Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Құндылықтарымыз қадірсіз қалмаса екен...

Құндылықтарымыз қадірсіз қалмаса екен...


Жер дүниені жаратқан Жаратушының құдіретіне таң қаламын! Айналамызға зер салып қарасақ жер бетінде қаншама халық бар.  Әрқайсысының өзіне тән ұлттық құндылықтары мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, тілі, діні бір-біріне ұқсамайды. Оның ішінде қазақ халқының өзіне тән белгісі, нышаны, сырлы оюымен, қара домбырасын және желбіреген көк байрағы көз алдымызға келері анық. Өйткені, өзге мемлекеттер қазақ елін осы оюымен, қара домбырасымен және оюлы көк туымен таниды. Тіпті, ел аузында жүрген әрбір мақал-мәтелдің немесе тыйымның өз тәрбиелік мән-мағынасы бар. Бірақ, қазіргі жаһандану заманында бұл құндылықтар өз бағасын жоғалтып, өткеннің еншісінде қалып бара жатқандай.

Естеріңізде ме, бала күнімізде ұлдар топ-топ болып жиналып, бір-бірімен асық атысып ойнап жататын. Дастарқанға қойылған табақтан асты емес, асықты аңдып, «маған беріңізші», «маған беріңізші» деп таласып жататын.  Тіпті, кез келген үйде қалта-қалта асық болатын. Ал, қазір ше? Ілуде біреу болмаса, асық жинайтын баланы көрмейміз. Негізі қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі – ол асық ойыны. Асық ойнау баланың ойлау қабілетін дамытады, адамдармен тез тіл табыса білуге үйретеді, денені шынықтырады, қан айналымы мен тыныс алу мүшелерінің жұмысын жақсартады, баланың көзі қашықтықтан көруге дағдыланады, мергендікке үйренеді. Асық әрбір баланың ермегі, сүйікті ойыны болған. Жалпы асық ойыны – тек көңіл көтеру, құмарлық ойыны ғана емес, бейне бір шахмат ойыны секілді стратегиялық ойын. Бұл ойын ата-бабамыздың азаттық жолындағы ішкі-сыртқы қорғаныс мәселесін терең зерттеуден туса керек. Асық ойындары – елдің ішкі кемелін, хан мен халық арасындағы ынтымақты бейнелейтін ертеден мұра болып жеткен ойын түріндегі ұлт бірлігінің көрінісі іспетті. Осының барлығын ата-бабаларымыз  жақсы білгендіктен, ұл баланы осы ойынға баулып, қызығушылын арттырған. Расында, халқымыз асықты қастереген. Мысалы, қазақта «асығың алшысынан түссін» деген ізгі тілек бар. Асық ойынында кімнің сақасы алшысынан түссе, сол бірінші атады. Яғни, асықтың алшы түсуі оның иесін басымдыққа жеткізеді. Сәті түсіп, жолы болып тұрғандығын білдіреді.
Ал қазақтың ұлттық бұйымы – бесіктің пайдасын дәлелдеп жатудың өзі артық. Ол сәбидің қаз басып кеткенше бөленетін ағаш төсегі. Үлкендер бесікті баласы өсіп кетсе де бағасын кемітпей биікке қойған. Ата-бабадан қалған жәдігер ретінде көздің қарашығындай сақтаған. Біздің үйде әкем жатқан бесік бар. Ол біздің отбасы үшін ең құнды дүние. Нәрестені бесікке салудың өзі – бір дәстүр. Ағайын-туыс жиналып, салтымен баланы бесіккее бөлеп, көпті көрген үлкен әжеміз бесік жырымен тербетеді. Мұны бір жағынан жас келіндерге сабақ болсын дейді. Айта кетерлігі, баланы бесікке салу, бесік жырын айту тасада қалып барады.
Сонымен қатар, кішкентай нәрестелерге арнап жасалатын салттардың бірі бесік жыры. Сенесіздер ме, бесік жырын айтып, баланы тербетіп отырған ананы көрмейтін болдық. Ұялы телефоннан даңғырлаған әуенді дауысын қатты шығарып, бесіктің бас жағына қойып қояды. Біптті, онда қандай сөздер айтылып жатыр, қазақша ма, ағылшын тілінде ме бәрібір. Бастысы бала тыныш, ұйықтаса болды. Алайда, әже мен ананың әлдиі сәбидің алғашқы өнер мектебі екені баршаға белгілі. Ана тілінің өлшеусіз құдіреті бесік жыры арқылы бала санасына сіңеді емес пе? Үлкендердің айтуынша, бесік жыры – сәби бойына мейірімділік, қайырымдылық, ата-анаға деген махаббат сияқты ізгі сезімдерді дарытады, бала ана тілінің нәрін ұғынып, мағыналы, мәнерлеп сөйлеуге үйренеді. Сондай-ақ, баланың болашағына ең үлкен әсер ететін ырымның бірі ауызға түкіру. Аты аңызға айналған, ел таныған ақындар мен жазушылар, дуалы ауыз шешендер мен елге сыйлы ақсақалдарға сәбидің аузына түкіртіп алу бабадан қалған игі дәстүр. Мысалы, белгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың аузына ақын Мағжан Жұмабаев, атақты заңгер Еркін Баймурзиннің аузына нағашысы, қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов түкірген деседі. Үлкеннің ықыласына бөленген сәби сондай биік адамдардың тәрбиесінде болып, өзі де ат ұстар азамат атанса бір ғанибет емес пе?!
Осындай салт-дәстүрлеріміздің негізінде сәби өсіп, жетіліп, текті адамдардың бойындағы қасиеті балаға қонады деп ырымдайды. Алайда жаһандық дәуірде жас ұрпақ ақпарат айдынымен бетпе-бет келіп, батыстық жүйенің кейбір дағдыларын бойына сіңіріп, ұлттық құндылықұтарымыз іштей тасада қалып, руханиятымыздың тамырына  балта шабылып жатқаны жанға батады.
 
Осындай ойларды қорытындылай келе, бүгінгі таңда ұлтымыздың рухани байлықтарын көзіміздің қарашығындай сақтап, келешекке жеткіземіз деген мақсатпен ел болып бірлесе жұмыстар жүргізілуі керек деп есептеймін. Тіліміз бен дінімізді кіршіксіз таза күйінде болашаққа жеткізу біздің міндетіміз. Сонда ғана ұлы армандарымыз орындалады деп ойлаймын.
Гүлжан Сыбаева,
Жаңақорған аграрлы-техникалық колледж
оқытушысы
07 наурыз 2023 ж. 233 0