№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

№30 (8741) 16

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » АЛЛЕРГИЯ ӘЛЕГІ

АЛЛЕРГИЯ ӘЛЕГІ


Аллергия – жаһан тұрғындарын мазалайтын негізгі ауруға айналды. Дерек көздеріне қарағанда, жер шарында 2 млн. астам адам аллергиядан зардап шегеді. Біздің ауданды да бұл ауру айналып өткен жоқ. Оны дәрігерлердің алдындағы ұзын-сонар кезек пен дәріханаларда аллергияға қарсы дәрілерге сұраныс көбейгенінен білдік.


Дәрігерлердің сөзінше, стресс, эко­логиялық ахуал және дұрыс тамақтанбау дерттің пайда болуына жағдай туғызады, сондай-ақ шаң-тозаң, өсімдіктер, дәрі-дәрмектер, түрлі бояғыштар және т.б заттар ауруды қоздырады. Яғни аллергия ағзаның бөгде затқа сезімталдығының әсерінен туындайды.
Осы орайда, аудандық аурухана тері-жіңішке аурулар бөлімінің дәрігер-субординаторы Мақсат Рашидиновтың ойын білдік.
– Статистика бойынша әрбір үшінші адам осы аурудан зардап шегеді. Жаз мезгілінде күніне 5-6 науқас шағым айтып келеді. Жаз айларында өршитін себебі де бар. Бұл ауру көктемнен күзге дейін өсетін түрлі шөптердің әсерінен болатындықтан, медицинада «маусымдық поллиноз» деп аталады. Алғашқы белгілері науқастың көзі, мұрны және денесі қышып, қып-қызыл болып қызарады. Мұрнынан су ағып, көп түшкіреді. Аяқ асты жөтел пайда болып, терісі бөртеді. Алдын алып емделмеген жағдайда тыныс алуы нашарлап, өкпесі тарылады, денесі ісініп, тамағы тітіркенеді, тіпті аллергиядан естен тануы да мүмкін, – дейді дәрігер.
Оның сөзінше, аллергияның пайда болуына екі фактор әсер етеді. Біріншісі, егер ата-анасының бірі аллергиялық аурудың түрімен ауырған болса, балаға да беріледі. Баланың әкесі аллергиялық аурумен ауырса берілу жолы 80 процент, ал анасы ауырған болса берілу ықтималдылығы 50 процент болады. Екіншісі, жүре пайда болатын аллергия. Ол өсімдіктердің тозаңы мен қоршаған ортаның шаң-тозаңы әсерінен болады. Қазір жаз мезгілі болғандықтан осы түрі өршіп тұр.
Қорғану жолы қандай? Қандай емдік шараларды қолданған тиімді? Соған тоқсалсақ. Аллергияның емдік жолы – науқас өсімдік гүлдеген кезде тыныс жолдарына дәке, маска байлап, көзіне қорғаныш көзілдірік кию қажет. Яғни тозаң түсірмеуге мән бергені абзал.
Әріптесім Әбдісамат Әбдіштің «Face­book» әлеуметтік желісінде жариялаған «Аллергияға жол жоқ!» деген хабар­ламасы еріксіз есіме түсті. Ол: «Аллергияға жол жоқ! Биліктен аллергияға қарсы күрес департаментін ашуды талап етемін! Өйткені, аллергия – сыбайлас жемқорлықтың бір түрі. Қанша ақша құйсаң да нәтиже жоқ. Ұсталмайды, то есть жазылмайды. Сыбайлас жемқорлық жазылмайтын қоғамның дерті болса, аллергия жазылмайтын адамның дертіне айналды. Екінің бірі аллергия», – дейді.
Журналистің айтқаны орынды. Респу­бликалық аллергология орталы­ғының мәліметінше, Қазақстан халқының 30 пайызы аллергиямен ауырады. Олардың басым көпшілігі – жасөспірімдер мен жастар.
Жаңақорған кентінің тұрғыны Жанар Асанқызын да аллергия мазалайды.
– Былтыр шілденің ортасында кенеттен көзім жасаурап, түшкіріп-пысқырып, ма­зам кетті. Демалуым қиындады. Қара күзге дейін жалғасты. Содан дәрігерге бардым. Емделдім. Биыл осы ауру қайта қайталанды. Облыс орталығына барып дәрігерге көріндім. Дәрігер «маусымдық поллиноз» деген диагноз қойды. Енді мұрныма арнайы дәрі тамызып жүрмін, – дейді кент тұрғыны.
Бал арасымен ауруларды емдейтін омарташы Омар Изатов:
– Жаз мезгілі мен күз айларында да көп адам аллергиядан зардап шегеді. Халықтық емдеу жолдары арқылы аллергиядан құтылуға мүмкіндік бар. Ара ұясындағы балдың бетін жауып тұратын жұқа қабаты болады. Оны сағыз сияқты шайнап, жеп отыру керек. Сонда аллергия басылады. Халық емінде аллергияны емдеуде түрлі дәрілік өсімдіктер де бар. Мысалы, балдыршөп, тасдәрі (мумие), бақ-бақ шырыны, итошаған, иттікенді қайнату арқылы аллергиядан құтылуға болады,– деді.
Аллергия жас талғамайтын ауру десек, соңғы жылдардың тағы бір жаңалығы іш құрылыстарына да әсер ете бастады. Әлемдік деңгейдегі мәселеге айналған аллергияны қыста емдеген жөн. Егер дұрыс анықтамай, уақыт созып, жүріп алса, науқастың аллергиясы астмаға да айналып кетеді. Аурудың бұл түрінен толықтай емделу үшін кемінде 3 жылдай уақыт кетеді.
«Маусымдық поллинозды» тудыратын түрлі шөптерден бөлек дүкен сөрелерінде самсап тұрған көптеген тағамдар да аллергияны қоздырады. Оған тыңайт­қыштардың күшімен ерте пісетін бақша дақылдары мен жеміс-жидекті қосыңыз. Әсіресе цитрусты жемістер, теңіз өнімдері және шоколад, кофе, какао, қант та ауруды қоздырады. Бір сөзбен айтқанда, аллергия әлегінен қорғану адамзаттың басты мәселесіне айналып келеді.

Лаура БИБАСАРОВА
20 шілде 2019 ж. 1 156 0