп аталады. Кез-келген адам аллергиямен ауырмай тұрып алдын алу үшін осы емді қабылдаса болады. Негізі, аллергия асқынғанда емдейтін дәрі түрі көп. Бірақ ең жиі қолданылатынына артигистаминдік топ­тағы тавегил, супрастин, фенистил т.б. жатады. Дегенмен кез-келген дәріні дәрігердің қарауында болғаннан кейін ғана рұқсатпен қабылдау керек, – дейді дәрігер.
Сондай-ақ, тыныс алу жолдарында аллергия пайда болғанда, мәселен, түшкіру, көз қышу, мұрыннан су ағу се­кілді белгілерінде үшінші топтық анти­гистаминдік дәрілер пайдаланылады. Оларға цетиризин, лоратадин секілді дәрілер жатады. Аллергияның бұл түрі маусымдық жағдайда ғана болып, аяқ астынын өздігінен басылады.
– Кейде тұрғындар аллергияны тұмау деп ойлап өз бетінше ем қабылдап жатады. Бұл үлкен қателік. Негізі, бастапқыда екеуінің көріністері бірдей болады. Бірақ тұмауда адамның ыстығы көтеріледі. Мысалы, демікпелі астмамен тіркелген науқастар міндетті түрде жылына екі рет ауруханадан ем алып, облыстан аллерголог, пульманологтың кеңесінен өтеді. Бұл науқастарға дәрі-дәрмегі тегін босатылады. Дегенмен, маусымдық аллергия шағымымен түсе­тіндер көп. Оларды дәрігерлік есепке алмаймыз. Бірақ облысқа жолдамамен тегін дәрігер кеңесін алуға жіберіп, содан кейін ем дайындаймыз, – дейді аудандық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Айғаным Тұрсынханова.

P.S.: Жалпы, аллергия атаулыны дер кезінде емдемесе арты демікпелі астма мен «Анафилактикалық шок» секілді ауыр аллергия түріне ұласуы мүмкін. Сондықтан мұрын бітіп, түш­кірген жағдайда дәрігер қаралуынан дер кезінде өткен абзал. Өйткені, ХХІ ғасырдың дерті атауын иеленген бұл ауру бүгінде жан-жағына жайылып, жас талғамай таралуда.

Айсұлу АЛДАНАЗАР


13 сәуір 2022 ж. 275 0