№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Елдіктің көрінісін маңдайшасынан танисың

Елдіктің көрінісін маңдайшасынан танисың


Жуырда кент тұрғыны бір ақсақал редакцияға телефон шалып, өзін қынжылтқан бір мәселені айтты. Оның мәнісі мынау екен. Жақында қалада тұратын ағайын тойға шақырыпты, шақыру қағазында той өтетін мейрамхананың атауы шетелше жазылған екен. Әрпіне түсінбей, айран-асыр, осы күні кафе, мейрамханалар мен сауда орындарына шетелдік атаулар жөнсіз, ретсіз қойыла береді, ол аз болғандай бөтен әріппен бұлаңдатып, басымызды қатырып қояды. Осыны бір жөнге келтіруге болмай ма? – дейді.


Қазіргі кезде көрнекі ақ­парат, жарнама атауларының жазылуында көптеген көз сү­ріндірер кемшіліктерді бай­қаймыз. Мұны тілге менсін­беушілік танытудың белгісі, тіпті мемлекеттік «Тіл туралы» заңды өрескел бұзу деп түсіну қажет. Бұдан өзіміздің тілге деген немқұрайлылықты байқауға бо­лады. Рас, бұл жөнінде тіл бас­қар­малары, ономастикалық ко­митет біраз жұмыстар атқаруда. Соған қарамастан ономастика кеңістігінде жаңа атаулардың күрделі мәселелері күн санап өсуде. Ол қатарға жеке кә­сіпкерлік нысан атаулары мен көше бойында ілініп тұрған билбордтардағы қателіктерді жатқызуға болады. Сондықтан тауарлық белгілер, яғни азық-түлік, өзге де тұтыну өнімдерінің атаулары зерттеліп, жүйеленіп, бір ғана елдік, ұлттық талаптарға сай жүргізілсе дейсің. Алайда бұл мәселелер жүйелі шешімін тапқан жоқ. Қай қаланы, ауданды, ауыл-аймақты алсақ та оның кез келген көшесіндегі кәсіпкерлік нысан атаулары мен жарнамалар өрескел қателерге толы. Өйткені оны жүйелеп, ретке келтіретін заң­нама талаптары нақты көрсе­тілгенімен кәсіп иелері әлсіз болып отыр.
Осы ретте көрнекі ақпарат мәтіндеріне рейд жүргізіп оты­ратын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімнің жетекші маманы Маржан Шын­баеваны сөзге тарттық.

– Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспарына сәйкес аудандағы кәсіпкерлік нысандардағы жарнамалар мен көрнекі ақпараттардың Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңына сәйкес орналасуы мен жазылуына байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Рейд барысында кәсіпкерлердің көбі дерлік маңдайша жазуларына аса көңіл аудармайтындықтары, мән бермейтіндіктері белгілі болса, енді біразы заңнан хабарсыз екендіктерін жеткізді. Әлі бекітілмеген латын қарпінде маңдайшаларын іліп, мемлекеттік тілде емес орыс немесе ағылшын тілінде жазып орналастыру кең етек жайған, – дейді ол.

Маманның сөзінше, жарнама жазуда қазақ тілінің екінші қатарға ысырылып қалуы жиі кездеседі. Осы тұста заң талап­тарына қайшы жазылған атау­лар мен маңдайша жазуда салғырттық танытып отырған нысан иелеріне аталған олқы­лықтардың орнын толтыруға кеңес беріледі. Егер көрнекі ақпараттарды жазуда, орна­лас­тыруда қандай да бір түсінбеушілік немесе сұрақтар болса тікелей жауапты ма­мандардан көмек алуға да мүмкіндіктер қарастырылғанын, осы мақсатта аудандық мәде­ниет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен тұ­рақты түрде рейд жұмыстары ұйымдастырылып тұратынын тілге тиек етті. Соңғы уақытта ғана тіл тазалығына бей-жай қарай алмай хабарласып, жарна­малардың жазылу ретті­лігін сұрайтын, заңмен сана­сатын кәсіп иелерінің көбейіп жатқанын айтты. Тіпті жыл басында көрнекі ақпарат мәті­нінің заңдық нормаларға сай жазылуы керектігі жөнінде ес­керту берілген нысандардың біршамасы бүгінде түзелгенін естіп, қуанған жайымыз бар. Бұдан кент көркін келтіріп, тұрғындарына күндіз-түні қызмет ететін мұндай ғимараттардағы көрнекі атаулардың халықтың ұлттық санасын қалыптастыруға рухани күш-қуат беретінін байқауға болады.
Ал редакциямызға хабар­ласқан ақсақалдың айтқан мә­селесіне оралсақ, ащы да бол­са шындық екенін мойындауға тура келеді. Қазақша атауларды менсінбей ме, әлде шетелдік атаулар көздеріне әдемі көріне ме, мейрамхана демалыс орын­дарының қожайындары неге осыған әуес? Шетелдік атау­лардың көптеп қойылуына бай­ланысты «Қазақ тілі» қоға­мы­ның аудандағы қызметкерлері тиісті міндетін атқарып жүр ме? деген заңды сауал туындайды.
Өз жерімізде, тәуелсіз елімізде ана тіліміздің, ұлт­тық құндылықтарымыздың қадір-қа­сиетін әлі де болса толық сезінбей, басқалардың мерейін үстем етуімізді қояр емеспіз. Осы жерде кәсіпкер бауырларымыз­да ұлттық намыстың басым бо­луы керек-ақ. Қарап отырсаңыз, біздің кент орталығында да түрлі шетелдік атауға ие болған кәсіп орындары жетерлік. Әлгі ғимарат иелерінің бәрі мықты азаматтар. Білімді де білікті, іскер, мәдениетті, әңгімелесе қалсаң, сөзі биік, жақсы баста­маны қолдайды. Яғни «Қазақ тілі қоғамы бірлестігі» осы жайт­тарды қадағалап отырса, мұндай қателікке жол берілмес еді.
Шындығы сол, шетелдік атау­ларды қазіргі таңда Қазақ­станның кез келген қаласынан кездестіруге болады. Бұған рұқсат беруді тоқтату керек. Осындай қарқынмен кете бе­ретін болса, шетелдік атау­лар мемлекеттік тілімізге қау­іп төндіріп, санамыздан ұлт­тық сезімді, бойымыздағы қаза­қы рухты ығыстырып шыға­руы әбден мүмкін. Ұлттық тіліміздің баяндылығы барша­мыздың мемлекеттік тілді мой­ындауымыздан, құрмет­теу­іміз­ден тұрады. Сондықтан кө­шеде орналасқан әр қазақша атауға ие болған нысан қазақ тілінің байлығын, бейнелілігін, мәртебесін насихаттайтын құ­ралға айналуы тиіс.

Лаура БИБАСАРОВА
18 наурыз 2022 ж. 428 0