Соңғы жаңалықтар

Көк жөтел ауруы жайлы.

26 сәуір 2024 ж. 81

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

№30 (8741) 16

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » АЛЛЕРГИЯ: маусымдық ауру әлегі

АЛЛЕРГИЯ: маусымдық ауру әлегі


Бүгінде екінің бірі аллергендік аурудың азабын тартып, одан құтылудың амалымен бас қатырып жүргенін жиі байқаймыз. Содан ба, аудандық орталық ауруханаға облыстан аллерголог-дәрігердің келгенін естісе ұзын-сонар кезек болады. Біз де кезекке тұрдық. Дәрігерге көріну үшін емес, сұхбаттасып, аллергендік аурудың қыр-сырын білу мақсатында. Тіпті, кезекке келушілер қатарында қолына қос баладан жетектеген ата-ананың қарасы қалың. Осыдан-ақ аллергияның ауданда өршіп тұрғанын түсіндік.
Аллергия – «ХХІ ғасырдың дерті» деген атқа ие болған. Бұлай аталуына себеп те жоқ емес. Өйткені, бүгінде Қазақстанда осы сырқатқа шалдыққандар көп. Мәліметтерге сүйенсек, қазір көптеген мемлекетте әр үшінші не төртінші адам осы аурудан зардап шегуде. Осыған байланысты Еуропа ғалымдары аллергияны жұқпалы індет ретінде таралып жатыр деп жорамалдауда. Бұл аурудың адамдар арасында тарағанына біраз уақыт өткенімен, медицина әлі одан толықтай айығу жолдарын таппаған.
Аллергия – адам организмінің белгілі бір антигенге кері реакциясы. Яғни, адамның өсімдікке немесе жануарға, шаң мен тозаңға т.б. заттарға жоғары сезімталдығынан туындайтын ауру түрі. Аллергия көп жағдайда жүре пайда болады. Ол кез-келген жаста туындауы мүмкін.
– Бүгінде балалар арасында да аллергия діттеп тұр. Облыста балалардың 70 пайызға жуығы аллергиямен дәрігер көмегіне жүгінеді. Негізінен, сырқат балаға анадан берілмейді. Тек ата-анасы, туысқандары қандай аллергиямен ауырса, соған бейім болып келеді. Сондықтан, ата-ана баланың белгілі бір затқа немесе жеміске аллергиясы болса, сол тағамды тыйюы керек. Аллергияның ең бірінші емі – диета. Әсіресе, аллергияны шақыратын цитрусты жемістерден аулақ болған жөн, – дейді облыстық балалар ауруханасының аллерголог-дәрігері Шолпан Мәлікқызы.
Аллергологтың айтуынша, халықтың көбі маусымдық аллергияның әлегіне түсуде. Бұған экологияның ластануы да себеп болуда. Қазір осы індетке байланысты көп тұрғындар қоныс аударып жатыр. Өйткені, салқын әрі таулы өңірлерге қоныс аударғандардың аллергиядан айыққандары да бар. Ал, заттық аллергияға тағам, дәрі, шаң-тозаң т.б. жатады. Күннен, суықтан, иістен, стресстен туындаған аллергия факторлы аллергияға жатады.
Жалпы, аллергияның түрі өте көп. Қазіргі уақытта оның 60-тан астам түрі кездеседі. Соның ішінде ең көп кездесетін түрі – шаң-тозаңнан болатын аллергия. Яғни, «Поллиноз». Бүгінгі таңда поллинозбен екінің бірі ауырады. Әсіресе, көктем айларында жер көгеріп, шаң көтерілгенде ауру қозып, өршіп кетеді. Ал, оның ең жақсы емі – аллергияның себебін анықтау.
– Аллергияның неден туындағанын анықтау үшін екі әдіс пайдаланылады. Бірінші, терінің астына сынама жасау арқылы. Бұл – ең сенімді әдіс. Бірақ, жыл бойы аллергиядан зардап шегетіндерге бұл сынақты жасай алмаймыз. Ал, екіншісі – аурудан қан сараптамасын алу. Сол арқылы «IgЕ-антителаны» яғни, себебін анықтаймыз, – дейді аудандық орталық аурухананың жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімінің меңгерушісі Татьяна Акулова.
Дәрігердің сөзінше, аллергиямен күресудің басты жолы – диета ұстау. Сары, қызыл түсті жемістер аллергияны қоздырушы болып табылады. Сондықтан, аллергияға бейім адамдар қызыл алма, лимон, банан сияқты өнімдерден өздерін тыйғаны абзал. Мәселен, көктемде көп адамдардың терісі қышып, қызарып, бөртіп жатады. Бұл да поллиноздың бір түрі. Ол теріге қонып, қышытып, бөртіп жібереді. Айта кететіні, аллергия өсімдік және тағамдық болып бөлінеді. Ескеретіні, егер адам аллергияны уақытында емдемей, немқұрайлылық танытатын болса оның соңы аллергиялық астмаға соқтыруы мүмкін.
– Бұл ауруды емдегенде алдымен аллергия беретін заттар мен факторларды жою керек. Одан кейін дертті аллергендермен емдейміз. Мұндай ем түрі аллергияның иммунотерапиясы деп аталады. Кез-келген адам аллергиямен ауырмай тұрып алдын алу үшін осы емді қабылдаса болады. Негізі, аллергия асқынғанда емдейтін дәрі түрі көп. Бірақ, ең жиі қолданылатынына артигистаминдік топтағы тавегил, супрастин, фенистил т.б. жатады, – дейді Т.Акулова.
Сондай-ақ, тыныс алу жолдарында аллергия пайда болғанда, мәселен, түшкіру, көз қышу, мұрыннан су ағу секілді белгілерінде үшінші топтық антигистаминдік дәрілер пайдаланылады. Оларға цетиризин, лоратадин секілді т.б. дәрілер жатады. Аллергияның бұл түрі маусымдық жағдайда ғана болып, аяқ астынын өздігінен басылады.
– Кейде тұрғындар аллергияны тұмау деп ойлап өз бетінше ем қабылдап жатады. Бұл үлкен қателік. Негізі, бастапқыда екеуінің көріністері бірдей болады. Бірақ тұмауда адамның ыстығы көтеріледі. Мен қарайтын №3 аймақта демікпелі астмамен тіркелген 6 науқас бар. Олар міндетті түрде жылына екі рет ауруханадан ем алып, облыстан аллергологтың кеңесінен өтеді. Бұл науқастарға дәрі-дәрмегі тегін босатылады. Дегенмен, маусымдық аллергия шағымымен түсетіндер көп. Оларды дәрігерлік есепке алмаймыз. Бірақ облысқа жолдамамен тегін дәрігер кеңесін алуға жіберіп, содан кейін ем дайындаймыз, – дейді аудандық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Жансая Искакова.
Жалпы, аллергия атаулыны дер кезінде емдемесе арты демікпелі астма мен «Анафилактикалық шок» секілді ауыр аллергия түріне ұласуы мүмкін. Сондықтан, мұрын бітіп, түшкірген жағдайда дәрігер қаралуынан дер кезінде өткен абзал. Өйткені, ХХІ ғасырдың дерті атауын иеленген бұл ауру бүгінде жан-жағына жайылып, жас талғамай таралуда.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
21 сәуір 2018 ж. 2 406 0